Білім мен ғылым – болашақ кілті

Қазіргі әлем елдің қуатын – білімді азаматымен, ғылыми әлеуетімен, технологияны игеру қабілетімен өлшейді. Креативті идеяға бай, ілімге ұмтылатын, ғылым мен инновацияны толық игерген ұрпақ, мемлекеттің дамуына қалтқысыз қызмет етеді. Сондықтан білім мен ғылым – тұтас ұлтты табысқа жеткізетін күш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымды жаһанға ортақ стратегиялық маңызы зор сала ретінде бағалап, университетті озық идеялар тоғысатын ғылыми ізденіс ордасы деп атап көрсетеді. Бұл тұжырым мен талап жоғары оқу орындарының жауапкершілігін бұрынғыдан да арттыра түсті.

Жаһандық үдерісте университет жақсы оқыған студентке диплом беретін ұйымға айналмауы тиіс. Себебі оқу орны аймақтың интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыратын, ғылым мен өндірісті ұштастыратын, жастарды зерттеуге үйретіп, жасампаздық қабілеттерін ашатын, азаматтық ұстанымдарын айқындауға бағыт-бағдар беретін ұстахана. Осы тұрғыдан қарағанда, Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті өңір мен ел дамуына қажетті білімді, білікті, жаңашыл кадрлар даярлау миссиясын абыроймен атқарып келеді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында: «Ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық», – деп атап өтіп, дарынды жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау маңызды екенін тапсырды. Бұл – жоғары оқу орындарына, ғылыми қауымдастыққа және жас зерттеушілерге жүктелген үлкен сенім. Бүгінде Атырау университетінде 152 ғалым еңбек етсе, олардың 41-і – PhD докторы дәрежесі бар жас ғалымдар. Бұл – оқу орнының ғылыми әлеуеті жылдан-жылға нығайып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш. Университет жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің құрамындағы 26 мүше өз қызметін жүйелі жоспар негізінде ұйымдастырып, ғылым мен білімді ұштастыру бағытында нәтижелі жұмыстар атқаруда.

Жас ғалымдар – кез келген университеттің жаңару қуаты. Олар ғылыми ізденістің жаңа бағытын қалыптастырады, заманауи әдістерді меңгереді, халықаралық тәжірибеге ашық болады және қоғамдағы нақты мәселелерге ғылыми шешім ұсынуға ұмтылады. Мемлекет басшысының «Қазір жас ғалымдардың заманы туды» деген сөзі де осы буынға артылған үміт пен жауапкершіліктің көрінісі. Университетіміздің жас зерттеушілері осы сенімді нақты істерімен дәлелдеуде. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған «Жас ғалым» бағдарламасы аясында біздің ғалымдар гранттық қаржыландыруға ие болып, өзекті ғылыми жобаларды жүзеге асыруда.

Соның бірі – информатика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Мақсот Рахметовтың «Жасанды интеллект принциптеріне негізделген қашықтықтан оқыту платформасын құру әдістемесін әзірлеу» тақырыбындағы ғылыми жобасы. Бұл зерттеу қазіргі білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформациямен тікелей сабақтас. 2025 жылы университет ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы шеңберінде 14 ғылыми жобаны жүзеге асырса, биыл 18 ғылым жоба орындалды. Оның ішінде гранттық қаржыландыру бойынша 6 жоба, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде жас таланттарды қолдауға бағытталған «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша 5 келешекті жоба, сондай-ақ өңір үшін аса маңызды экология, энергия тиімділігі және биоресурстар салаларындағы 3 жоба бар.

Бұл бағыттар Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, экологиялық қауіпсіздігі және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелерімен тығыз байланысты. 2025-2027 жылдары университет «Каспий тұрақты инновациялар орталығы: өңірдің неғұрлым экологиялық болашаққа көшуі үшін баламалы шешімдерді ғылыми-академиялық ілгерілету» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасын жүзеге асыруда. Бұл бастама Каспий өңірінің экологиялық тұрақтылығы, табиғатты тиімді пайдалану және жасыл даму қағидаттарын ғылыми тұрғыдан негіздеу үшін аса маңызды.

Бағдарлама Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарымен үндесіп, ғылымның өңірлік мәселелерді шешудегі нақты рөлін күшейтеді. Бүгінде ғылым тек зертханадағы теориялық ізденіс деңгейінде қалмауы тиіс. Ғылым өндірістің, білім берудің, экологияның, энергетиканың, ауыл шаруашылығының және әлеуметтік саланың нақты сұранысына жауап беруі қажет. Мемлекеттік органдардың сапалы ғылыми қорытындыға сүйенуіне назар аударуы да университет ғылымын өңірлік даму стратегиясымен тығыз байланыстыруға жол ашып отыр.

AI дәуірі: білімнің жаңа бағдары. Жаңа кезеңнің тағы бір басты бағыты – жасанды интеллект. Президенттің 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауы Қазақстанның технологиялық дамуға бет бұрғанын айқын көрсетеді. ЖИ бүгінде тек болашақтың технологиясы емес. Ол білім сапасын арттырудың, ғылыми зерттеулерді жеделдетудің, өндірістік үдерістерді оңтайландырудың, басқару шешімдерінің тиімділігін арттырудың нақты құралы. Мемлекет басшысы Қазақстан үш жыл ішінде жаппай цифрлық ел болуы керек екенін айтып, экономиканы жаңғырту үшін цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын барынша енгізу қажеттігін атап өтті.

Осы ұлттық мақсаттарды жүзеге асыруда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті де белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Университет ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ауқымды AI-Sana жобасының «зәкірлі» университеттерінің біріне айналды. AI-Sana – студенттер, магистранттар мен докторанттардың жасанды интеллект саласындағы дағдыларын дамытуға бағытталған бірегей акселерациялық бағдарлама; онда технологиялық кәсіпкерлікке және ұлттық экономиканың әлеуетін ашуға ерекше назар аударылады.

AI-Sana жобасы Атырау жастары арасында үлкен қызығушылық тудырды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – студенттерге, магистранттарға және жас зерттеушілерге ауыл шаруашылығы, энергетика, білім беру секілді бейінді салаларда жасанды интеллект пен AI-кәсіпкерлік бойынша қосымша құзыреттер беру. Бұл бағыт Атырау облысы үшін ерекше маңызды. Өйткені өңірдің болашағы тек шикізаттық экономикамен шектелмей, білімге, технологияға және инновацияға негізделген жаңа даму моделіне көшуімен тығыз байланысты. Жобаның «нөлдік кезеңінде» іргелі білім базасын қалыптастыруға басымдық берілді.

Оқытушылар мен студенттер Coursera, Huawei, Astana Hub ресурстарына қол жеткізді. Соның нәтижесінде ағымдағы оқу жылында 1400-ден астам студент Coursera платформасында белсенді білім алуда. Сонымен қатар жасанды интеллект курсы университеттің барлық білім беру бағдарламаларына енгізілді. Бұл – цифрлық сауаттылықты жекелеген мамандықтармен шектемей, әрбір білім алушының базалық құзыретіне айналдыруға бағытталып отыр. Қазіргі таңда жоба теориялық дайындықтан технологияларды практикалық қолдануға және нақты өнімдер әзірлеуге бағытталған шешуші кезеңге өтуде. Университеттің 5200-ден астам білім алушысы екінші кезеңге іріктеу үшін тіркеуден сәтті өтіп, тестілеу тапсырды. Екінші кезеңнің ерекшелігі – Стэнфорд университеті, MIT және Кремний алқабының жетекші халықаралық сарапшыларын тарту.

