Мектептерді жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Аймақ жетекшісі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен ұйымдастырылған білім беру нысандарының құрылысы, мектептерді жаңғырту, жазғы жөндеу жұмыстары және саладағы өзекті мәселелерге арналған кезекті мәжілісте жергілікті бас ұстаз Ғалымжан Орынов өңірдегі мектептердің жай-күйі, реновация бағдарламасының орындалуы, жөндеу жұмыстарының барысы және алдағы міндеттер туралы баяндама жасады.

Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан мектептерді реновациялау бағдарламасы аясында аймақта 115 мектепті жаңғырту жоспарланған. Оның ішінде былтыр қырық бір, биыл отыз сегіз және келесі жылы отыз алты білім беру ұйымы қамтылады. 2025 жылы жөндеуі жоспарланған қырық бір мектептің жиырма алтысында жұмыстар толық аяқталған. Қалған он бес ағарту орнында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда және оларды алдағы қыркүйек айына дейін аяқтау көзделген.

Қазіргі таңда аталған нысандарда ішкі әрлеу және инженерлік жүйелерді жаңарту жұмыстары толық бітіп, сыртқы жөндеу мен абаттандыру жұмыстарының орындалуы орта есеппен 50-60 пайызға жеткен. Биыл реновация бағдарламасы бойынша отыз сегіз мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның отыз екісіне ағымдағы және алтауына күрделі жөндеу жұмыстарын жасау жоспарда бар. Сонымен қатар өңірде 125 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Оның алпыс мектебінде жұмыстар толық аяқталса, қалған нысандарда жөндеу қарқынды жалғасып жатыр.

Жазғы демалыс кезеңіндегі барлық жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс. Мәжілісте білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі мен инженерлік инфрақұрылымын жаңарту мәселесі де қаралды. Биыл бір жүз он білім беру нысанын табиғи газға қосу қажеттігі айтылды. Оның ішінде сексен екі мектеп, 26 балабақша және екі қосымша білім беру ұйымы бар. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Нұралхан Оралбайұлы облыс әкімі ретінде жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын, мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Әсіресе жаңа оқу жылы қарсаңында барлық білім нысандарының толық дайын болуын қамтамасыз ету, реновация аясындағы жұмыстарды сапалы орындау, балалардың қауіпсіздігі мен қолайлы білім алу ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді. Аймақ басшысы әрбір бюджет қаражатының тиімді игерілуін, құрылыс пен жөндеу барысында сапа талаптарының қатаң сақталуын және анықталған кемшіліктердің уақытылы жойылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Өңір басшысы құрылысты сапасыз жүргізген мердігерлерді заң шеңберінде жауапкершілікке тарту қажеттігін айтты. Құрылысы жүрген және жүріп жатқан барлық білім нысаны тұрақты бақылауға алынып, мониторинг жүреді.

Түркістан облысы білім басқармасының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий