UNIVPM ректоры Жетісу университетіне ресми сапармен келді

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне Италия Республикасының Марке политехникалық университетінің (UNIVPM) ректоры Энрико Куальярини бастаған делегация келді. Делегацияны университет ректоры Ермек Бөрібаев қабылдап, екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты, Жетісу университеті базасында ашылған Марке политехникалық университеті филалының дамуы туралы баяндады. Кездесу барысында UNIVPM ректоры, профессор Энрико Куальярини Жетісу жеріне келгеніне қуанышты екенін жеткізді.

 

«Жетісу университетімен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Бұл серіктестік студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, екі университет арасындағы байланысты одан әрі нығайта түседі», – деді.

Екі университет басшысы қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру туралы келісімге қол қойды. Алдағы уақытта «Ақпараттық жүйелер – Компьютерлік инженерия және автоматтандыру» (бакалавриат), «Экономика – Әлемдік экономика және коммерция» және «Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары – Жер және ауыл шаруашылығы ғылымдары» (магистратура) бағдарламалары енгізілетін болды.

Ресми жиында профессор Энрико Куальяриниге халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Жетісу университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді.

Делегация университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы, UNIVPM филиалының жұмысы және заманауи зертханалардың қызметімен танысты. «Агрономия» қос дипломды білім беру бағдарламасының студенттерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында бағдарламаның жүзеге асырылу нәтижелері таныстырылды. Жаңа оқу жылында аталған бағдарлама бойынша алғашқы бес студент білімін жалғастыру үшін Италияның Анкона қаласындағы Марке политехникалық университетіне барады. Биыл «Агрономия» білім беру бағдарламасының 12 студенті итальян тілінен қарқынды курсты аяқтап, сертификаттарға ие болды.

Кездесу аясында университет ректорлары болашақ ұрпаққа арналған үндеу хаттар сақталған Уақыт капсуласын орнатып, Марке филиалы аллеясына ағаш отырғызды. Бұл бастамалар білім мен ғылымдағы халықаралық әріптестіктің нығаюын, ұрпақтар сабақтастығын және болашаққа деген ортақ сенімді айшықтай түсті.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий