Екібастұз қаласының оқушылары жазғы еңбек жасағында еңбек етуде
Екібастұз қаласында жазғы кезеңде оқушыларды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Биыл жазғы еңбек жасағына аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 600 оқушы тартылып, олар үш маусым бойынша еңбек етуде.
Жасөспірімдер мектеп аумақтары мен оған іргелес жерлерді абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізуге қатысады. Әр маусымда 200 оқушы еңбек жасап, туған қаласының көркеюіне өз үлестерін қосады.
Жұмыс үш кезең бойынша ұйымдастырылған: бірінші маусым 15–26 маусым аралығында, екінші маусым 6–17 шілде аралығында, ал үшінші маусым 27 шілде мен 6 тамыз аралығында өтеді. Бір маусымның ұзақтығы – 10 жұмыс күні.
Жазғы еңбек жасағына қатысушы әр оқушыға еңбекақы төленеді. Бұл жастар үшін еңбек тәжірибесін жинақтауға, жауапкершілік пен дербестікті қалыптастыруға, сондай-ақ отбасына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Күн сайын еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқама өткізіліп, арнайы журналға тіркеледі. Жұмыс уақыты сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін жалғасады. Қатысушылар арнайы қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіліп, қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып еңбек етеді.
Жазғы еңбек жасағы – жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, еңбекке құрметпен қарауға, қоғамдық жауапкершілікті сезінуге және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға ықпал ететін маңызды жоба.
Загрузка...
