Келешек мектептерінің алғашқы 47 түлегі – үлкен өмірге қадам басты
Павлодар қаласында алғаш ашылған Келешек мектептерінің алғашқы түлектері үлкен өмірге жолдама алды. №47 және №48 жалпы орта білім беру мектептерінің түлектері оқу, ғылым, спорт, өнер және қоғамдық қызмет салаларындағы жетістіктерімен білім ордаларының абыройын асқақтатты.
2025–2026 оқу жылында №47 мектепті 19 түлек, ал №48 мектепті 28 түлек аяқтады. №48 мектептің түлектері арасында 1 «Алтын белгі» иегері мен 4 қызыл аттестат иегері бар. Бұл – оқушылардың білімге деген ұмтылысы мен педагогтердің жүйелі еңбегінің нәтижесі.
Алғашқы түлектер оқу және ғылыми-зерттеу бағытында жоғары нәтижелер көрсетті. Олар пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар байқауларында, дебат турнирлерінде жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар «Мұқағали оқулары», «Абай оқулары», «Ілияс оқулары», «Жарқын болашақ», Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиада және басқа да беделді байқауларда жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Спорт саласында мектеп түлектері бокс және волейбол бойынша қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, бірнеше дүркін чемпион атанды.
Өнер мен шығармашылық бағытында халықаралық «Zhuldyz Art Kazakhstan» байқауының жеңімпаздары, «Күмбірле, домбырам, күмбірле» байқауының Гран-при иегерлері және республикалық шығармашылық сайыстардың жеңімпаздары тәрбиеленді.
Цифрлық технологиялар мен зияткерлік сайыстарда да оқушылар жоғары нәтижелерге қол жеткізді. FIFA24 киберспорт турнирінің жүлдегерлері мен облыстық «XXI ғасыр көшбасшысы» байқауының жеңімпаздары мектеп мақтанышына айналды. Сонымен қатар түлектер арасында журналистика бағыты бойынша білім алып, шығармашылық жобаларда танылған жастар мен халықаралық деңгейдегі ЮНЕСКО паспортының иегері бар.
Алғашқы түлектердің жетістіктері – Келешек мектептеріндегі сапалы білім мен тиімді тәрбиенің нақты нәтижесі. Олар мектеп тарихындағы алғашқы жарқын із қалдырып қана қоймай, кейінгі буынға үлгі болатын жаңа дәстүрдің негізін қалады.
Загрузка...


