Шығармашылық орталықтар мен демалыс орындары – тағылымды тәрбие алаңы

Жарма ауданы Қалбатау ауылындағы өнер мектебі – балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған қосымша білім беру ұйымы. Мектептің негізгі ғимараты 1930 жылы, қосымша корпусы осыдан он бес жыл бұрын пайдалануға берілген. Жобалық қуаты бір жүз елу орын болғанымен, бүгінде мұнда бес жүз жиырма жеті оқушы білім алып жүр. Білім ордасында 48 қызметкер еңбек етеді, оның ішінде отыз үш педагог бар.

Оқушылар фортепиано, вокал, хор, оркестр, домбыра, скрипка, қобыз, театр өнері, хореография, сурет салу және қолөнер бағыттары бойынша қосымша білім алады. Мектепте тәрбиеленушілердің эстетикалық талғамын қалыптастыру, шығармашылық әлеуетін дамыту және ұлттық өнерге қызығушылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Оқушылар түрлі деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерде жүлделі орындарға ие болып келеді.

Бұл ұйымшыл ұжымындағы ұстаздарды ұзақ жылдардан бері шешімін таппау себепті алаңдатып жүрген өзекті маңызды мәселелерінің бірі – ғимараттың ескілігі. Нысанның қабырғалары қамыстан салынған. Жүргізілген техникалық қорытындыға сәйкес ғимараттың қолданысқа жарамсыз екені анықталған. Аудан әкімдігінің өкілдері бұл орынды іске асыру жолдарын қарастырып жатқанын, көмектесуге дайын кәсіпкерлер бар екенін жеткізді.

– Өнер мектебінің шығармашыл шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі байқаулар мен фестивальдерге тұрақты қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұл – педагогикалық ұжымның кәсіби жұмысының және білім алушылардың шығармашылық әлеуетінің нақты нәтижесі. Алдағы уақытта да мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім беру сапасын арттыру және балалардың шығармашылық мүмкіндіктерін жан-жақты дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады. Әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі, – деді Берік Уәли.

Жаңаөзен ауылындағы «Мейірім» спорттық-сауықтыру лагерінің жұмысы да аймақ басшысына таныстырылды. Бұл демалыс орны екі ғимараттан тұрады. Бір қабатты әкімшілік корпусында асхана, медициналық бөлме мен спорт залы орналасқан. Қос қабатты ғимарат жатын орын ретінде пайдаланылады. Жалпы аумағы – 500 шаршы метр. Лагерь орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, жатын корпусындағы санитарлық торап толық жаңартылған.

Былтырғы қыркүйек айында лагерьде ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жазғы маусымға толық дайындық жасалған. Ғимарат ішінде еденге линолеум төселіп, есіктер мен жарық шамдары жаңартылып, әктеу және сырлау жұмыстары орындалған. Биыл лагерьде төрт ауысым ұйымдастырылып, аз қамтылған, толық емес және көпбалалы отбасылардан шыққан төрт жүз ұл мен қызды тынықтыру жоспарланған. Бұл орталықта қолөнер, ән, би, дебат және спорт үйірмелері жұмыс істейді.

Балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп, күнделікті спорттық жарыстар, танымдық және зияткерлік іс-шаралар ұтымды ұйымдастырылуда. Лагерьде он штаттық қызметкер және әлеуметтік бағыттағы 17 маман еңбек етеді. Кездесу барысында лагерьдің материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту мәселесі қаралды. Атап айтқанда, лагерьге шағын футбол алаңы мен балалар ойын алаңын салу қажеттігі айтылды.

Өңір жетекшісі бұл сұрақты инвесторлар мен демеушілер есебінен шешу қажеттігін айтты. – Балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыру – маңызды міндет. Жазғы лагерьлер – демалыс орны ғана емес, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытып, спортпен шұғылдануына, жаңа достар тауып, пайдалы уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін тәрбие алаңы болуы тиіс. Сондықтан мұндай нысандардың жағдайын жақсарту мәселесі әрдайым назарымызда болады, – деді ол сөзінің соңында.

Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі,
Семей қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий