Қауіпсіз әрі мазмұнды жаз: Ертіс ауданындағы лагерьлер жұмысы
Ертіс ауданында мектеп жанындағы және бейіндік жазғы лагерьлердің алғашқы маусымы өз жұмысын сәтті аяқтады. Жазғы сауықтыру кезеңінің алғашқы кезеңінде 1713 оқушының демалысы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік жасалды.
Оның ішінде 25 мектеп жанындағы лагерьде 801 бала демалса, бейіндік лагерьлерге 912 оқушы қамтылды. Балалардың демалысын мазмұнды өткізу, денсаулығын нығайту және шығармашылық қабілеттерін дамыту бағытында түрлі мәдени, спорттық және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Балалардың қала сыртындағы сауықтыру орталықтарында демалуына да ерекше көңіл бөлінуде. Маусым айында ауданның 25 оқушысы Баянауыл ауданындағы «Жас дәурен» оқу-сауықтыру орталығына жолданып, пайдалы демалыс өткізді. Ал 29 маусым күні тағы 40 оқушы Бурабайдағы «Звездный» қала сыртындағы лагеріне аттанады.
Мемлекеттік тілді дамыту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ауданның 8 мектебінде 156 баланы қамтыған киіз үй лагерьлері ұйымдастырылды. Сонымен қатар, үш мектеп базасында 30 оқушы қатысқан шатырлы лагерьлер жұмыс істеді.
Жазғы демалыс бағдарламасы балалар үшін қызықты әрі мазмұнды өтті. Ұзынсу орта мектебінің оқушылары Павлодар қаласына танымдық экскурсия жасап, қыш шеберханасында шығармашылық қабілеттерін сынап көрді. Сонымен қатар картингке қатысып, ерекше әсерге бөленді.
Уәлиханов атындағы орта мектеп базасында әскери-патриоттық бағыттағы «Сарбаз» бейіндік лагері жұмыс істеді. Шекара қызметі өкілдерімен бірлесіп өткізілген тәжірибелік сабақтар мен көрсетілімдер оқушылардың қызығушылығын арттырып, патриоттық сезімін нығайтуға ықпал етті.
Еңбек тәрбиесіне де ерекше назар аударылды. 502 оқушы мектеп жанындағы тәжірибелік учаскелерде еңбек етіп, өсімдіктерді күтіп-баптау, аумақтарды абаттандыру жұмыстарына қатысты. Бұл балаларды еңбекке құрметпен қарауға және жауапкершілікке тәрбиелеуге бағытталды.
Кешкі уақытта оқушылар үшін түрлі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Түрлі-түсті кештер, ашық аспан астындағы кино көрсетілімдері, спорттық жарыстар, шығармашылық байқаулар, зияткерлік ойындар мен ойын-сауық бағдарламалары балалардың демалысын одан әрі қызықты етті.
Ертіс ауданындағы алғашқы лагерь маусымы балаларға жаңа білім, жарқын әсерлер мен пайдалы тәжірибе сыйлады. Жазғы демалыс жалғасып, алда оқушыларды жаңа қызықты жобалар мен іс-шаралар күтуде.
Загрузка...

