Жетісу университетінде диплом табыстау рәсімі басталды
Еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып диплом тапсыру рәсімін бастаған І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті тағы бір маңызды кезеңді абыроймен өткеруде. Бұл – оқу орнының білім беру үдерісін тиімді ұйымдастырып, түлектердің жаңа өмір жолына уақытылы қадам басуына жағдай жасап отырғанының айқын көрінісі.
Биыл диплом табыстау рәсімдері университеттің 6 факультетінде және Жансүгіров колледжінде ұйымдастырылуда. Салтанатты шаралар толық жөндеуден өткен, заманауи техникалық құралдармен жабдықталған Қ.Ажмағанбетов атындағы Zhetysu Hall кешенінде өтуде. Облыс деңгейінде ұйымдастырылып отырған бұл маңызды іс-шара өңірдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды.
Жетісу университетін 2025–2026 оқу жылында бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша жалпы 2026 түлек тәмамдады. Олардың 133-і үздік диплом иегері атанса, 270 магистрантқа магистр академиялық дәрежесі берілді.
Салтанатты диплом табыстау рәсімдеріне университет ректоры Ермек Бөрібаев, Жетісу облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов, Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, Жетісу облысының Әділет департаментінің басшысы Жандос Бексұлтанұлы, Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл және өңірдегі мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, білім беру ұйымдарының басшылары, жұмыс берушілер мен әлеуметтік серіктестер қатысуда. Жас мамандарға дипломдарды қоғамда өзіндік орны бар, ел дамуына үлес қосып жүрген беделді тұлғалардың табыстауы салтанатты шараның маңызын арттыра түсті.
Қонақтар түлектерді өмірлеріндегі маңызды белеспен құттықтап, олардың кәсіби жолда табысқа жетіп, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.
Диплом тапсыру рәсімінде университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысқан студенттер де арнайы марапаттарға ие болды. Бірқатар түлек «Белсенді қоғамдық қызметі үшін» және «Үздік түлек» төсбелгілерімен марапатталса, спорт саласында жоғары нәтижелер көрсеткен студенттерге «Спорттағы жетістігі үшін» төсбелгілері табысталды.
Жетісу университеті түлектерінің еңбек нарығындағы сұранысы жыл сайын артып келеді. Өткен оқу жылында университетті 1432 жас маман бітірсе, олардың 85 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл көрсеткіш оқу орнында даярланатын мамандардың сапасын, білім беру бағдарламаларының еңбек нарығы талаптарына сәйкестігін және жұмыс берушілермен тиімді байланыстың нәтижесін айғақтайды.
Бүгінде Жетісу университеті өңірдің ғана емес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын бәсекеге қабілетті мамандар даярлайтын жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналды. Жуырда жарияланған Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының сұранысқа иелігінің тәуелсіз рейтингі – 2026 қорытындысы бойынша І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті ұлттық және аймақтық жоғары оқу орындары арасында ТОП-20 қатарына еніп, 11-орынды иеленді.
Диплом – жай ғана құжат емес. Ол – студенттің жылдар бойғы еңбегінің нәтижесі, ата-ананың ақ үміті мен ұстаздардың тынымсыз еңбегінің жемісі. Енді жас мамандардың алдында жаңа мүмкіндіктер мен үлкен жауапкершілікке толы өмір жолы басталады. Жетісу университеті түлектеріне ақ жол тілеп, олардың ел дамуына елеулі үлес қосатын білікті маман, саналы азамат болып қалыптасатынына сенім білдіреді.
Загрузка...


