ЖИ дәуіріндегі толық адам: ұлттық білім стратегиясының рухани өзегі (Тамшы тама берсе, тасты да теседі)
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Кез келген мемлекет үшін адами капитал басты өлшемге айналды… Сондықтан бүгінгі отырысты адами капиталдың негізгі бағыттарын дамыту мәселесіне арнадық. Бұл – білім беру, ғылым және денсаулық сақтау саласы», – деп атап өтті. Президенттің осы стратегиялық ұстанымының Конституцияның жаңа жобасында арнайы бап ретінде көрініс табуы Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын негізгі бағдар екені ақиқат. Себебі жасанды интеллект дәуірінде және адамға бағдарланған Индустрия 5.0 тұжырымдамасында білім, ғылым, дағды, денсаулық, ұлттық құндылықтар мен адамның рухани-адамгершілік әлеуеті ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің өзегіне айналады.
Мур заңына сәйкес технологиялық өнімділік әр 18 айда екі есе өседі, яғни әлемдегі геосаяси конфигурация мен әлеуметтік-экономикалық трансформация экспоненциалдық даму қисығына сай өзгереді. Атап айтқанда, жасанды интеллект жүйелерінің адам өміріне интеграциясы технологиялық, саяси-әлеуметтік және экономикалық өзгерістердің қарқынын күрт үдетіп отыр. Осындай VUCA-ортада, айналаның барлығы тұрақсыз, белгісіз, күрделі, екіұшты жағдайда бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін дамудың қандай траекториясын таңдау керек? Өркениеттің тұрақты даму бағытын қалай айқындауға болады? Қазақстанды қандай стратегиялық тәуекелдер күтіп тұр және ел оларға қаншалықты дайын?
Аумақтық көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде 9-орында (2,7 млн км²), минералдық ресурстар бойынша көптеген позицияларда алдыңғы ондыққа кіреді (уран бойынша әлемде 2-орын – 18,9% әлемдік қорлардың, мырыш бойынша 1-орын – 15,2%, хром бойынша 1-орын – 37,6%, т.с.с.), ал халық саны бойынша 63-інші позицияда. Дүниежүзілік банк деректері негізінде жасалған бағалау бойынша Қазақстанның табиғи ресурстарының жалпы құны $3,837 трлн (мұнай – $2,275 трлн, металл кендері – $292 млрд, табиғи газ – $170 млрд, көмір – $1,1 трлн), бұл әлемдік рейтингте 11-орын. Халық саны шамамен 20 млн екенін ескерсек, жан басына $192 мың табиғи ресурс келеді, бұл Қазақстанды жан басына шаққандағы ресурстар бойынша әлемдік топ 7-ге еркін енгізеді деген сөз. Ал іс жүзіндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз қандай?
Жан басына шаққандағы ЖІӨ критерийі бойынша Қазақстан 2025 жылы $14,770 көрсеткішімен ТМД елдерінің арасында көш бастап тұр (Ресей – $14,260, Қытай – $13,690), бірақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ресми мүшесі емес. ЭЫДҰ мемлекеттерінің орташа медианасы – $35,000-$40,000. Демек, табиғи байлығымыз мол болғанымен, оны ұлттық табысқа, одан әрі адам сапасына айналдыру тетігі әлі де толық іске қосылмай отыр.
ЭЫДҰ дамыған елдерінде адами капиталдың үлесі ұлттық байлықтың 70-80%-ын құрайды, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 40%-дың айналасында. Адами капитал көрсеткіші бойынша Қазақстан ең төменгі дамушы елдер қатарында. Бұл жерде мәселе тек экономикалық есепте емес, ұлттың ұзақ мерзімді өміршеңдігінде. Себебі табиғи байлық сарқылады, өндірістік модель өзгереді, технология жаңарады, ал ұлтты ұстап қалатын ең берік қор – адамның сапасы, білімнің тереңдігі, мінездің беріктігі, денсаулық пен рухтың тұтастығы.
Қазақстанның ЖІӨ құрылымында табиғи ресурстардан түскен табыс айтарлықтай үлес алады: 25-27%, әлемдік орташа көрсеткіш 6-7%. Қазақстан экономикасы ЭЫДҰ елдері сияқты жоғары табыс деңгейіне адами капиталдың интенсивті дамуы арқылы емес, ресурс-экстрактивті экономикалық модель негізінде жетіп отыр. Бұл көп ұзамай экологиялық деградация мен экономикалық тұрақсыздық тәуекелдерін туғызады, қазақша жалпақ тілмен айтқанда, «табиғи ресурстардың қарғысына» алып келуі әбден мүмкін.
Технологиялық үдеудің экспоненциалдық сипаты туралы жазатын бірқатар футурологтар мен жасанды интеллект саласының ықпалды сарапшылары адамзатты алдағы онжылдықтарда түбегейлі трансформация күтіп тұрғанын айтып жүр. Google корпорациясында ұзақ жылдар бойы инженерлік және жасанды интеллект бағытында қызмет атқарған белгілі өнертапқыш, футуролог әрі ЖИ сарапшысы Рэй Курцвейлдің болжамы бойынша, жалпы жасанды интеллект – адам деңгейіндегі интеллектке жақындайтын AGI – 2029 жылға қарай пайда болуы мүмкін. Оның әрі қарайғы пайымдауынша, ЖИ-дың өзін-өзі жетілдіру қабілеті мен адам интеллектісімен ықпалдасуы 2045 жылға қарай технологиялық сингулярлыққа жол ашып, адамзаттың интеллектуалдық мүмкіндігін бұрын-соңды болмаған деңгейге, тіпті миллион есе кеңею шегіне дейін жеткізуі ықтимал.
Сингулярлық күй – бұл болашақты болжау мүмкіндігі күрт төмендейтін түбегейлі белгісіздік нүктесі. Мұндай жағдайда ЖИ жүйелері адам ақылының жекелеген қызметтерін ғана емес, күрделі шешім қабылдау, өзін-өзі жетілдіру және жаңа білім өндіру қабілеттерін де меңгеруі мүмкін деген болжам бар. Курцвейлдің бұл болжамдары ең батыл әрі агрессивті сценарийлер қатарына жатса да, ол жалғыз емес: қазіргі ЖИ саласындағы бірқатар ықпалды тұлғалар да AGI мен суперинтеллект мәселесін алыс болашақтың емес, жақын онжылдықтардың күн тәртібі ретінде қарастырып отыр. Мәселен, OpenAI басшысы Сэм Альтман суперинтеллект бірнеше мың күн ішінде (бірнеше жылда) пайда болуы мүмкін екенін айтса, Anthropic басшысы Дарио Амодей қуатты ЖИ 2026 жылдың өзінде-ақ көрініс беруі ықтимал деп пайымдайды, ал Илон Маск AGI ең ақылды адамнан да асып түсетін деңгейге 2026 жылы-ақ жетуі мүмкін деген болжам жасаған. Дегенмен, ғылыми қауымдастықта бұл мерзімдерге қатысты ортақ консенсус жоқ: ЖИ зерттеушілерінің бір бөлігі AGI-дің 2040-2050 жылдар аралығында пайда болуы ықтимал деп бағалайды.
Алдағы 10-20 жылда адамзат тарихындағы ең үлкен технологиялық серпіліс болуы мүмкін кезеңде экономикалық құрылымы шикізаттық модельге негізделген Қазақстанның саяси-экономикалық және әлеуметтік-рухани күйі қандай болмақ? Егер дамыған елдердің ұлттық байлығының 70-80%-ы адами капиталға негізделсе, ал AGI дәуірінде адам еңбегі мен білімінің біраз бөлігі құнсыздану қаупіне ұшыраса, онда еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қалай қамтамасыз етеміз?
Абайша айтқанда: «Алдың – жалын, артың – мұз, барар едің қай жаққа?» дегеннің кері келіп тұр қазіргі Қазақстанның саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік жағдайында. Мұндай қиын-қыстау күрделі кезеңді қалай еңсеруіміз қажет?
XXI ғасырда экономиканың негізін табиғи ресурстар мен өндірістік капитал емес, білім мен технологиялық құзыреттілік, ұлттық мәдениет пен жалпыадамзаттық этика, адами капитал мен әлеуметтік-экологиялық жауапкершілік құрайтын болады. Бұл – жай болжам емес, ғылыми және тарихи үрдістің бағыты. Дамушы және дамыған елдер арасындағы экономикалық даму деңгейінің елеулі айырмасын адами капиталдың сапасы, яғни білім беру жүйесінің тиімділігі, денсаулық сақтау деңгейі, халықтың технологиялық құзыреттілігі және институттардың сапасы айқындайды.
Қазақстан бүгін тарихи таңдау алдында тұр: не шикізатқа негізделген экономика моделін одан әрі жалғастырып, «табиғи ресурстардың қарғысына» қалу, не адами капиталға негізделген жаңа өркениетке батыл қадам жасау.
Батыл әрі серпінді қадам жасауға біздің қандай мүмкіндіктеріміз бар? Адами капиталдың іргетасын және ең негізгі өзегін білім беру жүйесі құрайды. Қазіргі Қазақстанның білім беру жүйесі заман талабымен қалай үйлесімді дамып жатыр? Қарқынды өзгерістер алып келе жатқан сын-қатерлерге қаншалықты дайын? Білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар XXI ғасырдың адами капиталын қалыптастыруға қауқарлы ма?
Адами капиталдың білім компонентін сипаттайтын индикаторлардың бірі – PISA нәтижелері. PISA деректеріне сүйенсек, 2018 жылғы көрсеткіштер төмен деңгейде сақталды. 2022 жылы нәтижелер шамамен тұрақтанғанымен, қатысушы елдер арасында қазақстандық оқушылардың бірде-бір көрсеткіші алғашқы жартылыққа енбеді. Мысалы, 2022 циклінде ең жоғары нәтиже математикадан 425 балл болып, 81 елдің ішінде 47-орынға тұрақтады. Бұл тек «бір пәннің» мәселесі емес, білім экожүйесінің тұтас жұмыс істеу сапасын сипаттайтын жүйелік көрсеткіш деуге болады.
Білім жүйесінің сапалы адами капиталды қалыптастырудағы стратегиялық шектеулерін шартты түрде екі топқа бөлуге болады: сыртқы және ішкі факторлар.
Бірінші сыртқы факторлардың өзегінде, ең алдымен, мемлекеттің адами капиталды дамытуға қатысты мақсат пен идеологиясының әлсіздігі жатыр. Қоғам «қандай түлек керек?» деген сұраққа ортақ әрі өлшенетін жауап бермейінше, кез келген реформа техникалық өзгерістер деңгейінде қала береді. Айқын ұлттық идеология – оқыту мен тәрбиенің тұрақты дамуының, заман талабына сай құзыретті, ұлтының үмітін ақтайтын ұлтжанды тұлға қалыптастырудың табиғи ортасы, онсыз білім жүйесі «сусыз балық» күйіне түседі. Бұл идеология жалаң ұран емес, балабақшадан бастап университетке дейін жалғасатын адам сапасының өлшенетін моделі болуы тиіс.
Екінші маңызды сыртқы мәселе – білім берудің ғылыми танымға негізделген төл, ұлттық теориялық тұғырының жоқтығы. Батыстан, шығыстан алынған тұжырымдамалар мен теориялар, әдістер мен технологиялар көбіне оқытуға бейімделіп, ұлттық менталитет пен ұстанымдарға сәйкес келмей, тәрбие мәселесі назардан тыс қалып жатады. Ал тәрбие – оқытумен біте қайнасқан, бірінсіз бірі толық іске аспайтын үдеріс. Сондықтан ол жергілікті мәдени-өркениеттік негізде, ұлттық құндылықтар ұстынында тұтас тұжырымдамалық жүйе ретінде құрылуы тиіс.
Осы тұста Абай танымының, соның ішінде «Толық адам» тұжырымдамасының ЖИ дәуіріндегі мәні мүлде жаңа сапалық деңгейге көтеріледі. Бұрын Абайды тану көбіне әдеби-тарихи, мәтіндік, герменевтикалық бағытта өрбісе, ендігі кезеңде ол адам сапасын қалыптастыратын қолданбалы қоғамдық-әлеуметтік парадигмаға айналуы қажет. Себебі жасанды интеллект ақылдың кейбір техникалық қызметтерін атқара алады: мәтін жазады, есеп шығарады, дерек талдайды, сурет салады, болжам жасайды. Бірақ ЖИ-де Абай айтқан тірі жүрек жоқ. Ол ұялмайды, тәубе етпейді, иман келтірмейді, ар азабын кешпейді, әділет үшін жаны ауырғандықтан әрекет етпейді. Демек, ақылдың бір бөлігі машинаға көшкен дәуірде адамды адам күйінде сақтайтын басты өлшем – жүрек, ар, ұят, әділет, рақым, жауапкершілік сияқты адами қасиеттер.
Абайдың «ақыл, қайрат, жүрек» үштағаны осы тұрғыдан қарағанда XXI ғасырдағы білім философиясының өзегіне айналуы тиіс. Жүрексіз ақыл – қауіпті, жүрексіз қайрат – қатерлі, жүрексіз ғылым – өлі ғылым. Егер білім жүйесі баланы тек функционалдық дағды иесі, еңбек нарығына қажет маман, тест балын жинаушы оқушы ретінде ғана қалыптастырса, онда ЖИ дәуірінде ол адамды емес, алгоритмге бейімделген құралды тәрбиелейді деген сөз. Сондықтан «Толық адам» тұжырымдамасы фрагменттік мәдени жоба емес, білім, тәрбие, ЖИ этикасы, отбасы, еңбек мәдениеті, мемлекеттік басқару және қоғамдық жауапкершілік деңгейінде қайта қаралатын жаңа қоғамдық-әлеуметтік сатының рухани өзегіне айналуы қажет.
Қазіргі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы тәрбиедегі түйткілдерді жүйелік деңгейде шеше алмайды: мәселе тек қосымша шараларда емес, білім жүйесінің іргетасында. Егер мектеп «қисайған ескі ғимарат» болса, оны құлатып алмаудың амалы деп ық жағынан спорт және акт зал салу негізгі проблеманы шешпейді. Керісінше, мұғалімдер мен оқушылардың назары оқу мазмұнынан іс-шараларға ауады. Нәтижесінде, қазір орын алып отырған жағдай құзыреттілікке құрылған білім беру мен тәрбие моделі балалардың бойында мемлекеттік ұстаным мен ұлттық мінез қалыптастырудан гөрі жалаң челлендждер мен видео-есептерге айналуда, еңбек тәрбиесі мен кәсіби бағдар беру әлсіреуде.
Тәрбие мәселесі тек мектеп қабырғасында шешілмейді. Баланың тұлғалық өзегі ерте жастан, отбасы мен балабақша кеңістігінде қалыптаса бастайды. Сондықтан адами капитал стратегиясы мектептен ғана емес, 0-6 жас аралығындағы ерте дамудан, тілдік ортадан, ата-ананың педагогикалық мәдениетінен, баланың эмоционалдық қауіпсіздігінен басталуы тиіс. Үйдегі оқу мәдениеті әлсіз, ата-ананың мектеппен серіктестігі орнықпаған, баланың экран уақыты мен ақпараттық ортасы бақылаусыз қалған жағдайда мектеп жалғыз өзі толыққанды тұлға қалыптастыра алмайды.
Үшінші сыртқы себеп – басқарудағы тұрақсыздық және реформалардың үзік-үзік жүруі. Жиі өзгеретін стандарттар мен есеп беру талаптары сапаны арттыруға емес, жаңа тәртіпке бейімделуге мәжбүрлейді. Мұндай турбуленттілікте ұзақмерзімді педагогикалық мәдениет орнықпай, нақты нәтижеден гөрі қағаздағы көрсеткішті «жабу» басым болады, формализм институционалдық деңгейде күшейеді. Ал білім беру жүйесі – тәжірибе алаңы емес, ұлттың тағдырын қалыптастыратын ең нәзік әрі ең жауапты институт.
Төртінші, ендігі ішкі факторлардың бірі – академиялық білімнің басымдығы салдарынан оқу нәтижесінің негізгі өзегі саналатын функционалдық сауаттылықтың әлсіздігі. Оқушы ақпаратты жатқа айтуы мүмкін, бірақ мәтінді түсіну, дәлел құру, өмірлік жағдайға қолдану, логикалық ойлау арқылы есеп шығару сияқты базалық қабілеттер жеткіліксіз болса, жоғары технология дәуірінде ол бәсекеге емес, тәуелділікке ұрынады. ЖИ құралдары ақпаратқа қолжетімділікті арттырғанымен, түсінбей қабылдау, манипуляцияға еріп кету, сыни ойдың әлсіреуі секілді кемшіліктерді күшейтеді.
Бұл мәселенің тағы бір түбірі – оқу мазмұны мен оқулық сапасында. Көп жағдайда оқулық тілі ауыр, өмірмен байланысы әлсіз, пәндер арасындағы сабақтастық жеткіліксіз, ал тапсырмалар баланың ойлауын тереңдетуден гөрі ақпаратты қайталауға бейімделген. Функционалдық сауаттылықты арттыру үшін тек тест форматын өзгерту жеткіліксіз. Оқулық, әдістеме, мұғалім даярлығы, бағалау және өмірлік тәжірибемен байланысты оқу мазмұны бір арнаға түсуі тиіс…
Бесінші ішкі түйін – өлшеу мен бағалау құралдарының әлсіздігі және бағалау жүйесі мен әдістеменің сәйкессіздігі. Егер мектеп бағалауы оқытудың шынайы сапасын дәл көрсетпесе, басқарушылық шешімдер де қате болады. Бұл ата-ана сенімін төмендетіп, репетиторлық пен қосымша орталықтардың кеңеюіне жағдай жасайды. Соның салдарынан білім сапасын арттыру үшін мемлекет бір шығын шығарса, ата-ана да қосымша шығынданып, қоғам үшін құн екі еселенеді. Бүгінгі таңда көпшілік ата-аналардың репетиторлыққа жүгінуі – білім жүйесі сапасының төмендігінің айқын белгісі. Валидті өлшем болмаса, сапаны көтеру саясаты да «өлшенбейтін мақсатқа» айналады.
Алтыншы мәселе – теңсіздік пен ресурс тапшылығы: қала-ауыл және элиталық-қарапайым мектептер арасындағы алшақтық. Инфрақұрылымы әлсіз ортада сапа төмендеп, мықты мұғалімдер тұрақтамайды, күшті ортада нәтиже тез өседі. Ресурстар таңдаулы сегменттерге ығысқан сайын жалпы жүйе «орташа деңгейді» көтерудің орнына, айырманы ұлғайтады. Мұндай жағдайда Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Назарбаев Университеті елге маңызды кадр дайындағанымен, жалпы жүйемен байланысы әлсіз болса, «аралдық сапа» феномені сақталып, ұлттық деңгейде теңсіздік тереңдейді.
Осыған байланысты НЗМ мен НУ-дың құрылғанына он бес жылдан асқан кезде түлектердің соңғы жылдардағы еңбек нарығына кірігуін мониторингтеу маңызды: жалпы мектептермен салыстырғанда қаржыландыруы бірнеше есе жоғары жүйенің мемлекет мүддесіне сәйкестігі нақты бағалануы тиіс. Әйтпесе келесі толқын «Келешек» мектептері де сол траекторияны қайталайтыны анық. Бұл жерде мәселе таңдаулы мектептерді жоққа шығаруда емес, олардың тәжірибесін жалпы ұлттық жүйеге тарату тетігінің әлсіздігінде.
Теңсіздік мәселесін айтқанда инклюзивті білім беруді де назардан тыс қалдыруға болмайды. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алуы, ауылдағы логопед, дефектолог, психолог тапшылығы, инклюзивті сыныптағы мұғалімнің әдістемелік және эмоциялық жүктемесі – білім әділеттілігінің ең сезімтал өлшемдерінің бірі. Инклюзия қағаздағы норма емес, қоғамның адамға деген шынайы қатынасының айнасы болуы тиіс.
Жетінші – кадрлық әлеуеттің жеткіліксіздігі және төмендігі: мұғалім, директор, психолог тапшылығы және сапалық әркелкілік. Жүйенің өнімділігі, ең алдымен, мұғалім корпусының кәсіби деңгейі мен еңбек жағдайына тәуелді. Көшбасшылық әлсіз, психологиялық қолдау жеткіліксіз, пәндік кадр тапшы ортада ең жақсы бағдарлама да қағаз жүзінде қалады. Мұнда мәселе тек жалақыда емес: даярлау сапасы, әдістемелік сүйемелдеу, кәсіби өсу траекториясы және ішкі басқару мәдениеті бірге жаңаруы керек.
Әсіресе педагогикалық университеттердің сапасы жеке стратегиялық мәселе ретінде қаралуы қажет. Мұғалім мектепке келген соң ғана қалыптаспайды. Оның дүниетанымы, пәндік тереңдігі, бала психологиясын түсінуі, әдістемелік мәдениеті, кәсіби этикасы жоғары оқу орнында қаланады. Егер педагог мамандығына ең мықты жастар бармаса, педагогикалық практика формалды өтсе, жас мұғалімге менторлық жүйе берік болмаса, мектептегі кадр сапасын тек бұйрықпен көтеру мүмкін емес.
Сегізінші – цифрлық трансформация мен ЖИ-дың реттелмеуі. ЖИ мектепке стихиялы еніп жатыр: қолдану шеңбері, академиялық адалдық, дерек қауіпсіздігі, бағалаудың жаңа форматы сияқты ережелер дайын болмаса, дәстүрлі үй жұмысы мен эссе тәрізді тапсырмалар өлшем қызметін жоғалтады. Мәселе тыйымда емес, ЖИ-ды басқарылатын педагогикалық технологияға айналдыруда. Әйтпесе бағалау күйреп, оқу мотивациясы мен әділдік қағидаты әлсірейді.
Сонымен бірге ЖИ-ды тек қауіп ретінде емес, мүмкіндік ретінде де қарау керек. Ол мұғалімнің қағаз жұмысын азайтуға, оқушының әлсіз тұстарын диагностикалауға, жеке оқу траекториясын жасауға, ауыл мектептеріне сапалы цифрлық контент жеткізуге, қазақ тіліндегі білім ресурстарын жаңа деңгейге көтеруге қызмет ете алады. Бірақ бұл мүмкіндік жүрексіз технологияға емес, Абай айтқан арлы ақылға сүйенгенде ғана пайдалы болады. ЖИ-ды қолданудың басты сұрағы «қалай prompt жазу керек?» деген техникалық сауалмен шектелмеуі тиіс. Негізгі сұрақ – «адам оны қандай ниетпен, қандай жауапкершілікпен, қандай ар өлшемімен қолданады?» деген сұрақ.
Тоғызыншы – мектеп мәдениеті мен жүктеме: қағазбастылық, артық есеп, шамадан тыс жүктеме мұғалім мен оқушыны қажытады. Қажыған жүйе инновацияны қабылдамай, күрделі өзгеріске емес, қысқа мерзімді есеп беруге бейімделеді. Ал VUCA ортада дәл бейімделгіштік пен ішкі тұрақтылық ең қымбат ресурс. Оқушының эмоционалдық қауіпсіздігі, буллингтің алдын алу, мотивацияның төмендеуі, психологиялық қажу, әлеуметтік қысым сияқты факторлар білім сапасының сыртындағы қосымша тақырып емес, оның ішкі өзегі болып отыр.
Оныншы маңызды мәселе – педагогикалық ғылым мен жалпы білім беру жүйесі арасындағы сабақтастық пен байланыстың әлсіздігі. Отандық педагогикалық ғылымға деген нақты мемлекеттік тапсырыс пен жүйелі сұраныстың болмауы бұл мәселені тереңдете түсуде. Себебі білім беру жүйесін басқаруға келген министрлер үшін реформаларды тыңғылықты ғылыми-теориялық негізде әзірлеуден гөрі, шетелдік дайын технологияларды бейімдемей көшіру арқылы қысқа мерзімді нәтижеге қол жеткізу маңыздырақ. Нәтижесінде, отандық педагогикалық ғылым нақты сұраныс пен практикалық қолданыстан тыс қалып, тоқырау жағдайына ұшырауда.
Осы тұста кәсіптік-техникалық және жоғары білім жүйесін де жалпы адами капитал стратегиясынан бөліп қарауға болмайды. Барлық түлектер академиялық университет бағытына кетуі шарт емес. Елге сапалы инженер-техниктер, өндірістік мамандар, қолданбалы ІТ кадрлар, орта буын кәсіп иелері, заманауи колледж түлектері қажет. Университеттерде де диплом инфляциясы, академиялық адалдық, ғылыми жетекшілік сапасы, магистратура мен докторантураның нақты ғылыми нәтижесі, еңбек нарығымен байланыс сияқты түйіндер ашық бағалануы тиіс. Адами капитал толық циклмен қаралғанда ғана нәтиже береді: балабақша – мектеп – колледж – университет – ғылым – еңбек нарығы – өмір бойы оқу.
Міне, қазіргі таңдағы білім жүйесінде орын алып отырған осы маңызды мәселелер жеке-жеке емес, өзара күшейетін жүйелік цикл құрайды: мақсат айқындалмаса – өлшеу әлсірейді; өлшеу әлсіз болса – басқару қате шешім қабылдайды; басқару тұрақсыз болса – формализм күшейеді; теңсіздік артса – нәтиже шашырайды; кадр әлсіресе – реформа имитацияға айналады; отбасы мен ерте даму назардан тыс қалса – мектеп салдармен күреседі; ЖИ осы әлсіздіктерді бірнеше есе жылдамдататын «күшейткіш» қызметін атқарады. Сондықтан «Қазақстанның болашағы» туралы әңгіменің логикалық жалғасы – білімді жекелеген түзетулермен емес, идеология – мақсат – өлшеу – ресурс – кадр – мәдениет – цифрлық басқарым – отбасы – ерте даму – ЖИ этикасы біртұтас жүйе ретінде қайта құру қажеттігі туындап отыр.
Батпаққа батып бара жатқан білім жүйесін жекелеген реформалармен, әр тарапқа тартылған жүйесіз өзгерістермен құтқару мүмкін емес. Егер ол жүйені бір арнаға тоғыстыратын, жаңа Конституцияда айқындалған ортақ бағдарға сүйенген стратегиялық, институционалдық қуатты күш болмаса, кез келген өзгеріс тек уақытша әсер беріп, түбегейлі нәтижеге жеткізбейді. Бұл – бүгінгі білім саясатының басты сабағы.
Осы тұрғыда жаңа Конституцияда бекітілген ғылым мен білімге қатысты қағидаттарды іске асыру декларативті ұстаным деңгейінде қалмай, нақты стратегиялық шешімдермен бекітілуі тиіс. Ол үшін Оқу-ағарту, ҒжЖБ және Мәдениет министрліктерінің үйлестіруімен, отандық педагогикалық және гуманитарлық ғылым өкілдерін, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы сарапшыларды тарта отырып, XXI ғасыр талаптарына жауап беретін Қазақстанның тұтас білім жүйесінің стратегиялық даму концепциясын әзірлеу қажет. Бұл құжат жекелеген стандарттар мен бағдарламалардың жиынтығы емес, ұлттық өркениеттік таңдауымызды айқындайтын ұзақмерзімді жол картасы болуы тиіс.
Аталған стратегиялық концепцияның өзегі Ұлы дала өркениетінің мыңжылдық рухани-мәдени мұрасына, түркілік тамырдан нәр алып, Алтын Орда дәуірінде елдік сана, мемлекеттік парасат, құқықтық тәртіп және өркениеттік тұтастық деңгейіне көтерілген тарихи-рухани сабақтастыққа негізделуі қажет. Себебі білім жүйесі тек технологиялық дағды қалыптастыратын құрал емес, ол – қоғамның құндылықтық коды мен болашақ адам бейнесін, мемлекеттің адами капиталын қалыптастыратын басты институт. Бұл тұрғыда әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ой алыптарының еңбектерінде жинақталған рухани-адамгершілік ілімдер жүйесі – әлемдік білім кеңістігінде баламасы жоқ бірегей құбылыс.
Филология ғылымының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы атап өткендей, бұл – мыңжылдықтар бойы қазақ даласының өркениеттік өзегін құраған тұтас рухани ілімдер жүйесі. Оны кеш қолға алғанымызбен, бүгінгі сын-қатерлер жағдайында дәл осы мұра Қазақстанның стратегиялық артықшылығына айнала алады.
Осы ілімдердің квинтэссенциясы – Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы. Абай Шығыс даласында рухани революция жасаған әлемдік деңгейдегі ойшыл ретінде Фарабиден бастау алған ақиқат ғылымды заманының талабына сай трансформациялап, қазақ тілінде өлең сөзбен өрнектеп, қара сөзбен қаққан қазықтай етіп жүйеледі. Бұл ілімді Мекемтас Мырзахметұлы ғылыми айналымға «Толық адам» тұжырымдамасы ретінде енгізді.
Бүгінгі ЖИ дәуірінде «Толық адам» тұжырымдамасын бұрынғы мәдени-ағартушылық шеңберде ғана қарастыру жеткіліксіз. Ол енді жаңа қоғамдық-әлеуметтік сатыда, адам мен машина, ақыл мен алгоритм, білім мен ақпарат, еркіндік пен бақылау, жауапкершілік пен тиімділік арасындағы күрделі қатынастарды реттейтін дүниетанымдық бағдар ретінде қарастырылуы тиіс. ЖИ адамға ақпарат береді, бірақ мағына бермейді, шешім ұсынады, бірақ ар алдындағы жауапкершілікті көтермейді, мәтін құрайды, бірақ тұлға тәрбиелей алмайды. Сондықтан Абай танымы ЖИ дәуірінде адамды алгоритмнен ажырататын, білімді мінезге, ғылымды арға, технологияны жауапкершілікке бағындыратын ұлттық рухани өлшемге айналуы қажет.
Осы тұрғыдан алғанда: Абай ғылымы – жол, Толық адам – нәтиже. Ғылымның мақсаты – көп білу ғана емес, дұрыс болу, ақпарат жинау ғана емес, адам болу, ақылды күшейту ғана емес, жүректі ояту. Егер оқыту мен тәрбие толық адам болуға жетелемесе, онда білім беру жүйесі мен педfгогика ғылымының көк тиындық құны жоқ. Егер «Толық адам» білім жүйесіне, тәрбие практикасына, ЖИ этикасына, мемлекеттік қызмет мәдениетіне, бизнес жауапкершілігіне, отбасы институтына енбесе, ол қағаздағы әдемі ұғым күйінде қала береді.
2020 жылғы 8 қаңтарда жарияланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында «Толық адам» тұжырымдамасының мемлекет басқаруынан бастап білім, бизнес және отбасы институттарына дейінгі барлық салада базалық тұғырға айналуы қажеттігі айрықша атап көрсетілді. Бұл – мемлекет басшысының Абай мұрасын тек әдеби-мәдени құндылық ретінде емес, ұлттық жаңғырудың, адам сапасын арттырудың және қоғамдық сананы кемелдендірудің стратегиялық өзегі ретінде қарастырған көреген ұстанымының айқын көрінісі. Алайда рухани әлеуеті мен стратегиялық салмағы зор бұл бағдар бүгінге дейін қажетті институционалдық жалғасын толық таппай, жүйелі іске асыру тетіктері қалыптаспай, көбіне декларативті деңгейде қалып келеді.
Сондықтан бүгінгі күні Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын фрагменттік мәдени жоба ретінде емес, ұлттық білім жүйесінің дүниетанымдық өзегі, басқаша айтқанда, рухани Конституция деңгейіне көтеру қажеттілігі туындап отыр. Оның негізінде жасалған нақты жол картасы ғана Қазақстанды адами капиталға негізделген жаңа өркениеттік даму траекториясына шығара алады. Бұл жол картасында «Толық адам» өлең жаттау немесе қара сөз мазмұнын айту деңгейінде қалмай, баланың ойлауын, ерік-жігерін, жүрек тәрбиесін, ар-ұятын, әділет сезімін, ЖИ-ды жауапкершілікпен қолдану мәдениетін қалыптастыратын нақты педагогикалық модельге айналуы тиіс.
Абайды түсіндіру жеткіліксіз, Абайдың ілімін іске асыру қажет. ЖИ дәуірінде Абайтанудың жаңа өлшемі шыққан кітап саны емес, оянған жүрек, мақала саны емес, қалыптасқан мінез, конференция саны емес, іске асқан тәрбие моделі, цитата саны емес, адам сапасы болуы тиіс. Егер абайтану ХХ ғасырдағы мәтіндік түсіндіру деңгейінде қала берсе, ол баланың жүрегін тәрбиелеуге қауқарсыз қалпында қала береді, қоғамға ар ұялата алмайды, ұлтқа рухани бағдаршам бола алмайды. Бұл – Абай танымын жаңа сапалық тұғырға көтеруді талап ететін тарихи шақ.
Қорытындылай келе, қазіргі жаһандық турбуленттілік жағдайында Қазақстанды құтқаратын жалғыз жол – рухани-мәдени ренессансқа сүйенген, жасанды интеллект дәуірінің талаптарын ескеретін, бірақ адамды технократиялық құралға айналдырмайтын тұтас ұлттық білім стратегиясы. Осындай жүйелі қадам ғана елді қырық құрау сын-қатерлерден алып шығып, ұзақмерзімді тұрақты дамудың берік негізін қалыптастыра алады.
Әсілінде, табиғаты мөп-мөлдір, жұмсақ сұйық судан тұратын тамшының ұзақ уақыт бойы жер қыртысында қатпарланып жатқан қатты қара тастың өзін де тесе алатын қасиеті бар. Тек шарты сол: нысанаға алған жерінен танбай, тынбай тамшылай беруі керек. Мемлекеттің қалыптасу үдерісі де осы заңдылық аясына саяды. Ұлттың іргесін бекемдеу, мемлекеттіліктің тамырын тереңдету, елді мәңгілік мұратқа жеткізу бір күндік ұранмен емес, ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жалғасатын жүйелі еңбекпен, сабырлы саясатпен, рухани табандылықпен жүзеге асады. Мақсатымыз – мемлекеттілігіміздің іргетасын қайтсек тұғырлы қыламыз деген сауалға жауап іздеп, мемлекетімізді мәңгілік елге айналдырудың тиімді тетіктерін табу. Осы мақсатта педагогикалық тәжірибемізге сүйене отырып, Абай мен Шәкәрім ілімдері аясындағы талдауларымызды, сондай-ақ ЖИ-дің адами капиталға әкеліп жатқан терең трансформацияларына қатысты ойларымызды көпшілікпен бөлісуді жөн көрдік.
Тамшы тасты бірден теспейді. Бірақ ол тоқтамай, тынбай бір нүктеге тама берсе, ең қатты қара тастың өзін де теседі. Сол сияқты ұлттық білім жүйесін де үзік-үзік реформамен, жекелеген бағдарламалармен, бұйрықтар мен ұрандармен түбегейлі өзгерту мүмкін емес. Мақсат айқын, өлшем әділ, мұғалім мықты, отбасы серіктес, ғылым қолданбалы, технология жауапты, ал рухани өзек Абайдың «Толық адам» танымына сүйенген жағдайда ғана білім жүйесі жаңа сапалық деңгейге көтеріледі. Сонда ғана ұлт болашағына көлеңке түсіріп тұрған қараңғылық пердесі сейіліп, сана жаңарады, адам сапасы артады, мемлекет тұғыры бекиді.
Ерұлан ЖИЕНБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, PhD докторант