«Бәйтерек Ethno AI» этноауылы ашылды
Аршалы кентіндегі Жұмабек Тәшенов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп жанынан құрылған «Бәйтерек Ethno AI» этноауылы өз жұмысын бастады. Жазғы демалыс лагерінің ашылуы аясында алғашқы қонақтар ретінде Аршалы ауылының №1 жалпы орта білім беретін мектебінің жазғы лагерь тәрбиеленушілері қабылданды.
Этноауылдағы алғашқы күн мазмұнды әрі танымдық бағдарламамен ерекшеленді. Балалар таңғы жаттығу жасап, таңғы ас ішкеннен кейін Жұмабек Тәшенов мұражайына экскурсияға барып, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің өмір жолы мен ел дамуына қосқан үлесі туралы маңызды ақпаратпен танысты.
Бағдарлама барысында оқушылар интеллектуалдық сайыстар мен танымдық ойындарға қатысып, білімдері мен логикалық ойлау қабілеттерін шыңдады. Сонымен қатар 3D көрсетілім арқылы заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен танысып, жаңа білім алды.
Этноауыл алаңында ұлттық салт-дәстүрлер мен мәдени мұраны насихаттауға арналған шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Қатысушылар бауырсақ пісіру, самауырын қайнату және құрт жасау дәстүрлерімен танысып, қазақ халқының ұлттық тағамдарын әзірлеу ерекшеліктерін үйренді. Сондай-ақ ұлттық киімдердің мәні мен маңызы туралы ақпарат алып, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасауға қатысты.
Балалардың ерекше қызығушылығын асық ату, арқан тарту, бес тас және қазақ күресі секілді ұлттық ойындар тудырды. Бұл шаралар жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, салт-дәстүрлерді тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік берді.
Жазғы демалыс кезеңінде Аршалы ауданындағы барлық 29 мектептің оқушылары этноауылға кезекпен келіп, түрлі танымдық және мәдени іс-шараларға қатысады. Жоба ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, өскелең ұрпақтың туған өлкенің тарихы мен мәдени мұрасын терең тануына бағытталған.
Орынгүл МАХМУД
Загрузка...