Павлодар облысында 5 мыңға жуық оқушы Ахмет Жұбановтың «Би» күйін орындады

Ұлттық домбыра күніне орай Павлодар облыстық білім беру басқармасының бастамасымен ұлттық өнерді ұлықтаған ауқымды рухани іс-шара өтті. Биылғы мереке қазақтың көрнекті композиторы, ғалымы, кәсіби музыкалық білім беру ісінің негізін қалаушылардың бірі Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуымен тұспа-тұс келіп, ерекше мазмұнға ие болды.

Осыған орай 5 мыңға жуық Павлодар облысының оқушысы бір мезетте Ахмет Жұбановтың әйгілі «Би» күйін орындап, ұлттық өнерге деген құрметін паш етті. Күмбірлеген мыңдаған домбыраның үні өңірдің аспанын әсем күйге бөлеп, халқымыздың бай мұрасы мен рухани құндылықтарын дәріптеді.

Ауқымды шараға «Музыка колледжі – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты» кешені, М.Катаев атындағы облыстық Оқушылар сарайы, қосымша білім беру ұйымдары, сондай-ақ Павлодар облысының білім беру ұйымдарының оқушылары белсене қатысты.

«Музыка колледжі – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты» кешені басшысының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Қуанов Дәурен Болатұлы:

«Біз, домбыра сыныбының педагогтері үшін, Ұлттық домбыра күні – ерекше мәні мен тағылымы зор мереке. Биыл бұл күннің маңызы тіпті арта түсті, өйткені Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толып отыр. Оның мол мұрасы бізді домбыра өнерінің асыл дәстүрлерін көздің қарашығындай сақтап, оны жас ұрпақтың бойына сіңіруге шабыттандырады. Ұлттық музыкаға деген сүйіспеншілік балаларымыздың жүрегінен орын алып, туған елінің тарихы мен мәдениетіне деген құрметін нығайта берсін!»

Ал жас өнерпаз, Қаршыға Думан, 9 «А» сынып оқушысы өз әсерімен бөлісті:

«Мен үшін Ұлттық домбыра күні – ерекше мереке. Домбыра – халқымыздың рухы мен тарихын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін қасиетті аспап. Биыл Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына орай бұл мерекенің мәні одан сайын арта түсті. Біз, жас ұрпақ, оның бай мұрасын мақтан тұтып, домбыра өнерін сүйіп, оны әрі қарай дамытуға әрдайым ұмтыламыз.»

Домбыраның қос ішегінен төгілген әрбір күй – халқымыздың өткені мен бүгіні, ұлттық болмысымыздың үні. Осындай тағылымды шаралар арқылы ұлттық өнерге деген құрмет артып, күй өнерінің қоңыр әуені жас ұрпақтың жүрегінде мәңгі жаңғыра бермек.

Домбыраның қоңыр үні әр шаңырақта, әр жүректе мәңгілік күмбірлей берсін!

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий