Skills Camp: Болашақ мамандыққа бастар алғашқы қадам

Павлодар ауданында оқушылардың кәсіби бағдарын қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба – Skills Camp интеграциялық лагері өз жұмысын бастады. 23–26 маусым аралығында өтетін лагерьге ауданның білім беру ұйымдарындағы 8–10 сынып оқушылары қатысуда. Жоба Павлодар қаласының колледждерімен бірлесіп ұйымдастырылып, жасөспірімдерді заманауи мамандықтармен таныстыруды, олардың болашақ кәсіби жолын саналы таңдауға көмектесуді көздейді.

Лагерьдің алғашқы күні Б. Ахметов атындағы Жоғары педагогикалық колледж базасында өтті. Қатысушылар оқу орнының тарихымен, білім беру бағдарламаларымен және заманауи материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен танысып, колледж өміріне жақынырақ үңілуге мүмкіндік алды.

Бағдарлама аясында оқушылар «Мақсат Х: ойлау трансформациясы» тренингіне қатысып, жеке әлеуетті дамыту, мақсат қою және оған жету жолдарын меңгерді. Ал ағылшын тілі бойынша ұйымдастырылған квиз-викторина білімдерін шыңдап қана қоймай, тілдік дағдыларын ойын арқылы жетілдіруге жағдай жасады.

Күннің ең қызықты бөлімдерінің бірі – «Robo Start. Алғашқы киборгыңды құрастыр» атты шеберлік сабағы болды. Оқушылар робототехника мен инженерлік құрастыру негіздерімен танысып, өз қолдарымен алғашқы техникалық жобаларын жасап көрді.

Іс-шара соңында өткен кәсіптік бағдар беру кездесуінде колледж өкілдері талапкерлерді қызықтыратын мамандықтар, қабылдау шарттары және білім алу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат беріп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді.

Skills Camp интеграциялық лагері – бұл жай ғана жазғы демалыс емес, оқушылардың өз қабілеттерін танып, жаңа білім мен тәжірибе жинақтап, болашақ мамандығын таңдауға сенімді қадам жасауына мүмкіндік беретін маңызды алаң. Осындай жобалар жас ұрпақтың кәсіби бағдарын айқындап, олардың жарқын болашағына жол ашады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий