Еуропалық география олимпиадасына қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже
Болгарияның Варна қаласында биылғы маусым айының 27-сі мен шілденің үші күні аралығында ұйымдастырылған Еуропалық география олимпиадасының кезекті (European Geography Olympiad, EGeo) байқауына әлемнің он үш мемлекетінен жүз оқушы қатысып, білімдері бойынша бақ сынаған болатын. Жарыс қорытындысы бойынша тәуелсіз еліміздің намысын қорғау мақсатында тоғыз шәкірттен құралған ұлттық құрама екі алтын мен бес күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Нәтижесінде отандық оқушылардың барлығы тағы да олжамен оралып, биік белесті бағындырулары арқылы байтағымыздың байрағын кезекті мәрте жоғары желбіретті.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі таратқан ресми мәліметке сүйенсек, бұл көрсеткіш – Еуропалық география олимпиадасына қатысу тарихындағы егемен еліміздің ең үздік нәтижесі екен. Олимпиада барысында қатысушылар физикалық, әлеуметтік-экономикалық және аймақтық география бойынша теориялық және практикалық тапсырмаларды орындап, картографиялық материалдар мен географиялық деректерді талдау дағдыларын көрсеткені айрықша атап айтылуда.
Сонымен алтын медаль иегерлері: Андрей Енбахтов – Қостанай қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы; Сырым Амантай – Қарағанды облысындағы Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы. Күміс медальмен марапатталғандар: Дарын Бекбол – Жетісу облысы, Талдықорған қаласындағы Мұхтар Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейдің 10-сынып оқушысы; Азамат Жумажанов – Ақтөбе облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы; Айдос Серікбай – Алматы облысы, Есік қаласындағы А.Мәлкеев атындағы «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы; Шынғыс Мүрсәлім – Павлодар қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы; Нұрай Бакеева – Солтүстік Қазақстан облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.
Шығыс Қазақстан облыстық «Білім-Инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы Амир Дарынов пен осы аймақтағы облыстық «Білім-Инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы Алан Козленкоға қола медаль табысталған. Ұлттық құраманы жарысқа география пәнінің мұғалімі Нұрмағамбет Данат Мұратұлы (IQanat High School of Burabay) мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Шайхина Орал Бекболатқызы дайындап, жетекшілік етті.
Еске салсақ, қазақстандық құрама былтыр ұйымдастырылған осы олимпиадада бір алтын мен екі күміс және төрт қола медаль жеңіп алған болатын. Қазақстан құрамасын тарихи жетістігімен құттықтап, алдағы IGeO 2026 халықаралық география олимпиадасында жаңа жеңістер тілейміз, – дейді салалық ведомствоның баспасөз қызметі.
Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ
Загрузка...