Инклюзия: таңдау ма, қажеттілік пе?
Бүгінде инклюзивті білім беру жүйесі қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналды. Инклюзивті білім беру деген не? Ол – ерекше қажеттіліктері бар балаларға бағытталған оқыту әдістемесі. Яғни, аталған санатқа жататын жеткіншектердің білім алу құқығын қамтамасыз етіп, олардың қоғам өміріне толыққанды араласуына мүмкіндік береді. Мұндай оқу үдерісі аясында оқушылар алған білімдерін әртүрлі тәсілдермен меңгереді және пайдаланады. Себебі, мұндай жасөспірімдер ерекше күтім мен қолдауға ғана емес, өз қабілеттерін дамытып, мектепте жетістікке жетуге де мұқтаж.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына сәйкес, адам капиталын және білім беру жүйесін дамыту мемлекет қызметінің негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалған. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтайы отырысында елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар әрбір бала толыққанды білім алуға мүмкіндік алуы тиіс екенін атап өткен еді. Осыған орай, инклюзия саласындағы мемлекеттік саясат заңнамалық деңгейде, сондай-ақ 2025-2030 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясат тұжырымдамасы», 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы, «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Дамуында шектеулері бар балаларға әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзету арқылы қолдау көрсету туралы» және т.б. стратегиялық және бағдарламалық құжаттар арқылы жүйелі түрде бекітілген.
237 мыңнан астам балаға кешенді қолдау көрсетілуде
Жақында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инклюзивті білім беру мәселесі кеңінен қозғалды. Отырыста Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2025-2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 0-ден 18 жасқа дейінгі 6,9 млн бала бар, бұл ел халқының 34 процентін құрайды. Соңғы онжылдықта балалар саны 1,5 млн-ға артқан. Ал ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды инклюзивті ортаға қосу мақсатында жыл сайын психологиялық-медициналық педагогикалық консультациялар (ПМПК), түзету кабинеттері, аутизм және оңалту орталықтарының желісі кеңейтілуде.
– Бүгінгі таңда 539 арнайы білім беру ұйымы бар, олардың ішінде 126 ПМПК, 240 түзету кабинеті, 12 аутизм және 14 оңалту орталығы, 99 арнайы мектеп, 48 арнайы балабақша бар. Еліміздегі қоғамдық қорлар да ерекше қолдауды қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасау бағытында маңызды әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді, – деді министр.
Мәселен, «Дара» қоры ерекше балаларды ерте қолдау қызметтерін дамытып, 27 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашуға көмектессе, «Қазақстан халқына» қоры барлық өңірлердегі арнайы мектептердің оқу-өндірістік шеберханаларын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Ал «Болат Өтемұратов қорының» қолдауымен аутизмі бар балаларға арналған 11 орталық ашылып, олар заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталып, мемлекеттік меншікке берілген. Бұған қоса инклюзивті білім беру жағдайында оқитын балаларға қолдау көрсету үшін 1 мыңнан астам орта білім беру ұйымдарында инклюзивті білімді қолдау кабинеттері ашылған.
«Биыл жоспар бойынша қосымша 40 қолдау кабинеті ашылады. «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жалпы білім беретін ұйымдарда инклюзияны қолдау кабинеттерінің саны 31-ге жетті. Сонымен қатар «Болашақ» қорының бастамасымен 24 кабинет іске қосылды. 2025-2026 оқу жылының басында елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңнан астам бала тіркелген, оның 70 мыңы мектепке дейінгі жастағы және 165 мыңы мектеп жасындағы балалар. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп отыр», – деді Жұлдыз Сүлейменова. Оның айтуынша, аталған санатқа жататын балалардың 213,7 мыңы (90%) арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылуда. Жоспар бойынша бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 95 пайызды құрайды деп көзделуде.
Өңірлерде 3408 арнайы педагог жетіспейді
Қазір жалпы білім беретін ұйымдарда 96 мыңнан астам бала инклюзивті білім беру жүйесі аясында білім алуда. Оларға 11 мыңнан астам арнайы педагог қызмет көрсетеді. Алайда, өңірлер қосымша 3408 арнайы педагогке мұқтаж. Өкінішке қарай, бұл мәселе ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан өңірлерде айрықша өзекті болып тұр. Сала мамандарының сөзіне қарағанда, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін кадрлық қамтамасыз ету мәселесін шешу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Мысалы, колледждерде «Логопедия» мамандығы бойынша 505 студент «Қолданбалы бакалавр-логопед» біліктілігі бағдарламасы бойынша білім алуда.
«Арнайы педагогтер 17 жоғары оқу орнында даярланады. Бүгінгі таңда арнайы педагогика бағытында 5424 студент білім алады, оның 2087-сі мемлекеттік тапсырыс аясында оқып жатыр. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың даму және денсаулық ерекшеліктерін ескере отырып, педагог кадрларды даярлау жаңартылған кәсіби стандарттарға сәйкес жүргізіледі. Арнайы педагогика бағыттарының тізімі 8 профильге дейін кеңейтілді», – деді министр. Сонымен қатар Жұлдыз Сүлейменова инклюзивті білім беру бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру тұрақты түрде ұйымдастырылатынын жеткізді. Яғни, енді жыл сайын 60 мыңнан астам педагог инклюзивті білім беру бағдарламалары бойынша біліктілігін арттырады. Бұл ретте кейбір сарапшы мамандар инклюзия бағдарламасы бойынша білім алатын балалардың жанында жүретін педагог-ассистенттердің де арнайы білімі болуы, ол үшін жоғары оқу орындарындағы білім жүйесіне «Педагог-ассистент» мамандығы енгізілуі қажет деп есептейді.
Министрлік қандай тұжырымдаманы жүзеге асырады?
Әрине, инклюзия саласының дамуы үшін осы салаға тікелей жауап беретін министрліктің рөлі орасан. Оқу-ағарту министрінің айтуынша, ведомство 2025-2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасында көзделген іс-шаралардың кешенді түрде жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Бұл тұжырымдамаға сәйкес, балаларға кәсіптік бағдар беру жұмысының тиімді жүйесін құру мақсатында орта білім беру ұйымдарының штаттарына «Кәсіптік бағдар беруші педагог» лауазымы енгізілген.
«Қазіргі уақытта кәсіптік бағдар беруші педагогтердің саны 4,5 мыңға жетті, өңірлерде кәсіптік бағдар беретін 1 мыңнан астам жабдықталған бейіндік сынып ашылды. Ұлттық білім академиясында құрылған Кәсіптік бағдар беру орталығында 2 мыңнан астам кәсіптік бағдар беруші педагог кәсіби құзыреттіліктері бойынша біліктілігін арттырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен алғаш рет 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – әрбір баланың білім алу, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғалу және отбасында тәрбиелену құқықтарын қамтамасыз ететін жүйелі және үйлестірілген тәсілді қалыптастыру», – дейді министр. Оның айтуынша, бұл құжат балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, сапалы және инклюзивті білімге қолжетімділікті арттыруға, психологиялық және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді нығайтуға бағытталған. Аталған тұжырымдама аясында, сонымен қатар, үйде оқитын балалардың үлесін азайту да көзделген.
17 мың бала үй жағдайында білім алуда
2025 жылы елімізде үй жағдайында білім алатын балалардың саны 19 мыңды құраған. Биыл олардың саны – 17 мың болса, соның 83 пайызы мүгедектігі бар балалар. Бұл жеткіншектердің сапалы білім алуы үшін білім беру ұйымдарының штаттарына педагог-ассистенттер мен жеке көмекшілер лауазымдары енгізілген екен. Аталған мамандардың қолдауының нәтижесінде, үйде оқитын балалардың саны 11 пайызға төмендеп, 2 мыңға жуық бала мектеп партасында отыруға мүмкіндік алған. Бұдан бөлек үйде оқитын балалардың үлесін азайту мақсатында арнайы сыныптар санын көбейту, кедергісіз орта қалыптастыру және арнайы мамандардың қолдауын күшейту жұмыстары жүргізіліп келеді.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жыл сайын министрлік ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жеке даму ерекшеліктерін ескере отырып, оқу бағдарламалары мен оқулықтарды тұрақты негізде әзірлеу жұмыстарын жүргізетінін жеткізді. «Бұл шаралар балалардың әлеуметке бейімделуін қамтамасыз етуге және олардың білім беру процесіне толыққанды қатысуына жағдай жасауға бағытталған. Балаларды қолжетімді және сапалы біліммен қамтамасыз ету үшін 360 арнайы оқу бағдарламасы және 300-ден астам оқулық, оқу-әдістемелік кешен әзірленді», – деді ол бұл туралы.
Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету кезінде педагогтер, арнайы мамандар мен ата-аналардың өзара әрекетін ұйымдастыру бойынша 160 әдістемелік ұсыным дайындалған. Бұған қоса бүгінде инклюзивті және арнайы білім беру бағытын дамыту мақсатында министрлік жанынан кеңес құрылған. Аталған кеңес оқу бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру, сапалы кадрлар даярлау, заманауи талаптарға сәйкес инфрақұрылым құру, сондай-ақ қолданыстағы заңнамалық актілерге талдау жүргізу және оларды жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеумен айналысады.
«Қазіргі уақытта оқу бағдарламаларының, оқулықтар мен әдістемелік ұсынымдардың мазмұны жан-жақты зерделенуде. Аталған жұмыстардың нәтижесінде білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуін қамтамасыз ететін білім беру мазмұны жүйелі түрде жаңартылады. Жүргізіліп жатқан жұмыстар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесінің негіздерін айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік берді. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасып, инклюзивті білім беру саясатын одан әрі жүйелі дамытуға және әр баланың толыққанды білім алып, қоғамға бейімделуіне жағдай жасауға бағытталады», – деп есептейді министр.
Инклюзивті білім беру: шетелдік тәжірибе
Инклюзивті білім беру мәселесі қозғалған кезде, өзге елдердің, әсіресе озық мемлекеттердің тәжірибесі назарда тұрары анық. Мысалы, Финляндия көптеген инклюзивті жобаларды белсенді түрде жүзеге асыратын, осылайша, аталған бағыттағы білім беру қызметтерінің сапасы бойынша көшбасшылыққа ие ел саналады. Бұл мемлекет баланың орналасқан жеріне немесе ойлау деңгейі мен денсаулығындағы кемістігіне қарамастан, білім берудің барлық деңге-
йінде тең білім алу мүмкіндігін әрдайым назарда ұстайды. Финляндияның мектептерінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсететін мамандар бар, ал мұғалімдер арнайы инклюзивті оқытудан өтеді. Оқушылар мектепте тегін көлікпен, ыстық тамақпен, кеңсе тауарларымен, оқулықтармен қамтамасыз етілген. Қозғалысы шектелген кәмелетке толмағандар қажетті құрал-жабдықтармен және жеке көмекшімен қамтамасыз етілген. Егер баланың есту қабілеті нашар болса, оны сабаққа сурдоаудармашы алып барады.
Канадада 2008 жылдан бастап ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беру бағдарламасы қолға алынған. Бұл бастама отбасылардың тұрғылықты жеріне қарамастан, олардың жоғары сапалы, қолжетімді, икемді және инклюзивті ерте оқыту және бала күтімі бағдарламаларына қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған. Мұндай бағдарламаларды мемлекет пен жеке қайырымдылық қорлар белсенді түрде қаржыландырады.
Сонымен қатар елдегі инклюзивті білім беру жүйесі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға ғана емес, сонымен қатар, барлық жасөспірімді, соның ішінде әртүрлі мәдени және тілдік ортадан шыққан балаларды қамтиды. Себебі, Канада – әлемдегі ең көпұлтты елдердің бірі. Мектеп оқушыларының 40 пайызға жуығы – иммигранттар. Сондықтан Канаданың білім беру мекемелері осындай балаларды қолдауға бағытталған бағдарламаларды жан-жақты әзірлеп, жүзеге асырады. Бұл жеткіншектердің мектепке тезірек бейімделуіне көмектеседі.
Жапония мектептері де оқыту жүйесі барлығына қолжетімді болу үшін заманауи технологияларды белсенді пайдаланатын бірден-бір ел. Көмекші роботтар мен арнайы қолданбалар аутизмі бар және басқа да мүмкіндіктері шектеулі балаларға басқалармен араласуға және сабақтарға белсенді қатысуға көмектеседі. Мысалы, егер бала ауруханаға жатқызылса немесе басқа себептермен мектепке бара алмаса, ол арнайы робот аватары арқылы достарымен және сыныптастарымен байланысқа шыға алады. Құрылғы камерамен, микрофонмен және тиісті құралдармен жабдықталған және балалардың оқу процесі кезіндегі зейінін тұрақтандыруға, бұған дейін қалыптасқан әлеуметтік дағдыларын ұмытпауға көмектеседі. Бұл елде, сондай-ақ, мектеп қауымдастығы мен ата-аналар да маңызды рөл атқарады. Олар бірлескен іс-шаралар мен төзімділік сабақтары арқылы инклюзия жүйесін қолдауға барынша атсалысады.
Әрине, Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту бағытында маңызды алғышарттар қалыптасты. Заңнамалық негіздер жетілдіріліп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, инклюзивті білім беруді толыққанды жүзеге асыру үшін тек білім беру жүйесінің дайындығы жеткіліксіз. Бұл үдеріске қоғамның көзқарасы мен қолдауы қажет. Себебі, ерекше қажеттілігі бар жандарға қатысты стереотиптер мен түсініспеушіліктер әлі де кездеседі. Бұл ретте, әрине, шетелдік озық тәжірибені де зерделеп, тиімді тұстарын ұлттық ерекшелікке бейімдеудің маңызы орасан. Тек қоғамның қолдауы, отандық білім беру жүйесін халықаралық тәжірибемен ұштастыру арқылы ғана инклюзивті білім беру жүйесін одан әрі дамытуға болады.
Ләйла НАУАН,
Фото ашық ақпарат көздерінен алынды
