Павлодарлық 31 оқушы IQanat олимпиадасының республикалық финалына аттанды
Білім мен табандылықтың арқасында үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын IQanat олимпиадасының республикалық финалына қатысу үшін Павлодар облысының 31 дарынды оқушысы Алматы қаласына жол тартты. Бұл – ауыл мектептерінде білім алып жүрген талантты балалар үшін өмірлерін өзгертуі мүмкін маңызды кезең.
18-24 маусым аралығында Алматыда өтетін республикалық финалға еліміздің барлық өңірлерінен іріктелген 1000 ауыл оқушысы қатысады. Олар 60 мыңнан астам қатысушының арасынан үздік нәтиже көрсетіп, шешуші кезеңге жолдама алған.
IQanat олимпиадасы жыл сайын ауыл балаларына сапалы білім алуға, өз қабілеттерін дамытуға және болашаққа сенімді қадам жасауға мүмкіндік беріп келеді. Биылғы финал да жас талапкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы болмақ.
Финалистер еліміздегі беделді білім беру ұйымдарының бірі – IQanat High School of Burabay мектебінде тегін білім алу гранттарына, сондай-ақ үш жылдық постолимпиадалық қолдау бағдарламасына үміткер болады. Бұл бағдарлама оқушылардың академиялық әлеуетін дамытуға, жоғары оқу орындарына түсуге дайындалуына және кәсіби бағдарын айқындауына көмектеседі.
Олимпиада бағдарламасы тек тестілеумен шектелмейді. Қатысушылар үшін түрлі тренингтер, танымдық экскурсиялар, мотивациялық кездесулер және IQanat түлектерімен тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылады. Мұндай шаралар оқушылардың білім көкжиегін кеңейтіп, өздеріне деген сенімділігін арттыруға бағытталған.
Алматыға аттанған павлодарлық 31 оқушының әрқайсысы – өз мектебінің, өз ауылының мақтанышы. Олар бүгінде өңір намысын республикалық деңгейде қорғауға дайын. Бұл жас таланттардың жетістігі ауыл мектебінде оқитын мыңдаған оқушыға үлгі болып, үлкен армандарға ұмтылуға шабыт береді.
Загрузка...

