Швейцария жастары Жетісу университетінде қазақ тілін үйренуде

Цюрих университетінің профессорлары мен студенттерінің Жетісу университетіне кезекті сапары екі жоғары оқу орны арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың табысты жалғасып келе жатқанын тағы бір мәрте айғақтады.

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Ермек Бөрібаев шетелдік қонақтармен кездесті.

Кездесу барысында академиялық ұтқырлықты дамыту, ғылыми зерттеулерді бірлесіп жүргізу және халықаралық серіктестікті кеңейту мәселелері талқыланды.

Көп жылдан бері жалғасып келе жатқан әріптестік аясында Цюрих университетінің әлеуметтік және мәдени антропология саласының профессоры Петер Финке жетекшілік ететін зерттеу тобы жыл сайын Жетісу өңіріне келіп, студенттердің далалық тәжірибесін ұйымдастырып келеді.

Биылғы бағдарлама аясында швейцариялық студенттер алдымен қазақ тілінің қарқынды курсын меңгеріп, кейін қабылдаушы қазақ отбасыларында тұрып, өңірде антропологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл олардың қазақ тілін тәжірибе жүзінде жетілдіріп, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті тереңірек тануына мүмкіндік береді.

Кездесудің ең әсерлі сәттерінің бірі – Цюрих университетінің екі студентінің қазақ тілінде еркін сөйлеп, алғыс білдіруі болды. Бұл олардың мемлекеттік тілді үйренуге деген ықыласын көрсетіп қана қоймай, қатысушылардың зор қошеметіне ие болды. Швейцариялық жастардың қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығы екі ел арасындағы мәдени байланыстың нығайып, халықтар достығының жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын аңғартты.

Өз кезегінде Ермек Бөрібаев Жетісу университетінің халықаралық ынтымақтастыққа әрдайым ашық екенін айтып, шетелдік студенттердің білім алуына және ғылыми-зерттеу қызметіне жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ал профессор Петер Финке көрсетілген қонақжайлық үшін университет басшылығына алғыс білдіріп, студенттер үшін ұйымдастырылған оқу бағдарламасының мазмұнды әрі тәжірибелік маңызы жоғары екенін атап өтті.

Кездесу соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, Жетісу университеті мен Цюрих университеті арасындағы достық пен ғылыми әріптестікті алдағы уақытта да жаңа жобалармен толықтыра түсуге ниетті екендіктерін жеткізді.

  

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий