Дәстүр мен тәрбие тоғысқан жоба
Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат. Осы қағиданы негізге алған №1 Ертіс жалпы орта білім беру мектебінің киізүй лагерінде жүзеге асырылып жатқан «Дәстүр даналығы» жобасы балаларды халқымыздың бай мәдениетімен, салт-дәстүрімен және рухани құндылықтарымен таныстыруға бағытталған.
Жоба аясында ұйымдастырылған іс-шаралар оқушылардың ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттырып, олардың таным көкжиегін кеңейтуде. Киізүй төрінде шырқалған әсем әндер, мың бұралған қазақ билері, қызыққа толы ұлттық ойындар мен тағылымы мол халық ертегілері балаларға ерекше әсер сыйлады.
Әрбір шара барысында оқушылар ата-бабаларымыздан жеткен мәдени мұраның мән-маңызын тереңірек түсініп, ұлттық құндылықтардың өмірдегі орнын ұғынуға мүмкіндік алды. Ұлттық ойындар арқылы балалар ептілікке, ұйымшылдыққа және достыққа тәрбиеленсе, халық ертегілері олардың қиялын дамытып, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етті.
Ал ұлттық ән мен би жас ұрпақтың бойында туған жерге, ана тіліне және халқымыздың өнеріне деген сүйіспеншілікті арттырды. Балалар ұлттық өнердің сұлулығын сезініп, өз мәдениетіне деген мақтаныш сезімін нығайтты.
Бүгінгі ұрпақтың жүрегіне ұлттық рух пен дәстүрге деген құрмет ұялату – келешекке жасалған маңызды инвестиция. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан «Дәстүр даналығы» жобасы балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі әсерлі өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға да зор үлес қосуда.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеген мұндай тағылымды жобалар өскелең ұрпақтың бойында елжандылықты, рухани байлықты және ата дәстүріне деген құрметті нығайта түседі.
Загрузка...