Оқу материалдарын дайындау халықаралық сарапшы Пол Кимнің жетекшілігімен жүргізілуде. Оқу барысында студенттер Python, Google Colab және Jupyter құралдарымен жұмыс істеуді меңгеріп, үлкен тілдік модельдерді қолдануды үйренеді және өздерінің MVP, яғни минималды өміршең өнімдерін әзірлейді. Бұл бастама Атырау үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Өнеркәсіптік орталық саналатын өңірде жасанды интеллект технологиялары предиктивті аналитика, өндірістік үдерістерді автоматтандыру, экологиялық мониторинг, білім беру платформаларын жетілдіру, деректерге негізделген басқару шешімдерін қабылдау бағыттарында кеңінен қолданылуы мүмкін. Университеттің міндеті – осы үдерістерге қажетті адами капиталды қалыптастыру.

Біз алғашқы практикалық нәтижелерді де көріп отырмыз. Студенттер мен қызметкерлердің күшімен «AI_Atyrauuniversity_bot», «LibAU» секілді меншікті ЖИ агенттер әзірленіп, апробациядан өтуде. Мұндай жобалар университетішілік қызметтерді оңтайландырып қана қоймай, білім алушылардың нақты өнім жасау тәжірибесін қалыптастырады. Жасанды интеллектті игеру – тек дайын технологияны қолдану емес, ең алдымен, жаңа ойлау мәдениетін қалыптастыру. Әрине, жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізу барысында академиялық адалдық, сапалы контент, сыни ойлау, ұлттық құндылықтарды сақтау секілді мәселелер де назардан тыс қалмауы керек. Президент жасанды интеллект білім беру үдерісін жетілдіруге тиіс, бірақ оның іргелі негізін алмастырмауы қажет екенін ескерткен болатын.

Демек жаңа технология адамды алмастыратын күш емес, адамның қабілетін арттыратын құрал ретінде қызмет етуі тиіс. Университет үшін басты мақсат – білім, ғылым және инновацияны бір арнаға тоғыстыру. Біз университет қабырғасында алған білім нақты өмірде, өндірісте, қоғамда, өңірлік дамуда қолданылатын нәтижеге айналуы керек деп есептейміз. Осы бағытта жас ғалымдарды қолдау, зерттеу мәдениетін дамыту, халықаралық серіктестікті кеңейту, AI-Sana секілді ірі жобаларды тиімді жүзеге асыру – біздің стратегиялық басымдықтарымыздың бірі.

Білім мен ғылым – елдің болашағын айқындайтын ең сенімді капитал. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар дәуірінде бұл капиталдың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Сондықтан бүгінгі университеттің міндеті – жастарға тек білім беру емес, оларды ойлайтын, ізденетін, шешім қабылдайтын, технологияны ел игілігіне бағыттай алатын тұлға ретінде қалыптастыру. AI-Sana жобасы, жас ғалымдардың ғылыми ізденістері, өңірлік маңызы бар гранттық жобалар және университеттің инновациялық бастамалары Атырауды жас таланттардың энергиясы мен жоғары технологиялар тоғысқан қуатты интеллектуалды хабқа айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл – тек университеттің ғана емес, бүкіл өңірдің, тұтас Қазақстанның дамуына қосылатын нақты үлес.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – білім мен ғылымға жасалған инвестиция елдің ертеңіне жасалған инвестиция. «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» демекші, саналы ұрпақтың сапалы білімі мен жүйелі ғылыми ізденісі ғана мемлекетімізді жаңа белестерге бастайды. Бүгінгі жасанды интеллект дәуірінде университеттердің алдында тұрған басты міндет – жастарды заманауи технологияны меңгерген, ұлттық құндылықты бойына сіңірген, ғылымды ел игілігіне бағыттай алатын білікті маман ретінде қалыптастыру.

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті осы жауапкершілікті терең сезіне отырып, білім, ғылым және инновацияны ұштастырған нақты жобаларды жүзеге асыра береді. Жас ғалымдарды қолдау, зерттеу мәдениетін дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және өңірдің өзекті мәселелеріне ғылыми шешім ұсыну – біздің басты бағдарымыз. Өйткені ғылымы дамыған елдің болашағы берік, білімі терең ұрпақтың алар асуы биік.

Саламат ИДРИСОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – Ректор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий