Болашақ Отан қорғаушылар шыңдалған лагерь

Ш. Уәлиханов атындағы жалпы орта білім беру мектебінде «Жас Сарбаз» жазғы әскери-патриоттық лагерінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және әскери қызметке деген қызығушылықты дамыту.

Лагерьдің ашылу рәсіміне ауданның жағалаудағы мектептерінің оқушылары, «Ертіс» шекара бөлімшесінің әскери қызметшілері, аудандық білім бөлімінің өкілдері қатысты. Қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде мектеп директоры Нұрлан Мұратұлы Жүсіпов «Адал ұрпақ» бағдарламасы аясында ерлік сабағын өткізіп, жас ұрпақты елін сүюге, Отан алдындағы борышты қадірлеуге шақырды.

Бағдарлама аясында оқушылар шекарашылардың қызметімен танысып, әскери техника мен қару-жарақ үлгілерін тамашалады. Әсіресе мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтушілерді шартты түрде ұстау бойынша көрсетілген көрініс балалардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар лагерь қатысушылары Калашников автоматын бөлшектеу және құрастыру, нысанаға ату, күштік жаттығулар орындау және газтұмылдырықты уақытқа кию бойынша тәжірибелік сабақтарға қатысты. Бұл тапсырмалар олардың ептілігі мен төзімділігін шыңдауға мүмкіндік берді.

Іс-шара соңында далалық жағдайда дайындалған дәстүрлі балық сорпасынан дәм татып, әскери қызметшілермен еркін әңгімелесті. Белсенділік танытып, үздік нәтиже көрсеткен оқушылар Құрмет грамоталарымен марапатталды.

«Жас Сарбаз» лагері оқушылар үшін мазмұнды әрі тағылымды алаңға айналып, олардың патриоттық рухын нығайтуға, әскери мамандықтың ерекшеліктерін танып-білуге және Отан қорғау ісінің маңызын терең түсінуге ықпал етті.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий