Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM SCHOOL: білім сапасы мен жеңіс дәстүрі

Еліміздің барлық мектептерінде түлектерге аттестат табыстаудың салтанатты рәсімдері өтті. Мыңдаған жас түлек үшін мектеппен қоштасудың толқынысқа толы сәті жаңа өмір жолының бастауы болды. Бұл қуанышты күнде олардың жанынан ата-аналары, ұстаздары, тәлімгерлері мен жақындары табылып, ақ жол тіледі. Алда – жаңа белестер, үлкен мақсаттар мен жарқын мүмкіндіктер күтіп тұр. Барша түлектерге ақ жол, асқақ арман, биік жетістіктер тілейміз! Елордадағы Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM мектебінде өткен аттестат табыстау салтанатына «Білімді ел – Образованная страна» республикалық білім беру қоғамдық-саяси газетінің тілшілері де қатысты.

Бүгінде бұл білім ордасы Қазақстандағы ең үздік мектептердің бірі саналады. Мектеп директоры Гүлнар Борамбаеваның білікті басшылығымен мұнда әрбір оқушының қабілетін дамытуға бағытталған заманауи білім беру ортасы қалыптасқан. Мектеп түлектері мен оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен шығармашылық байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Педагогикалық ұжымның кәсіби шеберлігі, білім сапасының жоғары деңгейі, жаңашылдыққа ұмтылысы мен өзара құрметке негізделген білім беру ортасы Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM мектебін еліміздің білім беру саласындағы үздік тәжірибенің жарқын үлгісіне айналдырды.

Биыл Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің түлектері мектеп тарихындағы ең жарқын жетістіктердің біріне қол жеткізді. 2025-2026 оқу жылында білім ордасын 10 бітіруші сынып, оның ішінде 5 қазақ және 5 орыс сыныбы тәмамдап, үлкен өмірге 238 жас түлек қанат қақты.

Оқу жылының қорытындысы бойынша үш оқушы – Аманхан Аңсар Ерланұлы, Жұмаш Ақжүніс Ділмұратқызы және Исабекова Адия Олжасқызы «Алтын белгі» иегері атанса, тағы 22 түлек үздік аттестатқа ие болды. Жалпы 203 оқушы орта білім туралы аттестатты табысты қорғап шықты.

Мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуде де жоғары нәтиже көрсетті. Биылғы түлектердің барлығы ҰБТ-ға қатысып, жүз пайыздық көрсеткішке қол жеткізді. Солардың ішінде Капор Сұлтанәлі 139 балл жинап, мектептің үздік нәтижесін көрсетті.

Халықаралық білім кеңістігінде де мектеп түлектерінің жетістігі ерекше. Жиырмадан астам түлек әлемнің жетекші университеттерінен шақырту алып, шетелдік жоғары оқу орындарына қабылданды. Олардың қатарында IELTS халықаралық емтиханынан 8.0, SAT емтиханынан 1520, DELF халықаралық француз тілі емтиханынан жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар бар.

Мектептің мақтанышына айналған түлектердің бірі – 11-сынып оқушысы Кәдірбай Абылай. Ол XVIII республикалық Президенттік олимпиадада жаратылыстану-математика бағыты бойынша ІІІ орын иеленіп, республикалық пәндік олимпиадада биология пәнінен ІІІ орын алды. Сонымен қатар «Алтын түлек» республикалық математикалық олимпиадасында жүлдегер атанып, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған өңірлік биология олимпиадасында І орын жеңіп алды. SAT халықаралық емтиханынан 1520 балл жинап, әлемдік деңгейдегі академиялық дайындығын дәлелдеді.

11-сынып оқушысы Бағдат Баянсұлу республикалық пәндік олимпиадада француз тілі пәнінен ІІ орын иеленіп, мектеп қоржынына кезекті жеңісті сыйлады.

Балтабай Мұхамедкәрім республикалық «Жарқын болашақ-2026» олимпиадасында «Сөз шеберлері» номинациясы бойынша ІІІ орынға ие болды.

Ал Алшер Дария әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырған халықаралық биология олимпиадасында І орын иеленіп, жоғары оқу орнының білім грантын жеңіп алды.

Жалпы, 2025-2026 оқу жылы Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейі үшін ерекше табысты жыл болды. Оқушылар республикалық және халықаралық олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, шығармашылық және зияткерлік байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп, мектептің мерейін үстем етті.

Биыл мектеп Қазақстан Республикасы  Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Оқытудағы жаңа мүмкіндіктер: функционалдық сауаттылық пен жасанды интеллект интеграциясы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Ауқымды іс-шараға Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, ұлттық білім беру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Эстония, Малайзия және Түркиядан келген сарапшылар мен педагогтер қатысты. Конференцияға республика бойынша 800-ден астам педагог жиналды.

Мектептің педагогтері де биыл жоғары кәсіби жетістіктерімен ерекшеленді. Төрт мұғалім мемлекеттік марапаттарға ие болды. Оның ішінде екі педагог «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, екі педагог «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұйымдастырған «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауында Керімбай Арман Мейрамұлы республикалық кезеңнің жүлдегері атанды.

Мектептің жеті авторлық білім беру бағдарламасы республикалық деңгейде мақұлданып, білім беру тәжірибесіне енгізілді. Білім сапасының жоғары деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі – Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жариялаған Қазақстанның ТОП-100 үздік олимпиадалық мектебінің қатарына енуі болды.

Республикалық ғылыми жобалар байқауында Асхатқызы Жаным мен Тлеулина Жәмиля ағылшын тілі бағыты бойынша І орынға ие болса, Оразымбетова Әсем тарих пәні бойынша ІІ орын иеленді. «Зерде» республикалық ғылыми жобалар байқауында Хамидолла Айша ІІІ орын алды.

Робототехника және IT бағытында да мектеп оқушылары үздік нәтижелер көрсетті. Robotek Grand Tournament республикалық жарысында Анас Рустам І орын жеңіп алды. «SCIENCE OLYMPIAD» республикалық байқауында Смайылов Қуан жеңімпаз атанып, Нью-Йоркте өтетін халықаралық NEO олимпиадасына жолдама иеленді.

Халықаралық деңгейде де мектеп оқушыларының жетістіктері аз емес. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен FIRST Championship әлемдік чемпионатында 10-сынып оқушысы Әділ Әбділденов ІІІ орын иеленсе, Alem Tech Fest халықаралық робототехника чемпионатында Әділ Әбділденов пен Батанов Бектас І орынға көтерілді.

Малайзияда өткен халықаралық Brainiacs математикалық олимпиадасында Елубай Әмірхан І орын жеңіп алды. Ал 7-сынып оқушылары Қариполла Айша мен Марат Амина ITECX ғылыми конгресінің республикалық кезеңінде жеңімпаз атанып, Италияның Рим қаласында өтетін халықаралық кезеңге жолдама алды.

Өнер мен спорт саласында да мектеп оқушылары табысты өнер көрсетті. «Ұлт үні – Dombyra Sound» шығармашылық жобасында дәстүрлі күй бағыты бойынша мектеп оқушылары І орын иеленсе, 5-сынып оқушысы Кенжебай Расул жасөспірімдер арасындағы республикалық хоккей чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді.

Осындай ауқымды жетістіктер – мектеп басшылығының жүйелі жұмысының, педагогтердің кәсіби шеберлігінің, ата-аналардың қолдауы мен оқушылардың білімге деген құштарлығының нәтижесі. Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейі бүгінгі таңда тек елордадағы ғана емес, Қазақстандағы заманауи білім беру ұйымдарының көшбасшыларының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ляззат ТУРКЕСТАНОВА,
Астана қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий