Жасынды интеллект- мен үшің ол не?

ҰБТ-ға дайындалған кезімде жасанды интеллект мен үшін ең жақын көмекшіге айналды.

Түсінбей қалған тақырып болса – түсіндіріп береді. Тест тапсырмаларындағы қателерімді талдап береді. Эссенің жоспарын ұсынады. Кейде бірнеше сағат уақытымды алатын жұмысты бірнеше минуттың ішінде орындауға көмектеседі. Шынымды айтсам, оның мүмкіндіктеріне таңғалатынмын. «Болашақ дәл осындай болатын шығар» деп ойлайтынмын.

Бірақ уақыт өте келе мені бір сұрақ мазалай бастады.

Мен шынымен ойланып жүрмін бе? Әлде дайын ойлардың арасында өз ойымды жоғалтып барамын ба?

Бұл сұрақтың жауабын бірден тапқан жоқпын. Бірақ айналама мұқият қарай бастағанда, оның жауабы өздігінен көріне бастады.

Біздің буын – ерекше буын. Біз кітапхана мен жасанды интеллекттің арасында өстік. Біз үшін әлемнің кез келген ақпараты қол созым жерде тұр. Бұрын адамдар бірнеше күн іздейтін мәліметті біз бірнеше секундта табамыз. Бұл – адамзат тарихындағы ең үлкен мүмкіндіктердің бірі.

Бірақ дәл осы мүмкіндік бізді бір қауіппен де бетпе-бет әкелген сияқты.

Қазір бір сұрақ туындаса, көпшілігіміз бірден телефонға жүгінеміз. Бір сөздің мағынасын ұмытсақ – іздейміз. Бір тапсырманы орындай алмасақ – дайын жауабын сұраймыз. Тіпті кейде өз пікірімізді қалыптастырмай тұрып, жасанды интеллекттің пікірін оқып шығамыз.

Осыны ойласам, өзіме тағы бір сұрақ қоямын.

Біз ақпаратты іздеуді үйрендік. Ал ойлануды ұмытқан жоқпыз ба?

Кейде достарыммен сөйлесіп отырғанда қызық жағдайлар болады. Біріміз бір сұрақ қоямыз. Бұрын ондайда әркім өз ойын айтып, дәлелдеуге тырысатын шығар. Ал қазір біреу телефонын алып, бірнеше секундтан кейін дайын жауапты оқып береді. Әңгіме сол жерде аяқталады.

Жауап табылды.

Бірақ ой туған жоқ.

Сол сәтте мен бір нәрсені түсіндім: ақпараттың көп болуы міндетті түрде адамның терең ойлайтынын білдірмейді. Кейде керісінше, дайын жауаптар өзімізді ізденуден алыстатып жібереді.

Мен жасанды интеллектен қорықпаймын.

Мен өз ойымыздың жалқауланып бара жатқанынан қорқамын.

Өйткені ойлау – адамның ең басты қабілеті. Ол да бұлшықет сияқты. Егер оны күн сайын дамытпасақ, біртіндеп әлсірейді. Ал дайын жауаптарға үйреніп кеткен адам бір күні өз бетінше шешім қабылдау қиын екенін байқамай да қалуы мүмкін.

Жасанды интеллект есеп шығарып береді. Бірақ қателескеннен кейін қайта тұруды үйрете алмайды.

Ол керемет мәтін жаза алады. Бірақ арман құра алмайды.

Ол мыңдаған кітапты оқиды. Бірақ бір кітаптың әсерінен өмірін өзгертпейді.

Ол сұрақтарға жауап береді. Бірақ адамның жан дүниесінде жаңа сұрақтардың тууына таңданбайды.

Кейде біз технологияның қаншалықты ақылды болып бара жатқанын айтып таңғаламыз. Бірақ адамның өз ақылын қаншалықты дамытып жүргені туралы сирек ойланамыз.

Әрине, жасанды интеллектен бас тарту мүмкін емес. Оның қажеті де жоқ. Керісінше, ол дәрігерге де, мұғалімге де, ғалымға да, оқушыға да үлкен көмек көрсетіп келеді. Ол уақытты үнемдейді, білім алуды жеңілдетеді, жаңа мүмкіндіктер ашады. Мен де оны күн сайын қолданамын және оның пайдасын жоққа шығара алмаймын.

Бірақ мен бір нәрсені анық түсіндім: егер өз ойымды дамытуды тоқтатсам, онда ең ақылды технологияның да пайдасы жоқ.

Өйткені технология маған жол көрсете алады.

Бірақ сол жолмен жүруді менің орныма ешкім таңдай алмайды.

Ол жүздеген идея ұсына алады.

Бірақ қайсысының менің өмірлік ұстанымыма айналатынын өзім ғана шеше аламын.

Ол мыңдаған кітаптың мазмұнын айтып береді.

Бірақ сол кітаптан алған әсерімді сезіне алмайды.

Меніңше, болашақта ең бағалы қабілет – барлық сұрақтың жауабын білу емес.

Ең бағалы қабілет – дұрыс сұрақ қоя білу.

Өйткені адамзаттың барлық ұлы жаңалығы бір сұрақтан басталған. «Неге?», «Қалай?», «Ал егер…?» деген қарапайым сұрақтардан ғылым да, өнер де, жаңа идеялар да дүниеге келген.

Егер біз тек дайын жауаптарды қабылдай берсек, онда жаңа сұрақтар қоюды тоқтатамыз. Ал сұрақ қоймайтын қоғамның дамуы да баяулайды.

Мен болашақтың адамдарын елестетемін. Мүмкін, бірнеше жылдан кейін жасанды интеллект бүгінгіден де әлдеқайда ақылды болатын шығар. Ол бізден жылдам есептеп, жылдам жазып, жылдам шешім ұсынады.

Бірақ мен бәрібір бір нәрсеге сенемін.

Адамды ерекше ететін – оның миы ғана емес.

Оның жүрегі. Арманы.Күмәні.Қиялы. Жауапкершілігі.

Жасанды интеллект бұлардың ешқайсысын біздің орнымызға сезіне алмайды.

Сондықтан мен өзіме бір қарапайым ереже қойдым: қандай да бір сұрақтың жауабын іздемес бұрын, ең алдымен өзім ойланып көруге тырысамын. Мүмкін, менің жауабым мінсіз болмас. Бірақ ол менің жауабым болады.

Өйткені болашақ бізден ақпаратты жаттауды емес, ойлай білуді талап етеді.

Ал адамды адам ететін – оның қанша жауап білетіні емес. Өз жауабын іздеуге деген батылдығы.

Мурзагалиева Мархабат Серикқызы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий