Ақсудағы жаз – қызықты, пайдалы әрі әр балаға қамқорлықпен ұйымдастырылуда

2026 жылы Ақсу өңірінде оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, сауықтыру және жұмыспен қамту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Алғашқы маусымның қорытындысы бойынша 9 мыңнан астам бала түрлі демалыс және пайдалы жұмыспен қамту түрлерімен қамтылды.

Білім беру ұйымдарының базасында мектеп жанындағы лагерьлер, бейіндік ауысымдар, шатырлы және киіз үй лагерьлері жұмыс істеуде. Балалардың ерекше қызығушылығына ие болған этномәдени жобалар аясында оқушылар ұлттық салт-дәстүрлермен, туған өлкенің тарихымен және мәдени мұрасымен танысуда.

Алғашқы маусымның жарқын оқиғаларының қатарында «Ұлттық мұра – ұрпаққа үлгі» этнофестивалі, «Қонақжайлы ауыл» байқауы, сондай-ақ «Жас сарбаз – Expedition» және «Ұлы дала рухы» шатырлы лагерьлерінің жұмысы бар. Бұл жобалар оқушылардың патриоттық сезімін нығайтып, көшбасшылық қасиеттері мен командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуға ықпал етеді.

Заманауи технологияларға да ерекше көңіл бөлінуде. «AI Kids: миыңды шыңда» жобасы аясында оқушылар робототехникамен танысып, жасанды интеллект көмегімен голограммалар мен мультфильмдер жасауды үйренуде. Сонымен қатар, жаз мезгілінде Абай және Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептер базасында IT-лагерьлер өз жұмысын жалғастырады.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Белсенді интеллект» және «Эко-әлемге саяхат» жобалары да сұранысқа ие. Ал «Эко шабыт – 2026» жобасы аясында оқушылар экологиялық бағыттағы танымдық және зерттеу іс-шараларына қатысып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды үйренуде.

Балалардың эмоционалдық саулығын сақтау мақсатында арт-терапияны, құм терапиясын, шығармашылық шеберлік сабақтарын және психологиялық тренингтерді қамтитын «Art-Time» жобасы жүзеге асырылуда. Күн сайын өткізілетін сабақтар балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға, коммуникативтік дағдыларын дамытуға және демалыс уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.

Ақсудағы жазғы науқан жалғасуда. Балалардың белсенді демалуына, сауықтыруына, шығармашылық тұрғыдан дамуына, заманауи технологиялармен танысуына және жаңа білім алуына барлық жағдай жасалған. Басты мақсат – әрбір бала үшін жазғы демалысты қауіпсіз, қызықты әрі ұмытылмас ету.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий