Маңызды мәселе жүйелі шешімін тауып келеді: нәтижелер мен жаңа бастамалар

Студенттерді жайлы әрі қауіпсіз жатақханамен қамтамасыз ету – еліміздегі жоғары білім саласының маңызды басымдықтарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік деңгейде заңнамалық және стратегиялық құжаттармен бекітілген. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін бірнеше бағытта жұмыстар жүргізді, – деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Салалық ведомство тарапынан жыл сайын жатақханаға деген тапшылыққа талдау жүргізіп, студенттердің өңірлер бойынша контингентін зерделеп, әлеуметтік жағдайлары бойынша талдау жүргізеді. 2018-2025 жылдар аралығында жетпіс екі мыңнан астам орынға арналған 281 жатақхана пайдалануға берілді. Соның ішінде жоғары оқу орындарының студенттері үшін елу бір мың үш жүз жиырма үш орындық 182 жатақхана, колледж студенттері үшін жиырма мың сегіз жүз екі орындық тоқсан тоғыз жатақхана ашылды. Осылайша соңғы сегіз жыл бойы іске асырылған жүйелі шаралар төсек-орын санын едәуір арттыруға және жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері үшін жатақхана орындарының тапшылығын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде бірнеше жыл бұрынғы тапшылық бүгінгі күні бес мың бір жүз жетпіс алты орынға дейін қысқарды. Қазіргі уақытта жатақхана орындарының тапшылығы негізінен Алматы қаласында ғана байқалады, ал елордасы мен басқа өңірлерде тапшылық толық жойылған. Студенттердің қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше көңіл бөлінеді. Қажет болған жағдайда жоғары оқу орындары хостелдерді жалға алып, оларда тек студенттердің тұруын қамтамасыз етеді. Бұл нысандарда қауіпсіздік талаптары арнайы нормативтік құжаттармен реттелген.

Сонымен қатар биылғы жазда қорытындыланған кезекті оқу жылында ситуациялық және дағдарыс орталықтары іске қосылды. Студенттерге жатақхана орындары туралы ақпарат пен кеңес беретін ситуациялық орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында ашылса, форс-мажор жағдайында уақытша баспанамен қамтамасыз ететін дағдарыс орталығы Тынышпаев атындағы «ALT» университетінде ашылды. Бүгінге дейін осы орталықтан екі мың бес жүз адам кеңес алса, арнайы кәсіби мамандардың құқықтық қызметін 10 адам қолданған.

Әр өңірде студенттердің мәселелерін жедел шешуге жауапты омбудсмендер бекітіліп, салалық министрліктің қолдауымен жедел штаб жұмыс істейді. Сондай-ақ өтініштер мен ұсыныстарды қабылдайтын жоғары оқу орындарының ресми сайттарында тікелей байланыс арналары іске қосылған. Бұл жүйелі жұмыстар биылғы алдағы жаңа оқу жылында да жалғасып, студенттерді қолжетімді әрі қауіпсіз жатақханамен қамтамасыз ету бағытында жаңа бастамалар жүзеге асырыла береді.

– Биылғы жылдың соңына дейін еліміз бойынша жиырмаға жуық студенттік жатақхананың ашылатындығы жоспарда бар. Үкімет он мың төсек-орынның жетіспеушілігін республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен жауып тастады, сондай-ақ жатақханаларды субсидиялау тетігі тиімді іске асырылуда. Сонымен қатар соңғы бес жылда жеке қаражат есебінен 60 мыңға жуық төсек-орын енгізілді, – деген еді салалық құрылымның жетекшісі Саясат Нұрбек мамыр айының соңында ұйымдастырылған ел Үкіметінің кезекті отырысынан кейінгі брифинг барысында.

Алматы қаласының әкімдігі өткен аптада жаңадан төрт жүз орындық заманауи студенттер жатақханасы салынатындығын ресми түрде мәлімдеген еді. «Алматы» ӘКК» АҚ-ның еншілес ұйымы «Almaty Finance» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі студенттер жатақханасының құрылысын салу үшін «BAZA 271» ЖШС-не жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндігін ұсыныпты. Жобаны жүзеге асыруға «Almaty Business-2025» бағдарламасы аясында жылдық алты пайыздық мөлшерлемемен жеті жыл мерзімге бес жүз миллион теңге бөлінгенін білдік. Бұл жаңа жоба арнаулы және жоғары оқу орындарының саны көптігі себепті бұрыннан жастардың шаһары атанған тұңғыш мегаполистегі білім беру инфрақұрылымын дамытуға, студенттерді қолайлы әрі жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жатақханалардағы орын тапшылығын азайтуға бағытталған.

Жалпы ауданы 3537,2 шаршы метр болатын төрт жүз орынды жатақхананың бас ғимараты төрт қабаттан тұрады және жертөлесі бар. Бұл жайлы мекен алматылық білімгерлерге арналған. Жобаның жалпы құны жеті жүз елу миллион теңгені құрайды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ арқылы бұл жобаға мемлекеттің қолдауы қарастырылған. Субсидия мөлшері – жатақханада тұратын әрбір студентке екі жүз отыз айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Яғни жатақханада тұрудың жоспарланған құны – бір студентке айына 45 мың теңге. – Жаңа жатақхананың құрылысы студенттерді заманауи әрі жайлы тұрмыс жағдайымен қамтамасыз етуге және қаланың қолданыстағы инфрақұрылымына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Құрылысты биылғы қараша айында аяқтау көзделген. Сонымен қатар осы жобаның шеңберінде он бір жаңа жұмыс орны ашылады, – деді «Almaty Finance» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Эмиль Оспанов.

Сәтбаев атындағы университет еліміздегі ең көне әрі беделді жоғары оқу орындарының көшбасшысы. Құрамында екі факультеті бар Қазақ тау-кен-металлургиялық институтының (ҚазТКМИ) кірпіші оңтүстік астанамызда қаланып, 1934 жылдың он тоғызыншы қыркүйегінде бірінші оқу жылы басталады. Міне, дәл осы күн – тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы техникалық ғылымның негізі қаланған сәт болып табылады. ҚР Үкіметінің (22.09.1999 ж.) қаулысымен елдің инженерлік-техникалық кадрларын даярлаудағы ерекше еңбегі үшін және академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Қазақ ұлттық техникалық университетіне осы көрнекті қазақстандық геологтың есімі берілді. Кейіннен ұлттық зерттеу техникалық университеті дәрежесі берілген соң (2014 ж.), Қ.И. Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ Сәтпаев университеті (Satbayev University) болып өзгертілді (2017 ж.).

«Чжэнь Хуа электр энергетикалық құрылыс тобының» Қазақстандағы филиалы мен осы жоғары оқу орны (Басқарма Төрағасы – Ректор, Қазақстанның мемлекеттік және саяси қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ұлттық инженерлік академиясының академигі, Халықаралық инженерлік академияның толық мүшесі Мейрам Мұхаметрақымұлы Бегентаев) алғашқы мегаполистен жаңа студенттер жатақханасын салу туралы келісімді рәсімдеді. Бұл құжатқа университеттің ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректоры Ержан Көлдеев пен компания филиалының директоры Хуан Сяосун қол қойған болатын. – Біз болашақ жобаны жүзеге асыруға жоғары жауапкершілікпен қарайтын компаниямен меморандумды мақұлдадық. Ұзақ дайындық жұмыстары мен құжаттарды жан-жақты зерделеу нәтижесінде құрылыс кезеңіне көшуге дайынбыз. Бұл серіктестіктің жемісті болатынына және студенттеріміз үшін жаңа әрі жайлы орындар ашылатынына сенімдімін, – деді жоғары оқу орнының жетекшісі сөйлеген сөзінде.

Жобаны іске асыру биылдан бастап жедел қолға алынып, келесі жылдың соңына дейін дайын ғимаратты толық пайдалануға беру жоспарланған. Студент жастарды жатақханамен қамтамасыз етуге бағытталған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Бес әлеуметтік бастама» шеңберіндегі жұмыстардың жалғасы ретінде жүзеге асырылмақ. Тоғыз қабатты жаңа жатақхана 955 орынға есептелген. Ол соңғы жылдары университетте салынған студенттік инфрақұрылым нысандарының ішіндегі ең ірілерінің бірі болмақ. Жаңа жатақхана университеттің өзге өңірлерден және шетелден келетін студенттерді заманауи әрі қолайлы баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігін едәуір кеңейтеді. Сонымен қатар студенттік инфрақұрылымды дамыту Алматының Орталық Азиядағы білім беру орталығы ретіндегі тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Бұл, өз кезегінде, жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлау сапасын жақсартып, егемен еліміздің болашақ мамандары үшін қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік беретіндігі анық.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің (ҚазҰПУ) студенттеріне арналған бес жүз орындық жатақхана салынатындығы жөнінде жақсы жаңалық жарияланды жуырда. Бұл жобаны іске асыру туралы келісім осы жоғары оқу орнының Басқарма төрағасы – Ректор, саясаттану ғылымдарының кандидаты Болат Анапияұлы Тілеп пен ҚХР-дың Қазақстандағы «Шэньси Ихэшеньфэнь» өнеркәсіптік тобы өкілдерінің кездесуі барысында жасалған екен. Жаңа жатақхана Алматы қаласындағы Иван Шухов көшесінде бой көтеретін көрінеді. Заманауи студенттік кеңістікте секциялық бөлмелер, оқу және демалыс аймақтары, асхана, оқу залы, әлеуметтік нысандар мен қауіпсіздік жүйесі қарастырылатын болады. Жоба Мемлекет басшысының студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылады.

– ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын дамыту және студенттік жатақханалар құрылысын кеңейту мәселесін мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындаған болатын. Осыған сәйкес Абай университеті мен Қытайдың «Шэньси Ихэшеньфэнь» өнеркәсіптік тобы арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Компания жаңа жатақхана құрылысына инвестор ретінде қатысады. Кездесу барысында компанияның бас директоры Лю Цзун Цзян Абай университетінің ғылыми әлеуеті мен тарихи маңызына жоғары баға беріп, жобаның еліміздің тұңғыш жоғары оқу орнының 100 жылдығы қарсаңындағы маңызды бастама екеніне тоқталды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының медиа орталығы.

Сонымен қатар университет қолданыстағы жатақханаларды жаңғырту жұмыстарын жалғастырады. Биыл Алматы қаласы, Абай даңғылы 56В мекенжайындағы №5 жатақханаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұдан бөлек тағы төрт жатақхананы жөндеу жобасы әзірленіп жатыр. Қазіргі уақытта Абай университетінде он үш жатақхана жұмыс істейді. Студенттер санының жыл сайын артуына байланысты университет өңірлерден келген білім алушыларды, әсіресе бірінші курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысты кезеңге сай күшейтіп келеді.

– Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің (Басқарма төрағасы – Ректор, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, профессор Саламат Нұрмұханұлы Идрисов – редакция) студенттеріне арналған 900 орындық жаңа жатақхана жобасы дайындалды. Қолданыстағы ғимарат сүріліп, оның орнына заманауи талаптарға сай жаңа студенттер үйі бой көтермек. Құрылыс жұмыстары мемлекеттік инвестициялар есебінен жүзеге асады. Жаңа нысан жергілікті атқарушы биліктің тапсырысы бойынша салынады. Жобаны әзірлеуші бас ұйым – «Авангард ОК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жатахқана өзара байланысқан үш блоктан тұрады. Жобада студенттердің жайлы тұруына, білім алуына және бос уақытын тиімді өткізуіне қажетті барлық жағдай қарастырылған, – деп хабарланды Атырау облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тарапынан таяуда.

