Оқулық мазмұны заман сұранысына толық жауап беруі тиіс

Құрметті достар! Соңғы күндері бірқатар баспалар мен азаматтар тарапынан мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерді жаңарту мәселесіне қатысты түсініктеме беру жөнінде өтініштер келіп түсуде. Бүгінде қолданыстағы оқулықтар бойынша әртүрлі сипаттағы 700-ден астам ескертпе мен қате анықталды. Олардың қатарында техникалық және стильдік кемшіліктер, деректік қателер, мазмұнға сәйкес келмейтін иллюстрациялар, жекелеген материалдардың оқу бағдарламаларымен үйлеспеуі, сондай-ақ ескірген әдіс-тәсілдер мен тұжырымдамалардың қолданылуы бар, – деп жазды осы маусым айының оны күні Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Аида БАЛАЕВА.

– Әсіресе ұлттық мазмұнға лайықтап бейімделмеген материалдардың пайдаланылуы, математика пәніндегі қате анықтамалар мен есеп шығару жолдары, оқу бағдарламасында көзделмеген шығармалардың енгізілуі, сондай-ақ тарихи оқиғаларға қатысты жаңсақ пайымдар ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл ретте қолданыстағы бірқатар оқулық белгіленген жаңарту мерзімінен әлдеқайда ұзақ уақыт бойы қайта қаралмағанын да ескеру қажет. Жекелеген оқу басылымдары тоғыз жылға дейін мазмұндық тұрғыдан елеулі өзгеріссіз қолданылып келеді. Мұндай жағдайда оқулықтарды уақытылы жаңарту – оқушыларды сапалы, өзекті әрі мемлекеттік білім беру стандарттарына сай оқу материалдарымен қамтамасыз етудің кезек күттірмейтін қажеттілігі, – дейді.

Аида Ғалымқызының сөзіне сүйенсек, мектеп оқулықтарының сапасы жекелеген баспалардың ғана мәселесі емес. – Бұл елдегі білім сапасына, демек балаларымыздың келешегіне тікелей ықпал ететін маңызды жайт. Оқулық сараптаманың формалды талаптарына ғана сай болып қоймай, мемлекеттің, қоғамның және білім беру жүйесінің бүгінгі сұранысына толық жауап беруі тиіс. Бұл бұрын аталған оқулықтарды мақұлдаған Пәндік сараптама комиссиясы шешімдерінің күші жойылады деген сөз емес. Әңгіме түпкі нәтиже үшін ортақ жауапкершілік туралы болып отыр. Білім саласы формалды көзқарасты көтермейді. Баланың қолына тиетін әрбір оқулық сапалы, мазмұны дәл, дерегі шынайы және уақыт талабына сай болуы керек.

Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңартып, мектептерді жаңа оқу басылымдарымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, биыл, тамыз айының отызына дейін 3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтар, келесі жылы, қаңтардың 1-іне дейін төртінші және 9-сынып оқулықтары, ал 2027 жылғы сәуірдің біріне дейін сегізінші сыныптың оқулықтары жаңартылады. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстандағы әрбір мектепті заманауи, мазмұны мұқият сараланған, өзекті білімге, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтарына және мемлекеттік басымдықтарға негізделген сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету. Ата-аналар да, ұстаздар қауымы да, жалпы қоғам да бізден осы жауапты жұмысты сапалы әрі жүйелі атқаруды күтеді, – деп қорытындылаған кезекті жазбасының соңын Үкімет жетекшісінің орынбасары Аида Балаева.

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өткен аптаның сәрсенбі күні мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерді шығаратын ірі отандық баспалардың басшыларымен кездесті, – деп хабарлады осы бейіндік ведомствоның баспасөз қызметі. Бұл басқосу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім сапасын арттыруға және оқушыларды заманауи оқу материалдарымен қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылған. Жүздесу шеңберінде мектеп оқулықтарын кезең-кезеңімен жаңарту, оқу әдебиетінің сапасын арттыру, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі, сарапшылар қауымдастығы және баспалар арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Оқулықтар мазмұнын өзектендіруге, олардың мемлекеттік білім беру стандарттарына және заманауи білім беру тәсілдеріне сәйкестігіне ерекше назар аударылды. Жұлдыз Досбергенқызы баспа басшыларына мектеп оқулықтарын кезең-кезеңімен жаңарту жөніндегі міндеттерді жеткізіп, жаңартылған басылымдарды дайындау және шығару мерзімдерін қатаң сақтау қажеттігіне тоқталды. Министр, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Аида Балаева бұған дейін жариялаған қолданыстағы мектеп оқулықтарын талдау нәтижелеріне назар аударды.

Бұл талдау бойынша әртүрлі сипаттағы жеті жүзден астам ескерту мен қате анықталған. Және оқулықтарды жаңарту оқу материалдарының сапасын арттыруға, олардың мемлекеттік білім беру стандарттарына және заманауи білім беру талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталғаны белгігі болды. Еліміздің бас ұстазы сонымен қатар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұған дейін жариялаған білім беру ұйымдарын жаңартылған оқулықтармен қамтамасыз ету кестесіне назар аударды.

Атап айтқанда, жаңартылған оқулықтар үшінші және 7-сыныптар үшін алдағы жаңа оқу жылы басталғанға дейін, 4 және тоғызыншы сыныптар үшін 2027 жылғы қаңтардың біріне дейін, 8-сыныптар үшін келесі жылғы сәуір айының 1-іне дейін жеткізілуі тиіс. Осы кездесудің қорытындысы бойынша тараптар білім беру ұйымдарына арналған жаңартылған оқу басылымдарын уақтылы дайындау және шығару жөніндегі бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыруға дайын екенін растағаны хабарланды. Үкіметтің биылғы наурыз айының ортасындағы кезекті отырысында салалық министрліктің басшысы жалпы білім беретін мектептерге арналған жаңа оқулықтарға жаңадан қабылданған Конституцияның нормалары мен құндылықтары енгізілетіндігін мәлімдегені елдің есінде.

– Преамбуладан бастап қамтылды. Сондай-ақ адам капиталын дамыту, мемлекеттік қызметтегі стратегиялық тәсілдер, білім мен ғылымды дамыту туралы айтылатын 3, 33, 41-баптар және өзге де баптар көрініс табады. Осы бағыттардың барлығы 1–11-сыныптар аралығындағы тақырыптар мен оқу мақсаттарына енгізіледі. Сонымен қатар цифрлық сауаттылық пәнінің бағдарламасына жасанды интеллект тақырыптарын жалпы ұзақтығы он екі сағаттың көлемінде қосу көзделген. Бұл оқу модулі бастауыш сынып оқушылары үшін де қолжетімді болады, – деді ол.

Жұлдыз Сүлейменова мамыр айының соңында еліміздің аумағындағы барлық мектептерде жол жүру ережесі (ЖЖЕ) жеке пән ретінде оқытылатындығын жариялағаны бар. Биыл (шамасы 2026-2027 оқу жылында) «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында пайда болатын сабақ кестесіндегі бұл жаңа «Жеке қауіпсіздік» пәннің мазмұнында жол жүру ережелерімен қатар балалардың қоғамдық орындар мен жеке қауіпсіздігіне байланысты мемлекеттік маңызы бар мәселелер қамтылатындығы мақұлданса керек. Министрдің айтуынша, бұл бағдарламаны Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен «Өркен» орталығы әзірлеген. Бесіншіден бастап тоғызыншы сыныптың шәкірттерін қоса қамтитын бұл жаңа пән бойынша дәріс беру міндеті педагогтер мен психологтарға жүктелетіндігі мәлім болды.

ҚР Ішкі істер министрлігі мектеп бағдарламасына жол қозғалысы ережелерін жеке міндетті пән ретінде енгізуді былтырғы тамыз айында ресми тұрде ұсынған еді.  Әкімшілік полиция комитетінің ресми ақпаратында оқушыларға жол ережелерін жүйелі түрде үйрету олардың заңға бағыну мәдениетін қалыптастырып, болашақта көлік жүргізе бастағанда жол қауіпсіздігіне оң әсер ететіндігі айрықша атап айтылды. – Әлемнің көптеген елінде жас шәкірттерді жол қозғалысы қауіпсіздігіне тарту идеясы білім беру мен қоғамдық мәдениеттің бір бөлігіне айналған. Халықаралық тәжірибе мұндай бастамалардың жол-көлік жарақаттарын азайтып, өскелең ұрпақта азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыратынын көрсетеді, – деді осы құқықтық құрылымның ресми өкілі журналистермен жүдесуінде.

Сонымен алдағы уақытта білім мазмұнын жетілдіру мақсатында бірқатар сыныптарға арналған жаңа буын оқулықтары – белгіленген кезеңге сай әзірлеп, қолданысқа енгізудің барлық мүмкіндіктері жұмылдырылуда. Бұл бірегей қадамды осы саланың сарапшы мамандары оқушылардың сапалы білім алуына, олардың талдамалық және ғылыми ойлау қабілетін дамытуға, сондай-ақ қазіргі экономика талаптарына сай құзыреттерді қалыптастыруға негіз ретінде бағалай бастады. – Дәл осы тәсіл оқушылардың сапалы дайындығын қамтамасыз етуге, олардың аналитикалық және ғылыми ойлауын дамытуға, сондай-ақ қазіргі экономикада сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, білім беру жүйесі Мемлекет басшысының алға қойған жаһандық ғылыми-технологиялық өзгерістер жағдайында лайықты бәсекелесе алатын технологиялық ұлт қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндетін дәйекті түрде жүзеге асыратын болады, – дейді министр.

Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға басымдық беріледі. Бұл бағытта өндіріс пен білім беру арасындағы байланысты нығайтатын дуальды оқыту жүйесі жетілдірілмек. Бұдан бөлек тәрбие жұмысы да жаңа мазмұнмен толығатындығын түсіндік. Атап айтқанда, 5–9-сыныптарға арналған «Адал Азамат» бірыңғай бағдарламасы, «Конституция негіздері», «Заң мен тәртіп» курстары, сондай-ақ экологиялық білім беру бағыттары енгізіледі. Бұл бағалы бастамалар оқушылардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, патриоттық санасын қалыптастыруға ықпал ететіндігімен ерекше. Демек қолға алынған бұл шараларды білім беру сапасын арттырып, зияткер, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған деуге толық негіз бар.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий