Ата Заң – мемлекет мүддесінің болаттай берік қалқаны

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өткен аптаның сәрсенбісі, яғни шілде айының бірінде, Қазақстанның Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай барша отандастарымызға арнап, жариялаған үндеуінде: – Құрметті отандастар! Жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуі – бүкіл еліміз үшін айрықша маңызды оқиға. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады. Біз саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түсеміз, – деді.

– Осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің және азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады. 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын таңдауын жасады. Миллиондаған отандасымыз берекелі бірлік танытып, шынайы отаншылдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті.

Қасым-Жомарт Кемелұлының пайымдауынша, бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық. Бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтеді. Мұның символдық мәні зор. Конституция күні ел ішінде ғасырлар бойы орныққан көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата Заңның басты қағидаттарымен тоғыстырады, яғни азаматтарымыздың ырысты ынтымаққа, озық білімге, ел игілігі жолында адал еңбек етуге деген талпынысымен үндеседі. Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз.

– Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. Бұған еш күмәнім жоқ. Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз! Қастерлі Отанымызды көркейту жолындағы жоспарларымызды ойдағыдай орындаймыз. Мен бұған кәміл сенемін! Қазақстан Республикасы жасай берсін! Халқымыз мәңгі жасасын!, – деп қорытындылаған қазақстандықтарға арнаған тарихи мән мен маңызы бар бұл үндеуінің соңын ҚР Президенті.

– Биыл жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Ата Заң – мемлекеттілігі орныққан, халықаралық кеңістіктегі беделі қалыптасқан, өзінің тарихи тамырын айқындаған, болашағына зор сеніммен қарайтын Қазақстанның Конституциясы. Бұл посткеңестік тарих кезеңі біржола аяқталды дегенді білдіреді. Негізгі құжат заманауи саяси жүйені құруға, тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға, ұлттық мүддемізді сақтауға бағытталған. Бұдан былай «Біз ұстанатын құндылықтарға не жатады?», «Идеологиямыз қандай?» деген сұрақтарға анық әрі сенімді жауапты Ата Заңнан табамыз, – деді еліміздің беделді ақпарат құралдарына ҚР Мемлекеттік кеңесшісі кезінде арнайы сұхбат берген, қазіргі ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин.

– Конституция – тек құқықтық құжат қана емес, ол – өмір салтымызды, бірегейлігімізді, бағыт-бағдарымызды көрсететін құжат. Ата Заң – идеологиялық құндылықтар коды. Әрине, Конституцияда да, мемлекеттік саясатта да идеологиялық көзқарастар мен пікірлердің әралуандылығы мойындалады және қорғалады. Дегенмен ұлтты ұйыстыратын құндылықтар да Ата Заңда айқын көрсетілуі қажет. Сондықтан оның преамбуласында, негізгі бөлімдері мен баптарында ұлттық болмысымыз бен бағдарымыз, қоғамдық құндылықтарымыз, ұстануға тиіс мемлекеттік қағидаттарымыз нақты, жүйелі әрі анық бекітілген.

Астанада бұдан бұрын Қазақстанның жаңа Конституциясының арнайы басылымын салтанатты түрде табыстау рәсімі ұйымдастырылып, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатымен бірге берген болатын. Аида Ғалымқызы жаңа Конституцияның қабылдануы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы бастаған саяси және қоғамдық жаңғырулардың заңды жалғасы екендігіне ерекше тоқталып, Ата Заңымыздың маңызы онда бекітілген құқықтық нормалармен ғана емес, ең алдымен, оның өзегіне айналған құндылықтармен айқындалатынына назар аударды.

– Біз үшін аса маңызды жаңашылдықтың бірі – мәдениет, ғылым және білімнің негізгі конституциялық құндылықтар қатарына енгізілуі. Ұлттық мәдениетті мемлекеттік қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау алғаш рет мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде конституциялық деңгейде бекітілді. Сонымен қатар Конституцияда әрбір азаматтың тарихи-мәдени мұраға ұқыпты қарауға, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті екені нақты көрсетілген. Бұл мәні терең, маңызы зор өзгеріс. Өйткені мәдени мұраны сақтау – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті әрі жауапкершілігі, – деді ол жиналғандардың алдында сөйлеген сөзінде.

Премьер-министрдің орынбасары жаңа Конституцияның идеялық негізінде Мемлекет басшысы ұсынған «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қағидаттары жатқанына тоқталды. Жүздесуде жаңа Конституцияда отбасы институтының құқықтық негіздері нақтыланып, қоғам үшін айрықша маңызы бар құндылықтарды қорғау кепілдіктері күшейтілгені де айрықша атап айтылды. Конституция тәуелсіз еліміздің жаңа кезеңдегі даму бағытын айқындай отырып, білім, ғылым, инновация және адами капиталды мемлекеттің негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде бекіткені даусыз.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде ұйымдастырылған еліміздің Президенті атынан Конституцияның жаңа редакциясын салтанатты табыстау рәсіміне ғылыми және сарапшылық қоғамдастық өкілдері, Конституция бойынша кешенді бағдарлама мен ғылыми түсіндірме әзірлеу үшін құрылған жұмыс тобының мүшелері, сондай-ақ Ата Заңды халық арасында түсіндіру жұмыстарына белсенді атсалысқан жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Саясат Нұрбек, бейіндік ведомствоның жетекшісі ретінде, жиналғандарға ізгі лебізін білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Ата Заңымыз – еліміздің тәуелсіздігі мен тұрақты дамуының берік негізі». Конституция – мемлекетіміздің негізгі заңы ғана емес, ол еліміздің даму бағытын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын айқындайтын басты құжат. Сондықтан оның мәні мен мазмұнын халыққа түсінікті тілде жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл бағытта жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы белсенді жұмыс атқарып келеді. Биылғы ақпан-маусым айлары аралығында республика көлемінде конституциялық реформаның негізгі ережелерін түсіндіруге арналған шамамен екі мың бес жүзден астам мазмұнды іс-шара ұйымдастырылды. Осы маңызды іске қосқан үлестеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді министр.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген Конституцияны халыққа түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, Конституцияның нормаларын ғылыми тұрғыдан зерделеу және қоғамға кеңінен түсіндіру үшін министрдің бұйрығымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы екі негізгі бағыт бойынша қызмет атқарады. Бірінші бағыт – халықтың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін арттыруға, Конституцияның негізгі қағидаттары мен құндылықтарын жан-жақты түсіндіруге арналған кешенді бағдарлама әзірлеу. Екінші бағыт – Конституция нормаларының мазмұнын, мәнін және қолданылу тәртібін ғылыми-құқықтық тұрғыдан түсіндіретін ғылыми түсіндірме дайындау.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ және академик, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Жалайыри пайымды пікірлерін ортаға салған бұл бірегей басқосу Конституцияның жаңа редакциясының құндылықтарын кеңінен дәріптеуге және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ғылыми қауымдастықтың қосатын үлесінің маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті. Рас, білім мен ғылым тек әлеуметтік саланың құрамдас бөлігі ғана емес, елдің орнықты дамуы мен ұлттық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін басты құндылықтардың біріне айналды. Бұл – озық ойлы ұлт қалыптастыру жолындағы тарихи бетбұрыс.

– Заман талабына сай жасалған осы өзгеріс – жай ғана заңнамалық жаңару емес, қоғамға берілген маңызды құндылықтық бағдар. Өйткені білім мен ғылымның конституциялық деңгейде айқындалуы қоғамдық сананың жаңаруына, жастардың білімге, ғылымға және жасампаз отаншылдыққа ұмтылуына жаңа серпін береді. Сонымен қатар елдің инновациялық дамуына және зияткерлік әлеуетінің артуына берік негіз қалайды. Білім мен ғылымның конституциялық мәртебесінің нығаюы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан осы салаларды қолдау саясатының заңды жалғасы, – деп жазды Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті» КеАҚ Басқарма Төрағасы – Ректор, білім беру бойынша философия докторы (PhD) Лаура Шапайқызы Қарабасова.

Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий