«Сырлы Сандықтау»: жас зерттеушілердің танымға толы сапары
Туризм, дене шынықтыру, алғашқы әскери және технологиялық дайындық орталығының ұйымдастыруымен Сандықтау ауданындағы «Жас дәурен» балалар сауықтыру орталығының базасында «Сырлы Сандықтау» далалық экспедициясы өтті. Танымдық әрі тәжірибелік маңызы зор шараға өңірдің белсенді оқушылары қатысып, туған өлкенің табиғаты мен тарихын тереңірек танып-білуге мүмкіндік алды.
Экспедиция аясында қатысушылар үшін ақпараттық-танымдық кездесу ұйымдастырылды. А.Х. Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Валерий Александрович Шульга «Шығыс Сандықтаудың табиғаты, тарихы және археология ескерткіштері» тақырыбында мазмұнды презентация ұсынып, өңірдің тарихи дамуы, археологиялық зерттеулердің нәтижелері және мәдени мұра нысандары туралы кеңінен әңгімеледі. Кездесу оқушылардың туған өлкенің тарихи мұрасына деген қызығушылығын арттырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңызын терең түсінуге жол ашты.
Зеренді ауданы Шағалалы ауылының жалпы білім беретін мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі және Зеренді балалар мен жасөспірімдер орталығының педагогі Гүлнар Баймұратқызы Шаденова «Табиғат – балалар көзімен» атты суреттер байқауын өткізді. Байқауға қатысушылар туған өлкенің табиғатын, қоршаған ортаның әсемдігін және экологиялық құндылықтарды шығармашылық жұмыстарында бейнеледі. Оқушылар орман алқаптарын, өсімдіктер мен жануарлар әлемін, табиғаттың көркем көріністерін және қоршаған ортаны қорғау идеяларын өз қиялдары арқылы жеткізді. Бұл байқау балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.
Экспедицияның ең мазмұнды кезеңдерінің бірі – тәжірибелік зерттеу жұмыстары болды. Көкшетау қаласындағы Жоғары техникалық колледждің арнайы пәндер оқытушысы әрі әдіскер Райхан Темірбекқызы Нарбаеваның жетекшілігімен оқушылар орман экожүйесінің құрылымы мен ерекшеліктерін зерттеп, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің өзара байланысын талдады. Сонымен қатар табиғи ортаны бақылау, ғылыми деректер жинау және оларды өңдеу дағдыларын меңгерді.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында педагогтер Д.М. Мурзагалиева мен Г.В. Ставничая «ЭкоШебер: болашақты бірге құру» атты шеберлік сыныбын өткізді. Іс-шара барысында балалар табиғи және қайта өңделетін материалдарды пайдалана отырып, пайдалы бұйымдар мен сәндік композициялар жасады. Қатысушылар қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі білімдерін толықтырып, өздерінің экологиялық идеяларымен бөлісті.
Далалық экспедицияның қорытынды кезеңінде қатысушылар жүргізген зерттеу жұмыстарын қорғап, бақылау нәтижелері мен ғылыми тұжырымдарын таныстырды. Оқушылар алынған деректерді талдап, қорытындылар жасап, өз ұсыныстарын ортаға салды. Бұл жұмыс олардың зерттеушілік қабілеттерін, сыни ойлауын және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Экспедицияны қорытындылау барысында ұйымдастырушылар іс-шаралардың нәтижелерін саралап, қатысушылардың белсенділігі мен зерттеуге деген қызығушылығын жоғары бағалады. Барлық қатысушыларға сертификаттар табысталып, олардың еңбектері атап өтілді.
«Сырлы Сандықтау» далалық экспедициясы жас зерттеушілер үшін жаңа білім мен тәжірибе алаңына айналып, туған өлкенің табиғаты мен тарихын танып-білуге деген қызығушылықтарын арттырды. Қатысушылар жарқын әсерлер мен ұмытылмас естеліктерге толы сапардан үлкен шабытпен оралды.
Орынгүл МАХМУД
Загрузка...