Ел аманатын арқалаған 30 жыл

2026 жылдың 31 қаңтарында Қазақстан Республикасының Парламенті өз қызметіне кіріскелі 30 жыл толыпты. Осы уақыт  аралығында ол «бала» мемлекеттен, «дана» мемлекетке айналды. Отызда орда бұзатын азамат жасына жеткенге дейін қаншама қиындық көргені айтпасада белгілі. Әлемдік аренда өзін мемлекеттік шешімдер қабылдайтын, саяси институтқа айналғанын көрсете алатын жасқа жетті.

Биыл 20 қаңтар күні, Ұлттық құрылтайдың V-отырысы Қызылордада өтті. Бұған дейінгі отырыстар 2022 жылы Ұлытауда, 2023 жылы Түркістанда, 2024 жылы Атырауда, 2025 жылы – Бурабайда өткен болатын. Ол қажеттілікке қарай, жылына кемінде бір рет өткізіледі. Ұлттық құрылтайдың құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор, бизнес-қауымдастықтар, сарапшылар қоғамдастығы және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қоғамдық кеңестері өкілдерінің қатарынан жасақталатын болды.

Шара барысында Қазақстан Республикасының президенті Қ.Ж.Тоқаев ел парламентін «Құрылтай» деп атауды ұсынды. Заң шығарушы органда 145 мандат болып, депутаттар бес жылға сайланбақ. Жаңа парламентте Төрағаның үш орынбасары, комитеттің саны сегізден аспайды. Депутаттар түгелдей пропорциялық (теңдей) жүйемен сайланады, ал жергілікті мәслихаттар мажоритарлық (дауыс беру  нәтижесімен) жүйемен сайланауы тиіс.

Тарихқа зер салсақ, қазақ елінің заң шығару яғни, құқық мәдениеті ғасырлар бойы дамып, әр кезеңде халықтың әдет-ғұрпы, тарихи жағдайы және қоғамдық қатынастарға сәйкес жетілдіріліп отырған. Құқық жүйесі тек жазылған заңдар ғана емес, ауызша жинақталған билер шешімі, рулық ереже, діни заңдылықтардан тұрған. Қазақ мемлекетінің негізгі заң жинақтары елдің саяси-әлеуметтік дамуына, қоғамдық тәртіп пен бірлікті сақтауда маңызды рөл атқарған. Мысалы  «Қасым ханның қасқа жолы» (1511-1518),  «Есім ханның ескі жолы» (1598-1628),  «Жеті жарғы» заңдар жинағы   (1678-1718) қазақ елінің төлқұжаты болды десек артық емес. Одан кейінде «Қазақ елінің Уставы» заңдар жинағы (1911)  бойынша қазақ халқы өзіндік тәртіп пен нормаларын берік ұстаған.

Парламент міндеті заң шығару процесіннің тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар, нормативтік құқықтық актілердің жобаларына ғылыми, құқықтық сараптама жүргізу рәсімі жөнінде ұсыныстар, нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингін жүргізу жөнінде ұсыныстар және өзге де құжаттарды әзірлеу болып табылады. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан Республикасының Атазаңы тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негізін айқындаған басты заңнамалық акт болып бекітілді. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданып, 9 бөлім, 98 баптан құралды. Жалпы бұл құжат еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттің тұтастығын заңды түрде жауапты. Сондай-ақ ел тұрғындарының құқық, бостандық, саяси тұрақтылық және өзге де міндеттер бойынша азаматтарға сенімді құқықтық негіз қалыптастыра білді.

Осы құжат негізінде Қазақстан Республикасының қос палаталы Парламенті заң шығару міндетін атқаратын, еліміздің ең жоғары өкілді органы жасақталды. Олар  Сенат (жоғары), Мәжіліс (төменгі) екі палата еді. Қазақстан Республикасының Парламентін жасақтап, депутаттарды сайлау кезінде Президент олардың мәртебесі туралы Конституциялық күші бар Жарлыққа қол қойды. Ол жаңадан сайланған заң шығарушы орган қызметінің негізгі ұйымдастырушылық және т.б. мәселелерін шешуге арналған. Мұның бәрі депутаттың өзінің тікелей ісімен, заң шығару үдерісімен сапалы айналысуға мүмкіндік беретінін көрсетті.

1996 жылдың 30 қаңтарында 1- шақырылым сессия ашылды. Оны Қазақстан Республикасының бірінші Президенті Н.Назарбаев жүргізді. Парламенттің алғашқы Сенатының ірге тасын қалау бойынша жұмыс басталып кетті. Депутаттар ант берді, 47 депутаттың 45-і қатысып, қажетті  кворум- 32 болатын. Осылардың 7 мүшесін Президент ұсынысымен келген еді. Олар Қазақстанның 40 аймағынан келген азаматтар болатын.  Алғашқы отырыста Сенат Төрағасы, оның орынбасары, комитет төрағалары,  комитет тізбесі мен сан құрамын  бекіту мәселесі болатын.

Заңның 58-бабына сәйкес,  1939 жылы туылған, Жамбыл облысының тумасы, экономист Өмірбек Байгелдиев Сенат Төрағасы болып сайланды. Оның орынбасары болып, С.Тихонов қызметіне кірісті. Ата Заң бойынша Сенаттың Төрағасы Президенттен кейінгі, екінші жоғары мәртебеге ие лауазымды қызмет иесі екені белгілі. Сол жылдары Парламент Алматы қаласындағы Республика алаңы, 4-үйде  орналасқан еді. Қазір ол жер мәслихат.

Кейін Сенаттың төрт комитетінің Төрағаларын сайлау жұмысы басталды. Олар Эконоимика, қаржы  және бюджет комитетінін Д.Сембаев, Заңдар және құқықтық-реформа комитетін З.Федотова, Халықаралық істер, қорғаныс және қауыпсіздік комитетін Ж.Әбділдин, Аймақтық даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің Төрағасы болып Ө.Озғанбаев сайланды. 1996 жылғы 22 қарашадағы құжатқа көңіл аударсақ, жалпы Сенат пен Мәжіліске сайланған 114 депутат болған. Олардың жасы, мамандығы, әлеуметтік-саяси бағыттары әртүрлі аймақтардан келген мамандардан құралған. Жас мөлшері 40 пен 55 жас аралығында еді. 13-әйел, 113 депутат жоғары білімді болса, 8 доктор, 14 ғылым кандидаты. Ал, 25 өндірісте басшылық қызмет атқарғандар екен.

14 қаңтар 1997 жылғы стенографиялық есепті қарағанда,  депутаттардың 1 жылдық атқарған жұмыстарымен 15 беттік құжатта танысуға болады.  Мысалы 1996 жылы Сенатта барлығы 138  отырыс өткен.  Заңдар және құқықтық-реформа комитеті 39 отырыс, 70 мәселені қарастырған. Оның ішінде  Жоғарғы Сот Төрағасын, Бас Прокурорды Қазақстан Республикасы Президентімен келісе отыра, қызметтен босату мен тағайындау туралы Заңдарды қарастырған. Эконоимика, қаржы  және бюджет комитеті 38 отырыс, 60 сұраққа жауап іздеген. Олардың ішіндегі ең негізгісі «Мемлекеттік емес Зейнетақы қоры» туралы Заң болыпты.

Ал, Ж.Әбділдин басқарған Халықаралық істер, қорғаныс және қауыпсіздік комитетінде 29 отырыс, 57 мәселе көтерілген. Аймақтық даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитеті 32 отырыс, 60 сұрақты қамтыған. 1990 ж. 2000 жылдарға дейін Парламент құқық пен экономикалық жүйені реттеуге көшті. Сол кезде Салық, Жер, Қылмыстық кодекстер қабылданып,  кәсіпкерлік, инвестициялық саясат, нарықтық қатынастар заң жүзінде реттелді. Сонымен қатар, сот жүйесі, мемлекеттік қызмет, прокуратура, жергілікті басқару, өзін-өзі басқару жүйесіде өз нормаларымен бекітілді.

152 қордан байқағанымыз, сенаторлар тек заң шығарумен емес, халықаралық шараларда да атсалысты. Мысалы, Халықаралық істер, қорғаныс және қауыпсіздік комитетінің Төрағасы Ж.Әбділдин Дипломатиялық елшіліктердің сұранысы бойынша, Ресей, Корей, Ислам, Иран, Түркия, Пакистан, Польша және өзге мемлекеттермен халықаралық дәрежеде көптеген құжаттар мақұлданғанын байқауға болады. 1990 жылдардың аяғында еліміз әлемнің 117-мемлекеті болып танылған, 105 мемлекетпен  дипломатиялық қатынастар орнатқан. Шетелде 26 елшілік, Алматыда 40 шетел елшілігі мен миссия ашылған. Халықаралық  және ұлттық ұйымдардың 16 өкілдігі  іске қосылса, 800 астам мемлекетаралық және үкіметаралық шарттар мен келісімдер жасалған.

Сонымен қатар, Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдарды бекітіп ғана қоймай, нақты міндеттерді де орындады. Судьяларды тағайындап, Жоғарғы Сот судьяларын сайлау туралы шешім қабылдады. Тағайындауларға келісім беріп, Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындауда өз пікірлерін білдірді. Еліміздің аймағы бойынша қабылданған заңдардың аймақтарда орындалуын қадағалады. Өйткені, әр аймақтан сайланған депутаттың жауапкершілігі жоғары еді. Екі Палаталы Парламент республикада азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтай отырып, демократия мен парламентаризм дамуына жаңа мүмкіндіктер ашты.

Тіпті осы аз уақыт арасындағы тәжірибеге сүйенсек, бұл екі палаталы жүйе, әртүрлі әлеуметтік және саяси топтардың, елдің барлық аймақтарының мүдделерін негізге сүйене отырып сапалы заңдардың қабылдануын қамтамасыз еткен. Ал ақпан мен маусым айларынада депутаттар Түркияның  Ұлттық Жиналысы хаттамасы, Бельгия, Франция елдерінің Парламент мүшелерімен ынтымақтастық орната бастады. Ел тәуелсіздік алғалы  білікті мамандардың маңдай тері төгілгені аз емес. Сыртта әдемі, үлкен қызмет болып көрінгенмен, ішкі «асханасында» небір «майдандар» өткені белгілі. Өйткені, бір мемлекеттің енді іргесін көтергенде атқаратын жұмысы оңай болмақ емес.

Мысалы, 1997 жылғы 24 қаңтарда «Тіл туралы Заңның» кейбір тармақтарына өзгерістер енгізу бойынша мәселе көтеріледі. Ең алдымен қазақ тілінің мемлекеттік статусын қамтамасыз ету,  одан кейін орыс тілінің ролін сақтау, соңғысы өзге ұлттар тілдері үшін жағдай туғызу еді. Осы заң аясында депутаттар арасында біраз келіспеушіліктер орын алады. Ол 1989 жылы қабылданған ескі заң тармақтарын жаңартып, тәуелсіз елдің талаптарына сай келетін жаңа құжатты дайындаудың шешуші кезеңі еді. Талқылаудың нәтижесі бойынша, осы отырыстар мен түзетулерден кейін, 1997 жылғы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» № 151-I Заңы қабылданды.

Заңның басты қағидасы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен тең ресми түрде қолданылады» делінген. Тағы бір мәселе, өткен жылдарда Парламент қабырғасында көп өзгерістер орын алды. Мысалы партия тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30 % квотаның енгізілуі, қоғамның түрлі әлеуметтік топтарының өкілдерінің мүше болуына жағдай қарастырылды. Әртүрлі көзқарастағы бірнеше саяси партиялар тіркелді. Бұл Парламентте кез-келген мәселені ашық, әрі мазмұнды етуге қолайлы.

«Еститін мемлекет» тұжырымдамасы да әр мемлекеттік орган, мекемеде қатып қалған қағида секілді, қоғам мен билік арасы алшақтамайтын жағдайға жетті. Тағы бір елелулі жаңалық Парламенттің 30 жылдығына орай «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медалі тағайындалды. Медальда Сенат пен Мәжіліс ғимараттары және «1996–2026» деген естелік даталар бейнеленген. Ал, өңірлерінде де құры қарап қалған жоқ. БАҚ беттерінен  алғашқы депутаттардың, соның ішінде М.Оспановтың қазақстандық парламентаризмді қалыптастырудағы рөліне арналған конференциялар, жиындар өтуде.

Түйін.  Бүгінде Парламент заң шығару органы ғана емес, елдің, мемлекеттің жағдайын бағдарлайтын, бақылайтын, халық үні бола білген алаңға айналды. Депутаттар өңірлердің мүддесін қорғап, заң шығару процесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуде. Қаншама халық денсаулық, білім, әлеуметтік жағдай, баспана және т.б. мәселереді осы мамандардың арқасында тиесілі министр, мемлекеттік орган болсын өз мәселелерін шешті.

30 жыл ішінде Парламенттің өкілеттігі айтарлықтай күшейді. Егер 1996 жылы ол дербес институт ретінде енді ғана қызмет атқарса, қазір Үкіметтің толық құрамын бекіту құқығына ие болған. Бұл атқарушы биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырды және халықтың  билік басына деген сенімін күшейтті. Алысқа бармай, міне біраз уақыттан бері Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне статус беру мәселесі де, осы ҚР Парламентінің Сенат депутаты Е.Бейсенбаев мырзаның бастамасымен іске асты.

Осы мәселе бойынша архив қызмет көрсету кезінде қандай қиыншылықтар мен дамыту бойынша мәселелерді көтеруге атсалысқан, Ерлан Саиров, Болатбек Нәжметдинұлы айтпасқа болмас. Өйткені, бүгінгі күн, ертеңгі тарих демекші, қазақ ұлтының рухани қазынасы сақталған қарашаңырақ архивтің мәселесі әрқашан күн тәртібінен түспесі анық. Болашаққа осыны жеткізетін біз. Ал қазақ «Аманатқа қиянат жүрмейді» деп бекер айтпаса керек.

P.S. Біз бүгін архивтің қоймаларына терең бойлап, ҚР Парламент Сенатының алғашқы жылдардағы жұмыс барысымен таныстық. 30 жылдық Парламент жұмысын бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Сондықтан депутаттар, халық қалаулыларының біліктілігі мен білімі талап ететін жұмысы да тоқтамасы анық. Ал, ҚР Праламент Мәжілісінің атқарған шаралары және т.б. зерттеу жұмыстары жалғасын табады деген ойдамын.

Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінің қорынан зерттелген құжаттар тізімі:  

  1. Қор-152, 1-тізімдеме, 141-іс. 30.01.1996. Стенографиялық есеп және дауыс беру қорытындысы.
  2. Қор-152, 37-тізімдеме, 7-іс. 01.11.1996. ҚР Парламент Сенат Төрағасының сөйлеген сөздері.
  3. Қор-152, 65-тізімдеме, 468. 24.01.1997. Стенографиялық есеп және дауыс беру қорытындысы.
  4. Қор-152, 1- тізімдеме, 469-іс ҚР Парламент отырысынң стенограммасы
  5. Қор-152, Іс-47, тізімдеме-1 ҚР Парламентінің Сенат комитеттерінің жұмыс жасау бөлімінің есебі.
  6. Қор-152, Іс-142, тізімдеме-22 ҚР Парламент отырысынң стенограммасы
  7. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/U2500001033

Сәния Сүлеймен,
ҚР Ұлттық архивінің қызметкері,
PhD доктор

Сурет  Kazpravda.kz  архивінен алынды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий