Павлодарға саяхат – ұмытылмас әсер сыйлады
Ертіс ауданының Ұзынсу жалпы орта білім беру мектебі жанындағы бейіндік лагерь тәрбиеленушілері үшін Павлодар қаласына ұйымдастырылған танымдық саяхат ерекше әсерге толы болды. Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың мәдени-тарихи танымын кеңейту, шығармашылық және зияткерлік дамуына ықпал ету, сондай-ақ жазғы демалысты мазмұнды әрі қызықты ұйымдастыру.
Саяхат барысында балалар алдымен Павлодар қаласының көрікті орындарының бірі – Ертіс жағалауындағы «Қаз қонысы» кешеніне барды. Мұнда оқушылар табиғаттың әсем көрінісін тамашалап, туған өлкенің тарихы мен мәдениеті туралы тың мәліметтер алды. Жағалау бойында серуендеп, естелік суреттерге түсіп, көтеріңкі көңіл күйге бөленді.
Келесі аялдама заманауи технологиялар әлеміне жетелеген VR-арена болды. Виртуалды шындық кеңістігіндегі қызықты ойындар балаларға ерекше әсер сыйлап, олардың логикалық ойлау қабілеттерін дамытып, командалық рух пен ұйымшылдықты нығайтуға мүмкіндік берді.
Танымдық сапардың шығармашылық бөлігі «Вдохновение» қыш өнері студиясында жалғасты. Мұнда оқушылар саз балшықпен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеріп, өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасап көрді. Балалардың шығармашылық қабілеттері шыңдалып, қиялдарын жүзеге асыруға мүмкіндік туды.
Күннің ең әсерлі сәттерінің бірі картинг алаңында өтті. Жылдамдық пен жарыс рухын сезінген оқушылар ерекше эмоцияға бөленіп, ұмытылмас әсер алды. Балалар өзара жарысып, белсенді демалыстың қызығын көрді.
Саяхат соңында тәрбиеленушілер алған әсерлерімен бөлісіп, бұл күннің олардың жадында ұзақ сақталатынын айтты.
7-сынып оқушысы Жәнібек Бакиров өз әсерімен бөлісіп:
«Бұл саяхат маған өте ұнады. Әсіресе картинг пен VR-аренадағы ойындар ерекше әсер қалдырды. Біз достарымызбен бірге уақытты көңілді өткізіп, жаңа жерлерді көрдік. Қыш студиясында өз қолымызбен бұйым жасағанымыз да есте қалды. Осындай қызықты саяхат ұйымдастырған ұстаздарымызға үлкен рақмет!» – деді.
Осындай танымдық әрі қызықты іс-шаралар балалардың жан-жақты дамуына, жаңа достар табуына, қоршаған ортаны тереңірек тануына және жазғы демалысты пайдалы әрі мазмұнды өткізуіне зор мүмкіндік береді.
Загрузка...

