Жүздеген оқушыны біріктірген жазғы жобалар

Павлодар қаласындағы «Жігер» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығында жазғы демалыс кезеңінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға, спортпен шұғылдануға және қауіпсіз өмір салтын насихаттауға мүмкіндік беріп отыр.

Жазғы маусымның ең жарқын жобаларының бірі – «Super Camp League». Оған қаланың 22 мектебінен 696 оқушы қатысып, спорттық, зияткерлік және шығармашылық сайыстарда бақ сынады. Командалар түрлі кезеңдерде өздерінің ұйымшылдығы мен белсенділігін көрсетіп, достық пен өзара қолдаудың үлгісін танытты. Бірінші маусымның қорытындысы бойынша Бас жүлдені №48 мектеп жеңіп алды. Қазіргі уақытта жобаның екінші маусымы жалғасып, оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлауда.

Маусым айында орталық базасында «Қауіпсіздік аумағы» қалалық жобасы да табысты аяқталды. Жобаға 38 мектептен келген оқушылар қатысып, жол қозғалысы қауіпсіздігі, алғашқы медициналық көмек көрсету, құқықтық сауаттылық және интернеттегі қауіпсіздік мәселелері бойынша тәжірибелік білім алды. Іс-шаралар полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар саласының мамандарының қатысуымен өтті.

Сондай-ақ жазғы кезеңде каратэ спортымен айналысатын балаларға арналған «UCHIDESHI-2026» оқу-жаттығу лагері жұмыс істеуде. Мұнда жас спортшылар дене дайындығын жетілдіріп, техникалық шеберліктерін шыңдап, жарыстарға дайындалуда. Бағдарлама тәртіп, төзімділік және жауапкершілік сияқты маңызды қасиеттерді дамытуға бағытталған.

Осылайша, «Жігер» орталығының жазғы жобалары жүздеген павлодарлық оқушыны қамтып, олардың жазғы демалысын қызықты әрі мазмұнды өткізуге жағдай жасауда. Балалар жаңа достар тауып, пайдалы дағдыларды меңгеріп, жарқын әсерлерге толы демалыс маусымын өткізуде.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий