Ұлттық мұра – ұрпаққа үлгі
Ақсу қаласындағы Үштерек орта мектебінің жанындағы этнолагерьде «Ұлттық мұра – ұрпаққа үлгі» атты этнофестиваль ұйымдастырылды. Лагерь маусымының жабылуына арналған тағылымды іс-шараға өңірдегі ауыл мектептері жанындағы лагерь тәрбиеленушілері қатысып, қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрлерінен сыр шертетін ерекше мерекенің куәсі болды.
Фестивальдің басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, халқымыздың мәдени мұрасын насихаттау және туған елдің тарихы мен дәстүріне деген құрметті арттыру.
Іс-шара барысында ақ жаулықты әжелер балалармен кездесіп, қазақ халқының салт-дәстүрлері, отбасы тәрбиесі, үлкенді сыйлау, ұлттық құндылықтарды сақтау туралы тағылымды әңгімелер өрбітті. Даналыққа толы әңгімелер мен өмірлік тәжірибелер жас ұрпаққа үлкен әсер қалдырып, ата-баба мұрасының мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
«Qazag Food Fest» алаңында оқушылар ұлттық тағамдардың дайындалу ерекшеліктерімен танысты. Қатысушылар бауырсақ пішіндеу шеберлігін меңгеріп, қымыз, құрт, қаймақ секілді дәстүрлі тағамдардың пайдасы мен дастарқан әдебі туралы тың мәліметтер алды. Сонымен қатар оқушылар «Құрттың пайдасы» тақырыбындағы жобаларын қорғап, ұлттық өнімнің құрамы мен адам денсаулығына тигізетін оң әсері жөнінде ғылыми деректер ұсынды.
Ал «Тұлпар рухы» әскери шатырлы лагерінде ұлттық ойындар алаңы ұйымдастырылып, балалар асық ату, бес асық, арқан тарту, тоғызқұмалақ және қол күрес бойынша өз бақтарын сынады. Сондай-ақ қатысушылар қамшы өру өнерімен танысып, ат әбзелдерінің түрлерін зерттеп, қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің ерекшеліктерін зерделеді.
Фестиваль соңында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, ұлттық мұраның маңызын бұрынғыдан да терең түсінгендерін жеткізді. Мұндай шаралар жас ұрпақтың туған жерге, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін арттырып, рухани-адамгершілік тәрбиесінің нығаюына ықпал етеді.
«Ұлттық мұра – ұрпаққа үлгі!» ұранымен өткен этнофестиваль қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ұлттық сана мен елжандылықты қалыптастырудың жарқын үлгісіне айналды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген бұл игі шара жас буынның бойында мәдени мұраға деген құрмет пен мақтаныш сезімін нығайта түсті.
Загрузка...

