Павлодарлық спортшылар әлем чемпионатынан олжалы оралды

Шілде айының басында Баянауылда жаяу және велотуризмнен Қазақстан Республикасының чемпионаттары өтті. Дүбірлі додаға Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда облыстары мен Жетісу облысының командалары қатысты.

Павлодар қаласының балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығының (ДЮЦЭТ) тәрбиеленушілері «Жасөспірімдер» және «Жастар» жас санаттарында өнер көрсетіп, жоғары нәтиже көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша орталық спортшылары жеке және командалық сындарда көптеген жүлделі орындарға ие болды.

Жаяу туризмнен «Жасөспірімдер» санатындағы команда жалпыкомандалық есепте чемпион атанып, «Байлам», «Өткел» және «Кросс-жорық» кезеңдерінде үздік нәтиже көрсетті. Ал велотуризмнен спортшылар «Фигуралық жүргізу» сайысында жалпы есеп бойынша бірінші орынды иеленіп, командалық есепте күміс жүлдеге қол жеткізді.

«Жастар» санатындағы қатысушылар да жоғары дайындықтарын дәлелдеді. Жаяу туризмнен команда жалпыкомандалық есепте екінші орын алса, велотуризмнен чемпионаттың қола жүлдегері атанып, бірнеше жеке кезеңде жүлделі орындарға ие болды.

Командаларды сапалы дайындап, жоғары нәтижеге жетелегені үшін жетекшілер Ирина Валерьевна Ридзаускене, Владимир Юрьевич Ридзаускас және Сергей Николаевич Агалаков жарыс ұйымдастырушыларының Алғыс хаттарымен марапатталды.

«Жарыстың әр күні өте тартысты әрі қарқынды өтті. Спортшылар жаяу туризм кезеңін аяқтай сала велосипед жарысына қатысып отырды. Баянауылдың қолайлы ауа райы да жарыстың жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті. Қазақстан Республикасы Спорттық туризм федерациясы мен Павлодар облысының Спорттық туризм федерациясына жарысты кәсіби деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысымызды білдіреміз», – деді Павлодар қалалық ДЮЦЭТ қосымша білім беру педагогі Ирина Валерьевна Ридзаускене.

Павлодар қаласының ДЮЦЭТ тәрбиеленушілері мен олардың бапкерлерін жарқын жеңістерімен құттықтаймыз! Алар асулары биік, жеңістері мол болсын!

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий