Туған жердің тазалығы – перзенттік парыз
Әкем үйреткен бір сабақ – «Тоқташы, қызым…»
Әкемнің даусы әлі күнге дейін құлағымда жаңғырады.
Мен небәрі алты-жеті жаста едім. Қолымдағы балмұздақтың қағазын еш ойланбастан жерге тастай салдым. Әкем үндеместен қағазды көтеріп алды да, қоқыс жәшігіне тастады. Сосын күлімсіреп маған қарап:
– «Қызым, сен осы жерді жақсы көрсең, оны ешқашан ластамайсың», – деді. Сол кезде мен әлі кішкентай болатынмын. Бірақ сол бір қарапайым сөздер өмірімде ұмытылмас сабақ болып қалды.
Кейде адамның бүкіл өмірлік көзқарасын өзгерту үшін ұзақ әңгіме емес, бір ауыз сөздің өзі жеткілікті екен.
Бала күнімнен бері бір арман менің жүрегімде өмір сүріп келеді. Мен Қазақстанның әр түкпірін аралағым келеді. Картаға қараған сайын көзім Алтайдың асқар тауларына, Көлсайдың мөлдір суларына, Бурабайдың қарағайлы ормандарына, Маңғыстаудың тылсым жартастарына, Баянауылдың көркем табиғатына, Каспийдің көкжиегіне түседі. Әр өңірдің өз үні, өз бояуы, өз тарихы бар сияқты. Мен сол әсемдіктің бәрін өз көзіммен көргім келеді.
Бірақ бір нәрсе мені жиі ойландырады. Мен армандаған Қазақстанды біз өз қолымызбен өзгертіп жатқан жоқпыз ба? Табиғат аясына шыққанда шашылып жатқан пластик бөтелкелерді, өзен жағасындағы қоқысты, сынған ағаштарды көрген сайын көңілім құлазиды. Табиғат бізден ештеңе сұрамайды. Ол үнсіз ғана бәріне төзіп тұрғандай. Ал біз кейде сол үнсіздікті түсінбей кетеміз.
Мектепте сенбілік болатын күндерді мен ешқашан міндет ретінде қабылдаған емеспін. Кейбір сыныптастарым оны жай ғана тапсырма деп көретін. Ал мен қолыма тырма немесе сыпырғыш алған сайын, өз ауламды тазалап жүргендей сезінетінмін. Себебі мектеп ауласы да – менің өмірімнің бір бөлшегі. Тазалықты біреу келіп жасап береді деп күту оңай. Ал өзің бастап кету – әлдеқайда маңызды.
Бірнеше рет ағаш отырғызу акцияларына қатыстым. Әлі есімде, алғаш рет қолыма кішкентай көшет ұстағанда, оның жұқа сабағына қарап: «Осы ағаш бір күні алып бәйтерекке айналар ма екен?» деп ойлағанмын. Сол сәтте мен болашаққа кішкентай ғана үміт отырғызып жатқандай әсер алдым. Бәлкім, жылдар өткен соң сол ағаштың саясында бір сәби кітап оқыр, бір ана баласын жетектеп серуендер. Осындай ойлардың өзі әр отырғызған көшетке ерекше жауапкершілікпен қарауға үйретті.
Қазір мен «Таза Қазақстан» деген сөзді естігенде, көз алдыма тек сенбілік немесе экологиялық акциялар келмейді. Мен адамдардың табиғатқа деген қарым-қатынасын көремін. Өйткені тазалық – көшеден емес, адамның санасынан басталады. Егер әр адам өзінен бастаса, ешқандай үлкен науқанның да қажеті болмай қалар еді.
Кейде мен болашақтағы өзімді елестетемін. Қазақстанның әр өңірін аралап жүрмін. Таңертең Алтайдың саф ауасымен тыныстап, кешке Каспий жағалауында күннің батқанын тамашалап тұрмын. Көлсайдың мөлдір суынан аспанның бейнесі көрінеді. Шарын шатқалы үнсіз ғана ғасырлардың тарихын сыр қылып тұрғандай. Сондай сәтте менің жүрегімді бір ғана тілек кернейді: осы сұлулық ешқашан жоғалмаса екен.
Біз табиғатты ата-бабамыздан мұраға алған жоқпыз. Біз оны келер ұрпақтан қарызға алдық деген сөз бар. Осы сөздің мағынасы жыл өткен сайын тереңдей түсетіндей. Ертең біздің балаларымыз да Қазақстанның дәл бүгінгідей көркем табиғатын көрсе екен деймін. Ол үшін бүгіннен бастап әрқайсымыз жауапкершілік танытуымыз керек.
Кейде үлкен өзгерістер заңнан немесе миллиондаған қаржыдан емес, кішкентай ғана әрекеттен басталады. Жерге қоқыс тастамаудан, бір тал ағаш егуден, табиғатқа жанашырлықпен қараудан басталады.
Ал мен үшін сол үлкен өзгерістің бастауы… бала күнімде әкем көтеріп алған балмұздақтың кішкентай ғана қағазы еді.
Мурзагалиева Мархабат Серикқызы
Загрузка...