Мұғалім пікірі – білім саясатының ең сенімді бағдары
Қазақстанның білім беру жүйесі соңғы жылдары маңызды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Білім мазмұны жаңарды, бағалау жүйелері жетілдірілді, цифрлық технологиялар кеңінен енгізілді. Бүгінде жасанды интеллект те білім беру кеңістігінің ажырамас бөлігіне айнала бастады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы мамыр айында «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

білім саласының маманы
Жарлықта жасанды интеллект технологияларын орта білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап, 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірлеу, мектептердің цифрлық инфрақұрылымын нығайту, педагогтерді даярлау, білім алушылардың дербес деректерін қорғау және жасанды интеллектіні қолдану стандарттарын енгізу міндеттері қойылды. Сонымен қатар құжатта жасанды интеллект мұғалімді алмастыратын құрал емес, педагогтің кәсіби қызметін күшейтетін және оқытуды жекелендіруге мүмкіндік беретін қосымша ресурс ретінде қарастырылған.
Бұл технологиялық жаңашылдық емес, адами капиталдың сапасын арттыруға, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқартуға, әрбір оқушының білім алу траекториясын жекелендіруге және қазақстандық білім беру жүйесінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған стратегиялық шешім. Мемлекет басшысының осы тапсырмаларын іске асыру бойынша нақты жұмыстар басталып кетті. Үкімет деңгейінде кешенді жоспар әзірленуде, мектептердің дайындығы бағалануда, педагогтердің жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамыту бағытындағы жұмыстар қолға алынуда.
Бұны айқындай түсетін маңызды құжат – күні кеше Мемлекет басшысы қол қойған «Ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай ендірудің 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы» Жарлығы. Мұның өзі Президентіміздің атаулы бағытқа стратегиялық зор мән беретінін білдіреді.
Осы орайда бұл үдерістен білім саласының зерттеушілері мен кәсіби сарапшылары да шет қалған жоқпыз. Біз жүргізген 7223 педагогтің қатысуымен бірегей зерттеу қазақстандық мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігіне мұғалімдердің көзімен қарауға мүмкіндік берді. Бұл зерттеудің басты ерекшелігі оның кезекті академиялық жоба ретінде емес, қазіргі қазақстандық мектептің шынайы ахуалын зерделеп, педагогтердің қандай өзгерістерді қажет ететінін анықтауға бағытталған бастама ретінде жүзеге асырылуында. Зерттеудің маңызын арттырған тағы бір фактор – жүргізілген талдау жұмысының сапасы. Нәтижелерді сараптауға өзім бастамашылық жасап, білім беру саласындағы зерттеушілер мен сарапшылардан құралған команда жұмылдырылды. Олардың қатарында білім беру аналитикасы бойынша тәжірибелі мамандар, ғалымдар мен докторанттар болды. Атап айтсам, Мәдина Тыныбаева, Мұхит Баймағанбетов, Ақтілек Ерғали, Аида Ахметжанова, Сәния Жұмажанова. Зерттеу нәтижелеріндегі ауқымды деректер қоры жинақталып қана қоймай, сандық көрсеткіштердің астарындағы қазақстандық мектептерде жүріп жатқан нақты үдерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Атаулы зерттеу өзінің мазмұны мен әдіснамалық ұстанымдары жағынан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) жүзеге асыратын халықаралық TALIS зерттеуіне ұқсас. TALIS-тің басты ерекшелігі – мұғалімдердің кәсіби тәжірибесін, жұмыс жағдайын және оқыту тәжірибесін олардың өз пікірлері арқылы зерттеу. Біз де дәл осы қағидатты негізге алдық.
Зерттеудің басты мақсаты рейтинг жасау немесе мұғалімдерді бағалау болған жоқ. Негізгі мақсатымыз – мұғалімдердің өз аузынан айтқан пікірлері мен ұсыныстарын саясаткерлерге, білім басқармаларына, мектеп әкімшіліктеріне жеткізу және мұғалімдердің кәсіби дамуы арқылы оқушылардың білім сапасын арттыруға бағытталған тұрақты әрі пайдалы құрал қалыптастыру болды.
«Заманына қарай амалы» дейді қазақ. Қазақстан мектептері де дәл осындай жаңа кезеңнің табалдырығын аттады. Біздің зерттеу көрсеткендей, жасанды интеллект енді болашақтың технологиясы емес, бүгінгі мектептің шынайылығы. Қазақстандық мұғалім қатысқан зерттеу нәтижелері педагогтердің жартысына жуығы (47,9%) сабаққа дайындық барысында жасанды интеллект құралдарын тұрақты қолданатынын көрсетті. Бұл көрсеткіштің әріптестермен кәсіби қарым-қатынас деңгейімен шамалас болуы көп нәрсені аңғартады. Бұрын мұғалім идеяны адамнан іздесе, бүгінде оны алгоритмнен де таба алады.
Алайда мәселе тек технологияны қолдануда емес. Ең маңыздысы – мұғалімдердің оған деген көзқарасының өзгеруі. Егер бастапқы кезеңде жасанды интеллект уақыт үнемдейтін құрал ретінде қабылданса, бүгінде ол педагогикалық серіктеске айнала бастады. Зерттеу барысында әрбір үшінші мұғалім сабақ құрылымын әзірлеуде ЖИ ұсынған идеяларды пайдаланатынын айтты. Педагогтердің басым бөлігі оның тапсырмаларды оқушы деңгейіне бейімдеуге, сабақ сапасын жақсартуға және оқу мақсаттарына тиімді жетуге көмектесетінін атап өтті. Бұл Президент Жарлығында көрсетілген «дербес оқыту тетіктерін дамыту» бағытының мектеп тәжірибесінде сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Дегенмен, жасанды интеллект білім беру жүйесіне үлкен мүмкіндіктермен бірге жаңа тәуекелдерді де ала келді. Бір жағынан, мұғалімдердің 66,9%-ы ЖИ берген ақпаратты сыни тұрғыдан бағалай алатынын мәлімдесе, екінші жағынан, респонденттердің жартысынан астамы оқушылардың дайын жауаптарды көшіріп алуы мен дербес ойлаудың әлсіреуін басты қауіптердің бірі ретінде көрсетті. Яғни, педагогтердің технологияға көзсіз сенбейтінін, оның пайдасы мен зиянын қатар таразылай алатынын көрсетеді. Президент Жарлығында ерекше көрсетілген академиялық адалдық кепілдіктері мен жасанды интеллектті қолдану стандарттарын әзірлеу қажеттілігі кезек күттірмейтін тәжірибелік қажеттілік.
Назар аударатын бір мәселе – зерттеу нәтижелері педагогикалық өтіліне қарамастан мұғалімдердің басым бөлігі оқу тапсырмаларын үнемі оқушылардың қажеттіліктеріне бейімдеп отыратынын көрсетті. Мұны тұрақты түрде жүзеге асыратын педагогтердің үлесі барлық кәсіби топтарда 71,3%-дан 77,0%-ға дейін жетеді. Ең жоғары көрсеткіш 4-6 жыл еңбек өтілі бар мұғалімдер арасында тіркелгенімен (77,0%), оқытуды дараландыру деңгейі жас мамандар мен тәжірибелі ұстаздар арасында да тұрақты түрде жоғары болып отыр.
Бұл нәтижелер оқытуды дараландырудың бүгінгі күні педагогтер үшін қосымша тәжірибе емес, тиімді білім беру үдерісінің маңызды құрамдас бөлігіне айналғанын көрсетеді.
Оқытуды дараландыруға деген жоғары сұраныс тек педагогтердің кәсіби ұстанымдарымен ғана емес, оқушылар буынының өзгеруімен де байланысты. Бүгінгі мектеп оқушылары – Z және Alpha ұрпақтарының өкілдері. Олар жеке таңдау мүмкіндігі мен қызығушылықтарына сай ұсынылатын контент қалыпты құбылыс саналатын цифрлық ортада өсіп келеді. Сондықтан мұғалімдердің жоғарыда аталған әдістері оқушылардың оқу мотивациясын сақтаудың маңызды тетігіне айналуда.
Соңғы кезде көп талқыланып жүрген мәселе – мұғалімдердің сабақ жоспарын дайындау мәселесі. Біз бұл мәселеге де назар аудардық. Зерттеу нәтижелері сабақ жоспарын пайдалану тәжірибесінде екі негізгі тәсілдің бар екенін көрсетті. Біріншісі – жоспарды қатаң сақтау, екіншісі – оны жағдайға қарай икемді қолдану. Педагогтердің басым бөлігі сабақ барысында жоспардан кейде ауытқитынын атап өткен, бұл жоспардың бағыттаушы құрал ретінде қолданылатынын көрсетеді. Сонымен қатар тәжірибе мен біліктілігі артқан сайын мұғалімдердің жоспарды икемді пайдалану деңгейі де жоғарылай түседі. Дегенмен, зерттеу нәтижелері жоспардан жиі ауытқу сабақ мақсаттарына қол жеткізуді автоматты түрде жақсартпайтынын көрсетті. Керісінше, жоспарды нақты ұстанатын мұғалімдер арасында оқу мақсаттарына жету деңгейі салыстырмалы түрде жоғары болған. Бұл жиі ауытқудың көбіне оқытудағы қиындықтарға немесе күтпеген жағдайларға жауап ретінде туындайтынын аңғартады. Мысалы, сабақ жоспарынан іс жүзінде ауытқымайтын педагогтер арасында сабақ мақсаттарына қол жеткізуді оң бағалағандардың үлесі 59,7%-ды құраса, ал жоспардан жиі ауытқитын мұғалімдер арасында бұл көрсеткіш 38,3%-ды ғана құрайды. Сондықтан тиімді сабақ өткізу үшін жоспарды қатаң сақтау немесе одан жиі ауытқу емес, педагогтің сабақты сапалы жоспарлап, қажет болған жағдайда оны саналы әрі басқарылатын түрде бейімдей білуі маңызды. Осылайша, сабақ жоспары әрі құрылымдылықты қамтамасыз ететін негіз, әрі оқушылардың қажеттілігіне қарай икемді қолданылатын құрал ретінде сақталуы тиіс.
Зерттеу барысында әр педагогикалық ұжым назар аударатын тағы бір жағдайды байқадық. Педагогтердің басым бөлігі сабақ жоспарын әзірлеуде өз бетінше жұмыс істеуді жөн көреді, ал әріптестермен бірлесіп жоспарлау тәжірибесі барлық мұғалімдер арасында тұрақты сипатқа ие емес. Бұл жағдай жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу кезінде маңызды құралдардың бірі ретінде қарастырылған бірлескен жоспарлау тәжірибесінің әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын аңғартады. Бірлескен жоспарлау мұғалімдерге тәжірибе алмасуға, тиімді педагогикалық тәсілдерді таратуға және сабақ сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мұғалімдердің онлайн қауымдастықтарға қатысу деңгейі төмен болып отыр (17,4%), бұл мектептен тыс кәсіби көлденең байланыстардың жеткілікті дамымағанын көрсетеді. Әдіскерлермен және мектеп әкімшілігімен өзара әрекеттесу деңгейінің де төмен болуы (13,3%) педагогтердің барлығы бірдей әдістемелік қолдаудың ресми арналарына жүгінбейтінін аңғартады.
Талдау сабақтарды талқылау жиілігі мен білім беру мақсаттарына қол жеткізу арасында статистикалық тұрғыдан мәнді әрі айқын байланыс бар екенін көрсетеді (p < 0,001). Кәсіби өзара әрекеттесу жиілігі артқан сайын сабақ мақсаттарына сәтті қол жеткізілгенін атап көрсеткен мұғалімдердің үлесі өсуді көрсетті:
- сабақтарды мүлдем талқыламайтындар арасында – 46,09%;
- сирек талқылайтындар арасында – 59,05%;
- мезгіл-мезгіл талқылайтындар арасында – 62,40%;
- тұрақты түрде талқылайтындар арасында – 74,77%. Шеткі екі топ арасындағы айырмашылық шамамен 29 пайыздық тармақты құрайды, бұл кәсіби өзара әрекеттесудің сабақ мақсаттарына қол жеткізуге елеулі әсер ететінін көрсетеді.
Зерттеудің тағы бір маңызды тұсы – мектептердің институционалдық дайындығы. Мұғалімдердің шамамен 60 пайызы өз мектептерінде жасанды интеллектті қолдануға қатысты нақты ережелердің жоқ екенін айтты. Яғни технология мектепке кіріп үлгерді, бірақ оны басқарудың ортақ қағидалары әлі толық қалыптаспаған. Сондықтан Жарлықтағы жасанды интеллектті пайдалану стандарттарын әзірлеу, өңірлік жоспарлар қабылдау және мектептердің цифрлық инфрақұрылымын күшейту жөніндегі тапсырмалар бүгінгі білім беру жүйесінің нақты сұраныстарынан туындап отыр.
Қорытындылай келе, зерттеу нәтижелері бір маңызды қорытынды жасауға мүмкіндік береді: бүгінгі таңда мәселе жасанды интеллектті мектепке енгізуде емес. Ол мектепке әлдеқашан еніп үлгерді. Ендігі міндет – оны тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру, ортақ ережелерді бекіту және технологияның білім сапасына оң әсерін күшейту. Бұл тұрғыдан алғанда, зерттеу нәтижелері мен Президент Жарлығында қойылған міндеттер бір бағытта тоғысып отыр.
Зерттеу барысында алынған мәліметтер терең статистикалық талдаудан өтіп, ғылыми негізделген қорытындылар мен ұсынымдарға айналды.
Білім сапасын арттыру туралы сөз қозғағанда көбіне оқу бағдарламалары, оқулықтар немесе инфрақұрылым көбірек талқыланады. Бірақ халықаралық тәжірибелер де, өз зерттеуіміздің де көрсететіні білім сапасының ең маңызды факторы – мұғалімнің кәсіби дамуы.
Сондықтан мұғалімдердің пікіріне тек зерттеу деп қарамау керек. Бұл білім саясатын қалыптастырудың жаңа мәдениеті. Егер біз сапалы білім беруді ұлттық басымдық деп қарайтын болсақ, мұғалімдердің тәжірибесі мен пікірлері шешім қабылдаудың негізгі қайнар көзіне айналуы керек.
Өйткені мұғалімнің кәсіби дамуы оқушы жетістігінің, ал оқушы жетістігі – ел болашағының кепілі.
Шолпан КАРИНОВА,
білім саласының маманы