Өмірі – өнеге, ұстаздығы – үлгі
Қай кезеңде болмасын елдің өркендеуі, ең алдымен, жас ұрпаққа берілетін сапалы білім мен тағылымды тәрбиеге, оған көшбасшылық ететін зиялы қауымның парасаты мен кәсіби жауапкершілігіне байланысты. Білім мен тәрбие – ұлттың ең қымбат капиталы, ұстаз – сол асыл қазынаны ұрпақ санасына дарытатын тұлға, ал бүгінгі мектеп қабырғасында қалыптасатын құндылықтар – ертеңгі мемлекеттің бет-бейнесі.
Әр дәуірдің өнегелі тұлғалары – тек өз заманының емес, келешек ұрпақтың да шамшырағы. Олар ұлт мүддесін өмірлік мұратқа айналдырып, халықтың болашағына қызмет етеді. Осындай азаматтардың еңбегі арқылы қоғам алға жылжып, мемлекет нығаяды, ұлттың рухы көтеріледі. Әсіресе, білім мен тәрбие саласындағы мұндай тұлғалардың орны айрықша. Өйткені мемлекеттік дамудың барысын саясаткерлер айқындайтын болса, ұстаздар, ғалымдар мен ағартушылар ұлттың рухани хал-ахуалын айқындайды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген дана сөз бар. Осы мақаламда, жоғарыда айтылғандай, барлық еңбек жолын, күш қайратын ұлттық мектептің іргесін нығайтуға арнаған, тәуелсіз Қазақстанның білім беру саясатының маңызды бағыттарын айқындауға және іске асыруға үлес қосқан, Қазақстанның білім беру саласында өзіндік қолтаңбасы бар азамат Дүйсебек Әділхан туралы ой бөлісуді жөн көрдім.
Әділхан Төлегенұлын тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алматы облысы Қаскелең (қазіргі – Қарасай) ауданында қазақ мектебін ашуға бастама көтеріп, оның алғашқы директоры болған кездерінен білемін. Мен өзім де сол жылдарда Алматыдағы №159 гимназияның директоры болдым. Мектебіміз қала бойынша төрт рет, ал республика бойынша екі рет «Үздік білім ордасы» болып танылды. Осы қызмет барысында жүріп, еліміздегі озат директорлармен тәжірибе алмасып отырдық. 1999 жылдың аяғында мектеп басшыларының республикалық байқауы өтті.
Мен әділ қазылар алқасының құрамында болдым. Осы байқауға Алматы облысының атынан ашылғанына 8 жыл ғана болған Әл-Фараби атындағы мектептің директоры Әділхан Дүйсебек қатысты. Баяндау барысында оның ғылым жолын, алда тұрған мәртебелі лауазымын қиып, сол жылдардағы экономикалық тоқырау, әлеуметтік қиындықтар, қаржы тапшылығына қарамастан зор тәуекел етіп, үміттің уығын қадап, білімнің шаңырағын көтерген қазақ мектебіне басшылық жасауға келгенін естідім. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы талайдың еңсесін түсіріп, тіпті мұғалімдер мектептен кетіп жатқан алмағайып заманда мұндай тәуекелге баруға екінің бірінің жүрегі дауаламас еді.
Бірақ ұлт мектебінің іргетасын бекітуді өзіне мұрат еткен Әділхан Төлегенұлы осы жолда кезіккен қиындықтарға мойымады. Керісінше, әрбір кедергіні жаңа мүмкіндікке айналдырып, қажырлы еңбекпен, көреген басшылықпен және жаңашыл ізденіспен мектептің қайсар рухын қалыптастырды, ұжымын ұйыстырды, ата-ананың сенімін оятты, шәкірттердің жүрегіне ана тіліне, білімге деген құштарлықты ұялата білді. Оның басшылығымен қалыптасқан білім ордасы қысқа уақыт аралығында сапалы білімнің, ұлттық тәрбиенің, шығармашылық ізденістің және ұстаздық бірліктің үлгісіне айналды.
Осы қажырлы еңбектің әділ бағасы ретінде мектеп директорларының республикалық байқауында еліміздің әр өңірінен қатысқан 34 үздік директордың арасынан озып шығып, Бас жүлдені иеленуі – оның кәсіби біліктілігінің ғана емес, көшбасшылық қабілетінің, стратегиялық ойының және елдік мүддеге адалдығының айқын дәлелі болды. Мен өзім әділ қазылар алқасының мүшесі ретінде Әділхан Дүйсебектің аз уақыттық басшылық қызметіне зер салғанда, мектептің табысы ең алдымен жаңа ғимаратпен емес, қомақты жалақымен емес, көшбасшылық жасаушы адамның биік мұратымен, ұстаздардың адал еңбегімен және олардың ұлтқа деген сүйіспеншілігімен өлшенетінін түсіндім.
Осындай құндылықтардан бастау алған бұл мектеп уақыт сынағынан сүрінбей өтіп, дарынды балаларға білім беретін облыстық лицейге, озат тәжірибе алаңына айналды. Біздің №159 гимназияның Жамбыл көшесінің бойындаға Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясымен іргелес орналасқаны біз үшін үлкен олжа болды десем болар. Себебі педагогикалық ұжым елімізге белгілі ғалымдармен, оқулық авторларымен біте қайнасып араласу, шығармашылық бірлестікте құру мүмкіндігіне ие болды. Мұндай бірлестігіміз, әсіресе, ғылым ордасына Немеребай Нұрахметов, Асқарбек Құсаинов басшылықта болған кездері мығым болды.
Мен мұғалімдеріміздің бұл мүмкіндікті барынша пайдалануына ықпал еттім. Отандық төл оқулықтарымызды әзірлеу барысында мұғалімдеріміз авторлық топқа кірді, жаңа оқулықтарды сынақтан өткізу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде олар мықты әдіскер болып қалыптасты, оқулық авторы атанды, ғылыми байқауларда оза шабуының да бір себебі осы болды. Білім академиясына Әділхан Төлегенұлы 2004 жылдың басында вице-президент қызметіне келген соң ғалымдардың педагогикалық практикаға ашықтығы артып, базалық мектептермен байланысы нығая түсті.
«Алтынсарин оқулары» халықаралық конференция дәстүрлі түрде өткізіле бастады, Академия ғалымдарының республикалық және өңірлердегі біліктілікті жетілдіру институттарында дәріс оқуы жолға қойылды. Әділхан Төлегенұлы осы академияда он екі жыл қызмет атқарып, оның 9 жылында бес президентке орынбасар болыпты. Мұның өзі басшылардың Әдекеңнің білімділігі мен біліктілігін, адалдығын, еңбекқорлығын, қарым-қатынас мәдениетін мойындағанынан болса керек. Академияның вице-президенті қызметін атқара жүріп ол білім беруді дамытудың бағыт-бағдарын айқындайтын мемлекеттік Тұжырымдамалардың, нормативтік құжаттардың жобаларын әзірлеуге белсенді қатысты.
2007 жылы «Білім туралы» Заңды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының құрамында болып, Заңға бастауыш сынып мұғалімдерінің апталық жүктемесін 20 сағаттан 18 сағатқа азайту, педагогтерге сауықтыру жәрдемақысын төлеу және ғылыми-әдістемелік әдебиеттерге жазылуға қаржылай қолдау көрсету нормаларының енгізілуіне ықпал етті. Бұл тетіктер мұғалімдерді әлеуметтік қорғаудың маңызды құралдарына айналды. 2013 жылы Астана қаласында «Шабыт» университетінің базасында өткен Тамыз конференциясында Әділхан Төлегенұлының 12 жылдық білім берудің мемлекеттік стандарттарының басты қағидаларын республика педагогтері қауымына таныстырғаны да есімде.
Әділхан Төлегенұлы өзінің ғылыми-әдіснамалық қызметінде білім мазмұнын құру мәселесіне баса көңіл бөліп келеді. Ол білім мазмұны – бүкіл білім беру жүйесінің өзегі, ал оны құру білім беру жүйесінің жауапкершілігі ең жоғары жұмысы деп есептейді.Шынында, оқу бағдарламалары дұрыс әзірленбесе, оқулық та, мектепегі оқу-тәрбие процесі де дұрыс болмайтыны анық. Осы қағиданы берік ұстанған Әділхан Төлегенұлы жаңартылған білім беру стандарты арқылы енгізілген біраз жаңалықтарға, атап айтсақ, 1-сыныптан бастап үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) оқыту, пәндердің саны мен оқу мақсаттарының санын көбейту, пәндердің мазмұнын күрделендіру, негізгі пәндерді үш тілде оқыту идеяларына сын-пікір білдірушілер қатарында болды.
Республикалық «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары қызметіне ауысқан соң, Әділхан Төлегенұлы білім мазмұнының, оқулықтардың сапасын арттырудың пәрменді тетігі ретінде үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларын ғылыми-педагогикалық сараптамадан өткізу жүйесін ұсынды. Осы ұсыныс негізінде «Білім туралы» Заңға толықтыру енгізіліп, арнайы Қағидалар бекітілді және «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ҚР Үкіметінің Қаулысымен «Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы» (БМСО) болып қайта құрылды.
Осындай еңбек жолында мықты тәжірибе жинақтаған, ғылыми-педагогикалық ортада танымалдық пен беделге ие болған Әділхан Төлегенұлы зейнеткерлікке шыққан соң қоғамдық жұмыстың көрігін қыздырды. Оның бастамасымен құрылған Ұлттық құндылықтар академиясы ғалымдар мен педагогтердің, зиялы қауымның рухани-интеллектуалдық мүмкіндіктерін ұйыстырған маңызды қоғамдық алаңға айналды. Академия ұлттық құндылықтардың қолдану аясын кеңейту, оларды қоғамдық мәдениет пен қарым-қатынастың, балалар мен жастарға білім мен тәрбие берудің ажырамас қағидасына айналдыру мақсаттарында мемлекеттік органдармен өзара ықпалдаса отырып, жұмыс жүргізіп келеді.
Академия құрамындағы тұлғалар «Абай» телеарнасының «Сарасөз» бағдарламасына қатысып, қазақ радиосынан дәрістер сериясын оқуды ұйымдастырды. Академия ғалымдарының ұлттық құндылықтар жүйесіне негізделген мазмұндық концептілерді білім мазмұнының өзегі ету жөніндегі бастамасы – «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат» ұлттық идеологиясын білім беру мазмұнымен байланыстырып, оны ғылыми-педагогикалық модельге айналдыруға жол салып отыр. Бір атап өтетін мәселе, Адам құндылығымен басталатын бұл құндылықтар жүйесі еліміздің жаңа Конституциясының басты құндылықтарымен және қағидаларымен толық сәйкес келеді.
Егер бұл концептілер оқу бағдарламалары мен оқулықтарда толыққанды жүзеге асса, онда Қазақстанның алдағы даму стратегиясына сай келетін, білім мен тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз ететін, заманауи талаптарға жауап беретін жаңа білім беру моделінің қалыптасатынына менің сенімім мол. Осыған дейін де кемел кейіпкеріміз ғылыми мақалалардан басқа, республикалық басты басылымдарда мемлекет дамуының стартегиялық бағыт-бағдарына қатысты өзінің терең ой-тұжырымдары мен салмақты ұсыныстарын жариялап келеді.
2005 жылғы 14 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Қазақстанда білім беруді дамытудың басты бағдарлары» мақаласында Мағжан Жұмабаевтың: «Қазақтың тағдыры да, келешек ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік, жанымызға қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады», – деген даналық өсиетіне басты назар аударса, 2016 жылғы республикалық «Айқын» газетінде (№534) жарық көрген «Тәуелсіздікті нығайту тетіктері» мақаласында Қазақстанда адами капиталды дамытудың Ұлттық тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігін жан-жақты дәлелдеді.
«Ana tili» газетінің 2024 жылғы 1 ақпандағы №4(1732) «Ұлттық құндылықтар жүйесі – мемлекеттік идеологияның өзегі» мақаласында ішкі саясаттың, білім мен тәрбиенің, қоғамдық дамудың өзегі болатын ұлттық құндылықтар жүйесін жариялады. Әділхан Төлегенұлының бүкіл ғұмыры мен қызметі қазақ мектебінің дамуына, ұлттық білім мен тәрбиенің нығаюына арналған адал еңбектің жарқын үлгісі деуге толық негіз бар. Осындай ұлтжанды тұлғаның ерен еңбегіне өзімнің жеке ризашлығымды білдіргім келеді.
Әдекеңнің ұлт мүддесі, ұлттық мазмұндағы мектепті құру мүддесіне арналған ғибратты еңбек жолын кейінгі ұрпаққа адал қызметтің, отаншылдықтың, көреген басшылықтың және ұстаздық парасаттың жарқын үлгісі деп бағалаймын. Мерейлі жетпіс жасқа толған Әділхан Төлегенұлына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, шығармашылық шабыт пен толайым табыс тілейміз.
Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
