Әке мен қоғам: ортақ жауапкершілік алаңы
Әкелер күніне орай ауданымызда «Жаны ашымастың – басы ауырмас» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – әкенің отбасы мен қоғамдағы рөлін дәріптеу, жауапты әкелік құндылықтарды насихаттау және ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің маңызын арттыру.
Кездесуге аудандық «Әкелер» кеңесінің 30-дан астам белсенді мүшесі қатысып, отбасы институтын нығайту, бала тәрбиесіндегі әкенің жауапкершілігі және қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Шара барысында «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша филиалы төрағасының кеңесшісі Жаңғазы Еркеғали Жұмабайұлы сөз сөйлеп, ұйымның негізгі концептуалды бағыттарымен таныстырды. Ол отбасы құндылықтарын сақтау, балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып, әрбір азаматтың жанашырлық танытып, қоғамдағы түйткілді мәселелерге бейжай қарамауы маңызды екенін атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, отбасы бірлігі, әке беделін көтеру және өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды сіңіру мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар мұндай кездесулердің қоғамдағы әкелердің белсенділігін арттырып, отбасы институтын нығайтуға оң ықпал ететінін атап өтті. Дөңгелек үстел ашық пікір алмасу алаңына айналып, қатысушыларға жаңа идеялар мен бастамаларды талқылауға мүмкіндік берді.
Загрузка...
