Киіз үй лагерьлері – ұлттық тәрбиенің қайнар көзі

Аққулы ауданында жазғы демалыс кезеңінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған киіз үй лагерьлері. Биыл аудан бойынша ұйымдастырылған киіз үй лагерьлерімен 1000-нан астам оқушы қамтылып отыр.

Киіз үй лагерьлерінің басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды сіңіру, ата-баба мұрасын насихаттау, туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті арттыру. Мұнда балалар жазғы демалыстарын қызықты әрі пайдалы өткізіп қана қоймай, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениеті туралы мол мағлұмат алады.

Лагерь бағдарламасы аясында оқушылар ұлттық ойындар ойнап, түрлі танымдық және мәдени іс-шараларға қатысады. Сонымен қатар халқымыздың әдет-ғұрыптары, ұлттық тағамдары, қолөнері, шешендік өнері мен халық ауыз әдебиеті жөнінде дәрістер мен шеберлік сабақтары өткізіледі. Балаларға киіз үйдің құрылысы мен оның қазақ халқының тұрмысындағы орны туралы да кеңінен түсіндіріледі.

Жазғы демалыс кезеңінде ұйымдастырылатын спорттық жарыстар, зияткерлік сайыстар, шығармашылық байқаулар мен тәрбиелік кездесулер оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Әсіресе, үлкендердің өнегелі әңгімелері мен ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиелік шаралар балалардың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, тарихи санасын нығайтуға ықпал етеді.

Киіз үй – қазақ халқының бірлігі мен берекесінің, ұрпақтар сабақтастығының символы. Сондықтан осындай ортада өткізілетін тәрбиелік жұмыстардың маңызы ерекше. Ұлттық нақыштағы лагерьлерде балалар ата дәстүрдің мәнін ұғынып, өз халқының мәдени мұрасына құрметпен қарауды үйренеді.

Бүгінде Аққулы ауданындағы киіз үй лагерьлері жазғы демалысты ұйымдастырудың тиімді үлгісіне айналып отыр. Ұлттық тәрбиені негізге алған бұл жоба жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, елін, жерін сүйетін, салт-дәстүрін құрметтейтін азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастама болып табылады. Осындай лагерьлердің жұмысы ұлттық құндылықтарды сақтап, оларды келер ұрпаққа жеткізуде ерекше рөл атқарады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий