Ертіс ауданында «ADAL NIGHTS: Территория смыслов» жастар алаңы өтті

Павлодар облысы, Ертіс ауданында «Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «ADAL NIGHTS: Территория смыслов» атты жастар іс-шарасы өтті.

Іс-шара мектеп оқушыларын ашық диалог, спорттық және танымдық алаңдарда біріктіріп, бос уақыттарын мазмұнды әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік берді. Ашылу салтанатында аудан прокуроры адалдық, жауапкершілік, заңға құрмет және саналы таңдау құндылықтарының маңызын атап өтті.

Бағдарлама аясында бірнеше тақырыптық алаң жұмыс істеді. «Кинотерриторияда» өмірлік таңдау мен жауапкершілік тақырыбындағы бейнероликтер көрсетілсе, «Спорттық аумақта» достық волейбол кездесуі ұйымдастырылды.

Оқушылар ерекше қызығушылық танытқан «Диалог алаңында» полиция және төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен кездесу өтіп, жастар қауіпсіздік ережелері мен мамандық ерекшеліктері туралы ақпарат алды.

Сондай-ақ «ADAL» телестудиясында оқушылар журналист рөлін сомдап, аудан прокурорынан сұхбат алып, заңдылық, әділдік және мамандық таңдау тақырыптарында пікір алмасты.

Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий