Шекарасыз білім: Cardiff University Kazakhstan-ның алғашқы жылы
Жаз – студенттер үшін демалыс кезеңі. Cardiff University Kazakhstan-ның алғашқы легі алғашқы оқу жылын сәтті аяқтап, жазғы демалысқа тарасты. Университет аудиторияларында бұрынғыдай қарбалас жоқ. Дегенмен оқу ордасының тыныс-тіршілігі бір сәтке де тоқтаған емес. Мұнда жаңа оқу жылына дайындық қызу жүріп жатыр: қабылдау комиссиясы талапкерлерді қарсы алып, жаңа білім беру бағдарламалары әзірленуде, ал университет басшылығы алдағы даму бағыттарын айқындауда.
Біз де университетке дәл осы уақытта арнайы барып қайттық. Жазғы тыныштыққа қарамастан, оқу ордасында ерекше іскерлік ахуал сезіледі. Жарық әрі заманауи аудиториялар, соңғы үлгідегі зертханалар, студенттерге арналған жайлы кеңістіктер мен жылы атмосфера мұнда тек сапалы білімге ғана емес, адамға да ерекше мән берілетінін аңғартады.
Cardiff University-дің алғашқы халықаралық кампусының алғашқы оқу жылы қалай өтті? Студенттер қандай тәжірибе жинақтады? Жаңа оқу жылында қандай мүмкіндіктер ашылады? Қазақстан неге әлемнің жетекші университеттері үшін тартымды білім беру алаңына айналып келеді? Осы және өзге де сауалдарға Cardiff University Kazakhstan академиялық мәселелер жөніндегі вице-провосты Талғат Жүсіпбек жауап берді.
– Талғат Зыпарбекұлы, Cardiff University Kazakhstan-ның алғашқы оқу жылы аяқталды. Бұл жыл сіз үшін қандай болды?
– Бұл біз үшін ерекше жыл болды. Себебі Cardiff University өзінің 143 жылдық тарихында алғаш рет Ұлыбританиядан тыс жерде халықаралық кампусын ашты. Бұл – үлкен сенім әрі зор жауапкершілік.
Алғашқы студенттеріміз оқу жылын табысты аяқтап, жазғы демалысқа шықты. Олар үшін бұл жаңа білімге, жаңа ортаға, британдық білім беру жүйесіне бейімделуге, жаңа достар табуға және жаңа мүмкіндіктерге толы жыл болды.
Әрине, кез келген істің бастауы оңай болмайды. Дегенмен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Cardiff University бас университетінің, министр Саясат Нұрбектің қолдауы, профессор-оқытушылар құрамының кәсібилігі және студенттердің білімге деген құлшынысының арқасында біз бұл кезеңнен абыроймен өттік. Бүгінде берік іргетас қаланды деп сеніммен айта аламыз және университетіміздің болашағына зор үмітпен қараймыз.
– Cardiff University Kazakhstan-дағы оқу үдерісінің ерекшелігі неде?
– Басты ерекшелігі – білім беру үдерісінің Ұлыбританиядағы Cardiff University академиялық стандарттарына толық сәйкес келуі.
Студенттеріміз дәл Ұлыбританиядағыдай бағдарламалар бойынша білім алады. Негізгі бейіндік пәндерді Cardiff University-дің бас кампусынан келген профессорлар мен оқытушылар жүргізеді. Бұл – жастарға Қазақстаннан шықпай-ақ халықаралық деңгейдегі ғалымдардан білім алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар біз тек білім берумен шектелмейміз. Ең бастысы – студенттерді өз бетінше ойлауға, ақпаратты талдауға, командада жұмыс істеуге, мәселені шешуге және күрделі міндеттерден қорықпауға үйрету.
– Бүгінде студенттеріңіз кімдер?
– Бізді, ең алдымен, студенттеріміздің географиясы қуантады. Олардың небәрі 34 пайызы ғана Астана қаласының тұрғындары. Қалғандарының барлығы Қазақстанның әр өңірінен – ірі қалалардан, аудан орталықтарынан, ауылдардан келген жастар.
Олардың қатарында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің, Республикалық физика-математика мектебінің, Bilim Innovation Lyceum түлектері де бар. Сонымен бірге еліміздің түкпір-түкпіріндегі жалпы білім беретін мектептерден келген дарынды жастар да аз емес.
Бұл халықаралық деңгейдегі сапалы білімнің тек белгілі бір мектептердің түлектеріне ғана емес, білім алуға ынталы әрбір жасқа қолжетімді екенін көрсетеді. Біз үшін талапкерлерді бағалаудағы негізгі өлшем – олардың білімі, ҰБТ нәтижесі, мектептегі оқу үлгерімі және ағылшын тілін меңгеру деңгейі.
– Демек, университет үшін талапкердің қай мектепті бітіргенінен бұрын оның қабілеті маңызды ғой?
– Әрине. Біз үшін мектептің атауынан бұрын адамның әлеуеті маңызды. Егер талапкердің білімі мықты, ынтасы жоғары әрі өзімен жұмыс істеуге дайын болса, оның Cardiff University Kazakhstan студенті атануға толық мүмкіндігі бар.
Біздің мақсатымыз – Қазақстанның кез келген өңіріндегі дарынды жастарға әлемдік деңгейдегі білім алуға мүмкіндік беру.
– Университет студенттері үшін биылғы оқу жылы қандай айтулы оқиғамен түйінделді?
– Жақында біздің Cardiff университеті Қазақстан кампусында жыл бойы белсенділік танытқан студенттерді марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара барысында үздік деп танылған 35 студентке арнайы марапаттарды Ұлыбританиядағы Cardiff University президенті профессор Венди Ларсон (Wendy Larson) өз қолымен табыстады. Салтанатты жиынға, сондай-ақ Британиядан келген бірқатар жоғары лауазымды университет өкілдері қатысып, студенттердің жетістіктеріне жоғары баға берді. Рәсім барысында профессор Венди Ларсон студенттердің сұрақтарына жауап беріп, университеттің білім беру мүмкіндіктері мен халықаралық бағдарламалары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Іс-шара аясында тек жеке студенттер ғана емес, сонымен қатар белсенді жұмыс атқарған студенттік ұйымдар да назардан тыс қалмады. Оларға арнайы сертификаттар табысталып, университет өміріне қосқан үлесі ерекше аталып өтті. Ұйымдастырушылар мұндай марапаттау рәсімдері студенттердің ынтасын арттырып, академиялық және қоғамдық белсенділікті дамытуға серпін беретінін атап өтті. Іс-шара Уэльс тілі бойынша 1 сағаттық шебер-сыныппен жалғасын тапты. Оны Cardiff университетінің халықаралық ынтымақтастық директоры Энни Морган (Anne Morgan) жүргізді.
– Жаңа оқу жылынан қандай жаңалықтар күтуге болады?
– Біз дамуымызды жалғастырып жатырмыз. Жаңа оқу жылында білім беру бағдарламаларының қатары кеңейеді. Қазіргі төрт білім беру бағдарламасына қосымша жаңа бакалавриат және магистратура бағдарламалары іске қосылады.
Біз студенттердің мамандық таңдау мүмкіндігін кеңейтіп, өздерінің жеке білім беру бағытын қалыптастыруына және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына жағдай жасауды көздейміз.
Сеніммен айта аламын: екінші оқу жылы бұдан да мазмұнды, қызықты әрі жаңа мүмкіндіктерге толы болады.
– Бүгінде бүкіл әлем жасанды интеллект туралы айтып жатыр. Бұл жоғары білім беру жүйесіне қалай әсер етеді?
– Әлем өте жылдам өзгеруде. Сондықтан университеттер де заман талабына сай өзгеруі қажет. Қазіргі таңда жұмыс берушілер тек дипломы бар маманды ғана емес, ақпаратты саралай алатын, сыни ойлайтын, жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдаланатын, өзгерістерге тез бейімделетін әрі өмір бойы білім алуға дайын адамдарды іздейді.
Сондықтан заманауи университет кәсіби біліммен қатар көшбасшылық, тиімді коммуникация, жауапкершілік, командада жұмыс істеу және шешім қабылдау сияқты икемді дағдыларды да қалыптастыруы тиіс.
– Cardiff University Kazakhstan-ның басты миссиясын қалай сипаттар едіңіз?
– Біздің мақсатымыз – тек маман даярлау емес. Біз елдің дамуына үлес қоса алатын, жаңа технологияларды жасайтын, ғылыми зерттеулермен айналысатын және әлемнің кез келген елінде бәсекеге қабілетті болатын жаңа буын көшбасшыларын тәрбиелеуді көздейміз.
Бүгінгі таңда білім – жай ғана мамандыққа ие болу емес. Бұл – адамның өз әлеуетін ашуына, өзіне деген сенімін нығайтуына және өмірін өзгертуіне мүмкіндік беретін ең маңызды құрал.
– Биыл мектеп бітіріп, болашақ мамандығын таңдағалы отырған жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Үлкен мақсат қоюдан қорықпаңыздар. Университет таңдағанда тек дипломға емес, сізді ойлануға, зерттеуге, сұрақ қоя білуге және жауап іздеуге үйрететін білім ордасын таңдаңыздар. Алдағы жылдары әлем бұрынғыдан да жылдам өзгереді. Сол өзгерістерге бейімделіп, өмір бойы білім алуға дайын, жаңашылдыққа ашық адамдар ғана табысқа жетеді. Біз Cardiff University Kazakhstan түлегін дәл осындай тұлға ретінде көреміз.
Сұхбаттасқан
Ляззат ТУРКЕСТАНОВА


