Ақсуда оқушылардың жазғы демалысына ерекше көңіл бөлінуде
Ақсу өңірінде балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, сауықтыру және бос уақытын мазмұнды өткізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Биыл өңірдегі 10 815 оқушының 9 151-і немесе 84 пайызы түрлі демалыс, сауықтыру және жұмыспен қамту шараларына қатысады.
Жазғы маусымда 25 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істеп, онда 4 040 бала демалады. Сонымен қатар бір киіз үй лагері, екі шатырлы лагерь, екі IT-лагерь ұйымдастырылған. Балалардың заманауи технологияларға қызығушылығын арттыру мақсатында жасанды интеллект, робототехника және медиа бағытындағы жобалар іске асырылуда.
Жазғы демалыс кезеңінде балалар үшін «Smart Summer – Білім әлемі», «AI Kids: Миыңды шыңда», «Эко-әлемге саяхат», «Жас сарбаз – Expedition», «Blogger Camp», «Экотехно жаз» секілді жобалар ұсынылып, олардың шығармашылық, зияткерлік және техникалық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік жасалуда.
Сондай-ақ оқушылар үшін экскурсиялық сапарлар ұйымдастырылып, қасиетті тарихи орындарға және Павлодар қаласындағы музейлерге бару жоспарланған. «Балдаурен» және «Жасдәурен» сауықтыру орталықтарында да балалардың демалысы қамтылмақ.
Бүгінгі таңда Ақсу өңіріндегі жазғы демалыс жобаларымен 8 817 бала қамтылып отыр. Балалардың қауіпсіз, қызықты әрі пайдалы демалысын ұйымдастыруға бағытталған жұмыстар жаз бойы жалғасады.
Загрузка...