А және В блоктарында жалпы сегіз жүз студентке арналған тұрғын бөлмелерге қоса әр қабатта қыздар мен ұлдарға арналған жеке секциялар бар. Сонымен қатар А блогының бірінші қабатында медициналық блок, өзіне-өзі қызмет көрсететін кір жуу орны, жеке заттарды сақтауға арналған қойма, құжаттарды басып шығару және кеңсе тауарларын сату орны, сондай-ақ жатақхана қызметкерлеріне арналған кабинеттер болады. Орталық Б блогында жүз орындық асханамен бірге сексен адам сиятын оқу залы бар кітапхана және компьютерлік сыныптар көзделіпті. Студенттердің бос уақытын ұйымдастыру орталығы, ерекше қажеттілігі бар студенттерге бейімделген бөлмелер және 150 орындық акт залы қарастырылған. Сондай-ақ мұнда жиырма тренажерге арналған спорт залы, киім ауыстыратын бөлмелер, душ және санитарлық тораптар болады.

«Наурызнаманың» биылғы онкүндігі аясында елордадағы колледж студенттеріне арналған тоғыз жүз отыз сегіз орындық жаңа жатақхана ашылған-ды. Астана қаласындағы бұл жаңа ғимарат пайдалануға берілгенге дейін жергілікті техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының жанында он сегіз жатақхана жұмыс істеген (оның бесеуі мемлекеттік болса, он бірі – жекеменшік). Бұл жатақханаларда 2301 студент тұрған, ал орын тапшылығы шамамен бір мың үш жүз төсек-орынды құраған екен. Бейбітшілік көшесінде орналасқан жаңа жатақхананың құрылысы былтырғы қаңтар айында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында басталған. Бұл заманауи нысанда студенттердің бастамалары, стартаптары мен қолданбалы жобаларын дамытуға арналған акселерация орталығы қарастырылғанына куә болдық.

– Біз жай ғана жаңа жатақхананы ашып отырған жоқпыз, жастардың өмір сүруі мен дамуына арналған жайлы, қауіпсіз әрі заманауи орта қалыптастырып отырмыз. Бұл – елордамызда қолжетімді әрі сапалы білім беруді қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Бұл оқиғаның Наурыз мейрамы күндерімен тұспа-тұс келуі де символдық мәнге ие. Жатақхана білімгер жастар үшін тек тұратын орын емес, жаңа достар тауып, идеяларды жүзеге асыратын, баянды болашақты қалыптастыратын орта болсын. Жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Ал студенттерге оқуда табыс пен жарқын жетістіктер тілеймін, – деді құттықтау лебізін білдірген елордалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Рәсімге жиналғандар жаңа жатақхананың заманауи талаптарға толық сай екендігіне ризашылықтарын білдірді. Әр бөлмеде бес орынға қоса жеке санитарлық торап қарастырылған. Қабаттарда қыздар мен ұлдарға арналған бөлек асхана аймақтары бар. Студенттердің жан-жақты дамуы үшін ғимаратта спорт залы, хореография залы және кітапхана қызмет көрсетеді. Қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінген: жатақханада Face ID жүйесі енгізілген және бейнебақылаудың орталықтандырылған бақылау пункті жұмыс істейді. Сонымен қатар ғимарат мүмкіндігі шектеулі жандарға толық бейімделгендіктен кедергісіз орта мен арнайы бөлмелері бар. Жатақханада тұру құны айына биылғы оқу жылының соңына дейін 22,5 мың теңгені құрады. Мамандардың айтуынша, бұл баға студенттердің басым бөлігі үшін қолжетімді. Бұл жобаның іске асуы колледж студенттері үшін орын тапшылығын едәуір азайтып, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік сыйлағаны даусыз.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий