Ұлттық мұраны ұлықтаған «Бауырсақ fest»

Железин ауданының Міржақып Дулатұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебінің жанындағы «Жаз–2026» жазғы «Digital Ұрпақ camp» сауықтыру лагерінде «Әжелер мектебі мен лагерь: ұрпақтар сабақтастығы» атты «Бауырсақ fest» шарасы ұйымдастырылды.

Тағылымы мол іс-шараға «Әжелер мектебінің» ақ жаулықты әжелері қатысып, балалармен бірге қазақ халқының ұлттық тағамы – бауырсақ дайындаудың қыр-сырын бөлісті. Әжелер лагерь демалушыларына қамыр илеу, бауырсақты дұрыс қалыптау және оны пісірудің дәстүрлі тәсілдерін көрсетіп, ұлттық тағамның тарихы мен тәрбиелік мәні туралы қызықты әңгімелер айтты.

Балалар үлкендердің ақыл-кеңесін ықыласпен тыңдап, бауырсақ әзірлеу жұмыстарына белсене араласты. Өз қолдарымен жасаған ұлттық тағамның дайын болуын асыға күтіп, еңбек нәтижесінің қуанышын сезінді.

Шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптеу, үлкенді құрметтеу мен еңбекқорлыққа тәрбиелеу, сондай-ақ ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту болды.

Мерекелік кездесуде әжелер мен балалар арасында жылы қарым-қатынас орнап, шынайы әңгіме мен ортақ еңбек арқылы тәрбиелік мәні зор әсерлі орта қалыптасты. Піскен бауырсақтан дәм татқан балалар көтеріңкі көңіл-күйге бөленіп, ұлттық мұраның құндылығын тереңірек түсінді.

Осындай тағылымды шаралар арқылы ұлттық дәстүрлер жаңғырып, жас ұрпақтың туған халқының мәдениеті мен рухани мұрасына деген құрметі арта түседі. «Бауырсақ fest» – ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген, тәрбиелік мәні зор жарқын кездесу болды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий