«Сарматтық» оқушылар олжалы оралды
Атырау облыстық «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары Ресей Федерациясының астанасы – Мәскеу қаласында табысты өнер көрсетті. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамына қарасты бес мемлекеттің жас сарбаздарының қатысуымен өткен – «Жеңіс ұрпақтары» халықаралық байқауында атыраулық оқушылардың қанжығасы майланды.
Қазақстанның атын асқақтатып, ел абыройын қорғаған Отан қорғаушылар қоржынға әр бағыт бойынша І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен оралды. Атап айтқанда «Үздік капитандар» конкурсында – І орын, «Калибр» конкурсында – ІІ орын, «Тактикалық медицинада» – ІІІ орын, «Қайықпен жарысу» конкурсында ІІІ орынға табан тіреді.
Бұдан бөлек «Жеңіс ұрпақтары» халықаралық жастардың әскери-спорттық ойындарында атыраулықтар әскери-тактикалық жаттығу, ширақ қимыл-қозғалыс, тез шешім қабылдау, межеге бірінші жету, кедергілерді еңсеру сынды тапсырмаларды ойдағыдай орындап, қазылар алқасын тәнті етті.
Аптаға созылған «Жеңіс ұрпақтары» сайысында Атырау облыстық «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары Жұбан Молдғалиевтің «Мен қазақпын!» әнін шырқап, шығармашылық дайындығын паш етті.
Сондай-ақ оқушылар мәңгілік алауға барып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан сарбаздарға тағзым етті. Майдан даласынан оралмаған қазақ жауынгерлерін еске алған олар, кейін Мәскеу қаласының көрікті орындарын тамашалап, естелік суреттер жасады.
Осымен екінші мәрте халықаралық сайысқа қатысып, қарулы күштер мен қорғаныс саласынан тәжірибе жинақтаған атыраулық жас сарбаздар байқау ұйымдастырушылары мен сапарға қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын жеткізді.
Загрузка...


