Танымға толы жаз: Шарбақты ауданындағы лагерьлердің алғашқы ауысымы аяқталды
Павлодар облысының Шарбақты ауданында 2026 жылғы 1–19 маусым аралығында мектеп жанындағы және бейіндік жазғы лагерьлердің алғашқы ауысымы сәтті аяқталды. Үш апта бойы 500-ден астам оқушы қызықты демалыс өткізіп, шығармашылық, спорттық және танымдық шараларға белсене қатысты.
Лагерьлер «Адал азамат» бірыңғай тәрбиелік бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, балалардың қауіпсіз, пайдалы әрі мазмұнды демалысын қамтамасыз етуге бағытталды. Әр күн таңғы жаттығудан басталып, түрлі ойындар, спорттық жарыстар, шеберлік сабақтары мен тәрбиелік іс-шараларға ұласты.
Жазғы демалыс барысында оқушылар патриоттық бағыттағы кездесулерге, ұлттық ойындарға, экологиялық акцияларға және шығармашылық жобаларға қатысты. «Менің туым», «Рәміздер – ұлттық мақтаныш» тақырыбындағы іс-шаралар арқылы балалар мемлекеттік рәміздердің маңызын танып, ұлттық құндылықтарға құрметін арттырды.
Экологиялық бағыттағы жұмыстар да ерекше ұйымдастырылды. Балалар аумақтарды тазалау акцияларына қатысып, табиғатты қорғау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау туралы білімдерін кеңейтті. Табиғат аясындағы серуендер мен экскурсиялар оқушыларға туған өлкенің әсемдігін тануға мүмкіндік берді.
Лагерь бағдарламасында танымдық сапарлар да маңызды орын алды. Оқушылар Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейіне, Ертіс өзеніндегі теплоходқа, метеостанцияға, өрт сөндіру бөліміне және басқа да қызықты орындарға барды.
Балалар бос уақыттарын шығармашылықпен де тиімді өткізді. Робототехника, LEGO құрастыру, музыка, қолөнер, өнер бағытындағы үйірмелерге қатысып, өз қабілеттерін дамытты. Ал спорттық жарыстар мен көңілді эстафеталар белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал етті.
Жазғы лагерьлердің алғашқы ауысымы балаларға жаңа достар, жарқын әсерлер және пайдалы тәжірибе сыйлады. Щербақты ауданында жазғы демалыс жалғасып, алдағы ауысымдарда оқушыларды қызықты жобалар мен мазмұнды іс-шаралар күтіп тұр.
Загрузка...

