«Vitrum»: археология, биотехнология және жасанды интеллект тоғысқан ғылыми жоба

Ғылымдағы ең құнды жаңалықтар көбіне әртүрлі салалардың тоғысқан тұсында дүниеге келеді. Бүгінде әлем ғалымдары тарихи мұраны сақтау ісіне биотехнологияны, цифрлық технологияларды және жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен енгізіп жатыр. Археология енді тек қазба жұмыстарымен ғана шектелмейді. Жер қойнауынан табылған жәдігерлерді ұзақ уақыт сақтап қалу, олардың табиғи және биологиялық бұзылуын болдырмау – ғылым алдындағы маңызды міндеттердің біріне айналды.

Қазақстан үшін бұл мәселенің маңызы ерекше. Ұлы Дала өркениетінің бай мұрасы, көне қалалар мен тарихи ескерткіштер ұлттық жадымыздың ажырамас бөлігі саналады. Алайда ғасырлар бойы жер астында сақталған көптеген артефактілер қазып алынғаннан кейін ауа, ылғал және микроорганизмдердің әсерінен тез бұзыла бастайды.

Осы өзекті мәселені шешуге талпыныс жасаған Атыраудағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары – 10 «D» сынып оқушысы Эльназ Смадьярова мен 9 «G» сынып оқушысы Асқар Жақсылықұлы. Олар «Vitrum: тарихи артефактілерді биодеградациядан тазарту механизмі» атты ғылыми жобаны әзірлеп, археологиялық жәдігерлерді қорғаудың инновациялық жүйесін ұсынды. Жобаның ғылыми жетекшісі – биология пәнінің мұғалімі Айгуль Молдасламова Спандиярқызы.

Олар біріге жүзеге асырған жоба халықаралық ғылыми қауымдастықтың да назарын аударды. Жас зерттеушілер Румынияда өткен NextCamp ұйымының 2026 жылғы халықаралық EuroChem конференциясына қатысып, өз жобаларын шетелдік ғалымдар мен сарапшылар алдында таныстырды. Ғылыми жаңалығы мен практикалық маңызы жоғары бағаланған «Vitrum» жобасы жас зерттеушілер арасындағы беделді «Europa Award» сыйлығына ұсынылды. Бұл жетістік оқушылардың ғылыми ізденісінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.

Біз жас зерттеушілермен және олардың ұстазымен ғылыми ізденістің бастауына бойлап, болашақ жоспарларын да біліп, кеңінен әңгіме өрбіткен едік. Сырлы сұхбаттан сіз де сусындай отырыңыз.

 «Тарих, химия және робототехниканың тоғысқан тұсында әлі толық шешімін таппаған үлкен ғылыми кеңістік бар…»

 – Эльназ, Асқар! Алдымен, осындай тың жаңалықтарыңызбен ғылым әлеміне аяқ басуларыңыызбен құттықтаймын! Көптеген жасөспірімдер ғылымнан гөрі басқа салаларға қызығушылық танытады. Ал сіздерді дәл осы тақырыпқа жетелеген қандай себеп болды?

– Біз заманауи технологиялар мен инженерия бағытында, атап айтқанда робототехника, микроконтроллерлер және бағдарламалау салаларында бірнеше жылдан бері ғылыммен айналысып келеміз. Көптеген қатарластарымыз бұл саланы тек спорттық жарыстар немесе ойын ретінде қабылдайды. Ал біздің мақсатымыз – осы жинақтаған инженерлік дағдыларымызды адамзатқа нақты пайда әкелетін, өткен тарихымыз бен мәдени мұрамызды сақтауға қызмет ететін маңызды бағытқа бұру болды.

Тарих, химия және робототехниканың тоғысқан тұсында әлі толық шешімін таппаған үлкен ғылыми кеңістік бар екенін түсіну бізге ерекше шабыт сыйлады.

– Қазақстанның тарихи мұрасын сақтауға үлес қосатын жоба жасау туралы идея алғаш қалай пайда болды?

– Біз өмір сүріп жатқан Атырау өңірі – Ұлы Жібек жолының бойындағы көне Сарайшық қаласы сияқты тарихи мекендердің алтын бесігі. Өлкетану мұражайларына барған сайын және археологиялық қазбалар туралы ғылыми есептермен танысқан кезде бір маңызды мәселеге назар аудардық. Топырақ астында ғасырлар бойы тұрақты микроклиматта сақталған жәдігерлер жер бетіне шығарылған сәттен бастап ауа мен жоғары ылғалдылықтың әсерінен өте жылдам деградацияға ұшырайды. Сол кезде бізде «экспедиция даласынан мұражай сөресіне дейінгі» ең қауіпті кезеңде артефактілерді қорғайтын отандық, мобильді әрі автоматтандырылған кешен жасау идеясы пайда болды.

– Артефактілердің биологиялық деградациясы мәселесін зерттей бастағанда сіздер үшін ең таңғаларлық жаңалық не болды?

– Біз үшін ең таңғаларлық ғылыми жаңалық микроорганизмдердің, әсіресе Bacillus және жіпше тәрізді Streptomyces бактерияларының жойқын әсері болды. Сырт көзге берік болып көрінетін қыш құмыралар мен ежелгі сүйектерді бұл хемогетеротрофты ағзалар тек ішінен бұзып қана қоймайды. Олар органикалық заттарды тотықтыру барысында өте агрессивті органикалық қышқылдар түзеді. Бұл қышқылдар жәдігерлердің минералдық негіздерін, мысалы сүйектегі гидроксиапатитті молекулалық деңгейде ерітіп, қатты материалды бірнеше айдың ішінде айтарлықтай бүлдіре алады. Бізді таңғалдырғаны да осы болды.

– «Vitrum» жобасын әзірлеу барысында өздеріңіз жүргізген тәжірибелердің ішінде ең есте қалғаны қайсысы?

– Ең есте қалған әрі жобамыздың тағдырын айқындаған тәжірибе – синтезделген тимол негізіндегі гидрогельді зақымдалған археологиялық сүйек үлгісіне жағып, оны 24 сағат бойы термостатта ұстағаннан кейін жүргізілген микроскопиялық бақылау болды. Цифрлық оптикалық микроскоп арқылы қарағанда спирт буланған соң гель матрицасының ішінде тимолдың ұзын ине тәрізді кристалдар түзгенін көрдік. Бұл кристалдық құрылым бактериялар мен зеңдердің дамуына жол бермейтін нақты механикалық әрі химиялық қорғаныс қабатын қалыптастырған еді. Сол сәтте теориялық гипотезамыздың тәжірибе жүзінде дәлелденгенін түсіндік.

– Гидрогельдерді синтездеу кезінде қандай қиындықтарға тап болдыңыздар және оларды қалай еңсердіңіздер?

– Бастапқы кезеңдегі ең үлкен қиындық желатинді қолдануымыз болды.

Алғашында желатин жәдігерлерді жақсы қорғайды деп ойладық. Алайда нәтиже күткенімізден мүлде өзгеше шықты. Желатин табиғи ақуыз болғандықтан, бактериялар үшін қоректік ортаға айналып, үлгілерімізді санаулы күннің ішінде зең басып кетті.

Бұл біздің ең үлкен ғылыми сәтсіздігіміз болғанымен, ең құнды сабағымызға айналды. Кейін біз органикалық негіздерден толық бас тартып, инертті синтетикалық полимерлерге – акрилге, гидроксиэтилцеллюлозаға және ПЭГ-400 жүйесіне көштік.

– Сарайшықтан табылған түпнұсқа жәдігерлермен жұмыс істеу сіздерге қандай жауапкершілік жүктеді?

– Бұл біз үшін үлкен психологиялық әрі ғылыми жауапкершілік болды. Өйткені қолыңда жай ғана зертханалық үлгі емес, бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген бабаларымыздың қолы тиген тарихи жәдігер тұрғанын сезіну ерекше әсер қалдырады. Кез келген кішігірім қателік артефактіні қайтымсыз зақымдауы мүмкін екенін түсіндік. Сондықтан әрбір компоненттің мөлшерін дәл есептеп, құрылғы параметрлерін бірнеше мәрте тексеріп барып жұмыс жасадық.

– Зерттеу барысында бастапқы ойларыңызды өзгерткен немесе күтпеген нәтиже берген жағдайлар болды ма?

– Иә, болды. Бастапқыда біз барлық материалдарға жарайтын әмбебап антисептик жасауды көздедік. Алайда тәжірибе барысында әр материалдың физикалық-химиялық қасиеттері әртүрлі екенін анықтадық. Темір сұйықтықты сіңірмейді, ал археологиялық сүйек пен керамика оны өзіне тартып алады. Осыдан кейін бір әмбебап ерітіндіден бас тартып, әр материалға арналған жеке химиялық формулалар жүйесін әзірледік.

– Бұл жоба сіздердің ғылымға деген көзқарастарыңызды қалай өзгертті?

– Бұрын ғылым бізге көбіне оқулықтардағы формулалар мен зертханалық жұмыстар сияқты көрінетін. Бұл жоба ғылымның шекарасы жоқ екенін көрсетті. Ең тиімді жаңалықтар инженерия, ІТ, микробиология және тарих секілді түрлі салалардың тоғысында пайда болатынын түсіндік.

Ғылым – нақты мәселені шешуге бағытталған шығармашылық әрі тірі процесс екеніне көзіміз жетті.

– Зерттеу жүргізу барысында өз бойларыңыздан бұрын байқамаған қандай қабілеттерді аштыңыздар?

– Ең алдымен, шыдамдылық пен сәтсіздікке мойымау қасиеттерін аштық. Сонымен қатар күрделі инженерлік жүйелерді біріктіру қабілетіміз дамыды. Raspberry Pi 5 микрокомпьютері, Arduino Mega контроллері және гидравликалық сорғылардың жұмысын бір жүйеге келтіру үлкен тәжірибе болды.

– «Vitrum» құрылғысының ең маңызды артықшылығы неде деп есептейсіздер?

– Ең басты артықшылығы – кешенділігі, автономдылығы және адам факторын барынша азайтуы. Raspberry Pi 5 арнайы математикалық модель арқылы жәдігердің ауданын, материалын және зақымдану деңгейін есептеп, қажетті гидрогельді дәл мөлшерде автоматты түрде береді. Осылайша жүйе уақытты үнемдеп қана қоймай, қателік ықтималдығын төмендетеді.

– Ғылыми жобаға қатысу болашақ мамандық таңдауларыңызға әсер етті ме?

– Әрине. Бұрын бағдарламалау немесе инженерия саласына ғана қызығушылық танытсақ, қазір технологиялардың биология, медицина, мәдени мұраны сақтау сияқты маңызды салалардағы рөлін терең түсіндік. Сондықтан болашақта биомедициналық инженерия, биотехнология немесе робототехника бағыттарында білім алғымыз келеді.

 – Егер жобаларыңызды халықаралық деңгейде таныстыру мүмкіндігі берілсе, оның қандай ерекшелігін ерекше атап өтер едіңіздер?

– Біз жобаның «Жасыл химия» қағидаттарына негізделгенін ерекше айтар едік.

Өйткені біздің жүйеде өсімдік тектес табиғи тимол қолданылады. Сонымен қатар жобаның экономикалық тиімділігі жоғары және оны мектеп зертханасы жағдайында әзірлеу мүмкін болды. Бұл – қолжетімді әрі экологиялық қауіпсіз технология.

– Ғылым жолындағы ең үлкен жетістіктеріңіз деп нені санайсыздар?

– Біз үшін ең үлкен жетістік – тек теориялық жоба жасап қоймай, нақты тәжірибелік өнім шығара алғанымыз. Сарайшық музей-қорығы мамандарының біздің жүйеге сенім білдіруі – ең үлкен ғылыми мойындау.

– Болашақта бұл жобаны қандай бағытта дамытқыларыңыз келеді?

– Бірінші кезекте жасанды интеллект негізіндегі компьютерлік көру жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Жүйе болашақта жәдігерді автоматты түрде сканерлеп, оның зақымдану деңгейін анықтай алуы тиіс. Сонымен қатар құрылғыны күн батареяларымен жұмыс істейтін толық автономды мобильді кешенге айналдыру жоспарда бар.

– Ғылыми ізденіске қадам басып жүрген қатарластарыңызға қандай кеңес берер едіңіздер?

– Ең бастысы – сәтсіздіктен қорықпау керек. Ғылымда теріс нәтиженің өзі маңызды нәтиже болып саналады. Біздің желатинмен болған сәтсіз тәжірибеміз кейін жаңа ғылыми шешімдерге жол ашты. Сондай-ақ жоба тақырыптарын интернеттен емес, өз өңірлеріңіздегі нақты мәселелерден іздеуге кеңес береміз. Нағыз жаңалық қоғамға қажет мәселелерді шешуден басталады.

– Керемет! Шындығында, сіздердей ғылымға, білімге түбегейлі бет бұрған жастарды көрген сайын болашағымыздың жарқын боларына сенім молаяды. Алтын уақыттарыңызды қиын да күрделі ғылым саласына сарп етіп қана қоймай, оны біздің басылым арқылы халықпен бөлісіп жатқандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамыз.

 «Ғылымдағы ең маңызды қасиет – сәтсіздіктен кейін де ізденісті тоқтатпау»

Сұхбатымызды жобаның ғылыми жетекшісі, Атыраудағы NIS-тің биология пәнінің мұғалімі Айгуль Молдасламова Спандиярқызымен жалғастырдық. Көп жылдық тәжірибесі бар ұстаз бұл жобаның ғылыми құндылығы, жас зерттеушілердің әлеуеті және ғылымдағы табандылықтың маңызы туралы ой бөлісті.

– «Vitrum» жобасының ғылыми әлеуетін алғаш қай қырынан байқадыңыз?

– Бұл жоба туралы алғаш рет оқушыларым айтып келгенде, ол маған бірден қызықты әрі қазіргі ғылыми зерттеулерге өзіндік сын-қатер тастайтын тың жоба болып көрінді.

Көптеген мектеп жобалары белгілі бір көлеммен және шектеулі зерттеу мүмкіндіктерімен ғана ерекшеленеді. Ал бұл жобада мен балалардың ойлау ауқымының кеңдігін, зерттеу тереңдігін көрдім. Өйткені мұнда тарих, биология, химия, физика, биотехнология, инженерия, бағдарламалау және математикалық есептеулер бір арнаға тоғысқан.

Оқушылар өз идеяларын таныстырған кезде мен көз алдыма болашақ зерттеудің толық бейнесін елестеттім. Жобаның мазмұны мен ғылыми әлеуеті ұнағаны соншалық, тақырыпты талқылау мен бекітуге небәрі он минуттай уақыт жұмсалды.

Сонымен қатар олардың мәселені шешудегі пәнаралық көзқарасы ерекше әсер қалдырды. Артефактілерді зақымдайтын микроорганизмдердің штаммдарын зерттеп, хемогетеротрофты деструкция механизмдерін молекулалық деңгейде талдап, оны автоматтандырылған гидравликалық жүйемен ұштастыру идеясы бұл жұмыстың үлкен ғылыми әлеуетке ие екенін көрсетті.

– Бұл зерттеудің қазіргі археология және биотехнология салалары үшін маңызы неде?

– Биотехнологияның қазіргі әлемдегі мүмкіндіктері өте ауқымды әрі сан қырлы. Өкінішке қарай, Қазақстанда археологиядағы биотехнологиялық зерттеулер АҚШ, Еуропа елдері, Жапония сияқты мемлекеттердегідей кең тарала қойған жоқ. Бірақ біздің еліміздің тарихи мұрасы, мәдени құндылықтары мен ғылыми әлеуеті еш кем емес. Сондықтан бұл жобаның маңызы өте жоғары деп есептеймін.

Археология үшін бұл – жәдігерлерді жер қойнауынан алынған сәттен бастап қорғауға мүмкіндік беретін жедел консервациялық құрал.

Ал биотехнология үшін – қоршаған ортаға зиянды дәстүрлі химиялық биоцидтерді өсімдік тектес, экологиялық қауіпсіз компоненттермен алмастырудың тиімді ғылыми үлгісі.

– Жобаның тақырыбын таңдауда қандай ғылыми және қоғамдық қажеттіліктер ескерілді?

– Ең алдымен, еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау қажеттілігі басшылыққа алынды.

Қазақстанда жыл сайын археологиялық қазбалар барысында көптеген құнды жәдігерлер табылады. Алайда оларды сапалы консервациялауға арналған материалдар мен технологиялар көбіне шетелден жеткізіледі немесе өте қымбат тұрады.    

Сондықтан қолжетімді, тиімді және отандық технология жасау қажеттілігі бұл жобаның негізіне айналды.

– Оқушылардың осындай күрделі ғылыми мәселемен айналысуына не түрткі болды деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, олардың бойындағы ізденімпаздық пен әлеуметтік жауапкершілік маңызды рөл атқарды. Балалар өз білімдерін тек олимпиада немесе жарыс аясында қалдырмай, қоғамдағы нақты мәселені шешуге пайдаланғысы келді. Сонымен қатар Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі ғылыми орта, заманауи зертханалық база және зерттеу мәдениеті олардың осындай батыл қадам жасауына мүмкіндік берді.

– Зерттеу барысында оқушылардың қандай қасиеттері сізді ерекше қуантты?

– Мені ең қатты қуантқан қасиет – олардың ғылыми тұрақтылығы мен дербестігі болды. Шынын айтсам, мені олардың алғашқы сәтсіздікті қалай қабылдағаны ерекше таңғалдырды. Бастапқы жоспарлары нәтиже бермеген кезде олар мойыған жоқ, дайын жауап іздеп маған жүгіріп келген жоқ. Керісінше, нағыз ғалымдарға тән салқынқандылықпен қателіктерін талдады, себептерін іздеді, ғылыми әдебиеттерді қайта қарап шықты және зерттеу стратегиясын толық өзгертті. Дәл сол сәтте мен олардың жай ғана мектеп оқушылары емес, өздігінен ойлай алатын, ғылыми шешім қабылдай алатын қалыптасып келе жатқан зерттеушілер екенін түсіндім.

Сондай-ақ академиялық адалдықты сақтауы, сыни ойлай білуі және ғылыми әдебиеттермен өз бетінше жұмыс істеуі мені ерекше қуантты.

 Гидрогельдерді пайдалану арқылы артефактілерді сақтау идеясының ғылыми жаңалығы неде?

– Ғылыми жаңалықтың негізі белсенді антисептикалық компоненттерді инертті полимерлі матрицаға енгізуде жатыр. Кәдімгі сұйық ерітінділер тез буланып кетеді немесе жәдігердің ішіне толық сіңіп кетеді. Ал гидрогель белгілі бір уақыт аралығында белсенді заттарды біртіндеп бөліп шығарады.

Нәтижесінде артефакт бетінде тимол кристалдарынан тұратын ұзақ мерзімді қорғаныс қабаты қалыптасады.

Бұл реставрациядағы басты қағидалардың бірі – қайтымдылық принципін сақтай отырып жүзеге асады.

– Сарайшық жәдігерлерінде сынақ жүргізудің ғылыми және тарихи жауапкершілігі қандай болды?

– Сарайшық – Алтын Орда мен Қазақ хандығы тарихындағы ерекше орын алатын қасиетті мекен. Сондықтан ол жерден табылған әрбір жәдігердің тарихи құндылығы өте жоғары. Оқушыларға түпнұсқа артефактілермен жұмыс істеуге мүмкіндік бермес бұрын біз жүздеген зертханалық сынақтар өткіздік. Бұл балаларға ғылымның тек қызықты тәжірибелер ғана емес, үлкен жауапкершілік екенін түсінуге көмектесті.

– Зерттеу барысында қандай ғылыми әдістер мен зерттеу тәсілдері қолданылды?

– Жоба барысында бірнеше ғылыми бағыттың әдістері кешенді түрде қолданылды. Зерттеу аясында артефактілердегі микроорганизмдерді анықтау үшін микробиологиялық селекция мен талдау жүргізіліп, бактерия штаммдары зерттелді. Сонымен қатар арнайы полимерлі гидрогельдерді алу мақсатында химиялық синтез жұмыстары атқарылды. Алынған материалдардың қасиеттері цифрлық оптикалық микроскоп арқылы бақыланып, кристалдардың түзілу үдерісі зерттелді. Бұған қоса гель мөлшерін дәл есептеуге арналған математикалық модельдеу, бағдарламалау және алгоритмдеу әдістері қолданылып, нәтижесінде автоматтандырылған инженерлік жүйе құрастырылды. Осындай пәнаралық әрі кешенді тәсіл жобаның ғылыми құндылығы мен практикалық маңызын арттыра түсті.

– Ғалымдар мен археологтардың сараптамалық пікірлері зерттеу бағытын өзгертуге немесе толықтыруға әсер етті ме?

– Әрине. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологтарымен және музей мамандарымен кездесулер жобаның әрі қарай дамуына үлкен әсер етті. Мысалы, темір артефактілерді қорғау үшін Benzotriazole ингибиторын қолдану жөнінде ұсыныстар алдық.

Сондай-ақ реставрациядағы маңызды қағидалардың бірі – қайтымдылық принципіне ерекше назар аудардық. Яғни, қолданылған қорғаныс материалы қажет болған жағдайда жәдігерге зиян келтірмей алынуы тиіс.

– Бұл жобаның практикалық қолданысқа ену мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

– Өте жоғары бағалаймын. Жобаның экономикалық тиімділігі жақсы. Құрылғының өзіндік құны шамамен 114 мың теңгені құрайды, ал гидрогельдің бір литрінің құны шамамен 6 мың теңге. Бұл шетелдік аналогтардан бірнеше есе арзан.

Сондықтан жобаның музейлерде, ғылыми орталықтарда және археологиялық экспедицияларда қолданылу мүмкіндігі жоғары деп есептеймін.

– Қазақстандағы тарихи мұраны сақтау ісінде осындай инновациялық технологиялардың рөлі қандай болмақ?

– Мұндай технологиялар отандық реставрация ғылымын жаңа деңгейге көтереді. Біз тарихи мұраны сақтау ісінде шетелдік технологияларға тәуелді болмай, өз ғылыми шешімдерімізді ұсына аламыз. Бұл еліміздің мәдени құндылықтарын халықаралық стандарттарға сай сақтауға мүмкіндік береді.

– Оқушылардың ғылыми зерттеу мәдениетін қалыптастыруда жетекшінің міндеті неден тұрады деп есептейсіз?

– Жетекші дайын шешім беруші емес. Оның міндеті – оқушыға дұрыс сұрақ қоя білуді, гипотеза құруды, ғылыми ақпаратпен жұмыс істеуді және академиялық адалдық қағидаларын сақтауды үйрету. Ең бастысы – сәтсіздік кезінде оқушының ғылымға деген қызығушылығын жоғалтып алмауына қолдау көрсету.

– Жоба барысында өзіңіз үшін де жаңа тәжірибе немесе тың жаңалық болған тұстар кездесті ме?

– Иә, болды. Мен биология және химия маманы ретінде инженерлік технологиялардың мүмкіндігін бұрыннан білетінмін. Бірақ Raspberry Pi 5 пен автоматтандырылған гидравликалық жүйелердің химиялық процестерді басқарудағы дәлдігін көру мен үшін ерекше тәжірибе болды. Оқушылардың инженерлік шешімдері мені де жаңа ғылыми бағыттарға қызықтыра түсті.

– Бүгінгі жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыру үшін білім беру ұйымдарына қандай қадамдар қажет деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, оқушыларға шығармашылық еркіндік беру керек. Командалық жұмысты дамыту, soft skills дағдыларын қалыптастыру, зерттеу мәдениетін нығайту маңызды. Сонымен қатар мектептердегі зертханалар тек жекелеген пәндерге бөлінбей, түрлі ғылымдардың тоғысқан жерінде жұмыс істейтін заманауи STEM-хабтарға айналуы қажет. Сонда ғана біз болашақтың жан-жақты, сыни ойлайтын әрі жаңашыл ғалымдарын тәрбиелей аламыз.

– Сізге ұдайы ізденіс үстінде жүріп, шәкірттерді оң бағытта бағдарлап жүргеніңіз үшін шынайы алғысымызды білдіре отырып, сәттілік тілейміз!

«Vitrum» жобасы – жасанды интеллект, биотехнология, инженерия және археология тоғысынан туған ғылыми ізденістің жарқын үлгісі. Бұл жұмыстың құндылығы – оның тек теориялық деңгейде қалмай, нақты тәжірибелік шешім ұсына алуында.

Ең маңыздысы – жоба жас зерттеушілердің ғылымға деген құштарлығын ғана емес, ұлттық мұраны сақтауға деген жауапкершілігін де көрсетті.

Тарихтың үнін болашаққа жеткізу үшін кейде археологтың күрегі ғана емес, биологтың зертханасы, инженердің алгоритмі және жас ғалымның батыл идеясы қажет болады. «Vitrum» жобасы – соның жарқын дәлелі.

Орынгүл МАХМУД,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий