Павлодарлық студенттер халықаралық жастар симфониялық оркестрінің құрамында өнер көрсетті

Музыка колледжінің студенттері М.А. Балакирев атындағы Нижегород музыкалық училищесімен халықаралық шығармашылық ынтымақтастықты одан әрі дамытып келеді. Бірлескен жұмыстың кезекті кезеңі ретінде колледж білім алушылары XIII Халықаралық жастар симфониялық оркестрінің (МЖСО–2026) маусымына қатысты.

Биыл Қазақстан Республикасы мен оқу орнын халықаралық жоба аясында Төрегелді Жасұлан мен Омаржанов Заурбек лайықты таныстырды. Ауқымды халықаралық жоба Ресей, Беларусь, Қазақстан және Қытай елдерінің жас музыканттарын біріктіріп, қатысушыларға кәсіби тәжірибе алмасуға, орындаушылық шеберліктерін жетілдіруге және беделді концерттік сахналарда өнер көрсетуге мүмкіндік берді.

Білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастық 2025 жылы жасалған келісім аясында табысты жалғасып келеді. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру кәсіби байланыстарды нығайтуға, шығармашылық өзара ықпалдастықты кеңейтуге және жас орындаушылардың кәсіби тұрғыда дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етуде.

Үш күн бойы Халықаралық жастар симфониялық оркестрінің қатысушылары дирижерлер В. Дурандиннің, И. Горюшиннің және И. Бродяныйдың жетекшілігімен қарқынды оркестрлік репетициялар өткізді. Бірлескен жұмыстың қорытындысы ретінде Ф.П. Павлов атындағы Чебоксар музыка училищесінің Үлкен залында және М.И. Глинка атындағы Нижегород мемлекеттік консерваториясының концерт залында екі жарқын концерт ұйымдастырылды.

Концерттік бағдарламаға әлемдік музыка өнерінің көрнекті композиторлары П.И. Чайковскийдің, С. Рахманиновтың, Н. Римский-Корсаковтың, М. Мусоргскийдің, П. Сарасатенің, Дж. Вердидің және И. Штраустың шығармалары енді. Жас музыканттардың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, концерттер аншлагпен өтіп, ұзақ қол шапалақтау мен «Браво!» деген қошеметке ұласты.

Колледж студенттерінің Халықаралық жастар симфониялық оркестріне қатысуы олардың жоғары кәсіби даярлығының және көркемдік білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігінің кезекті дәлелі болды. Осындай жобалар орындаушылық шеберлікті дамытуға, кәсіби көкжиекті кеңейтуге, елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға және академиялық музыка өнерінің үздік дәстүрлерін насихаттауға зор үлес қосады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий