Мектеп бағы – берекелі еңбектің жемісі
Аққулы ауданындағы білім беру ұйымдарының мектеп жанындағы бақшаларында жазғы еңбек маусымы белсенді жалғасуда. Жерге дән егіп, оны күтіп-баптау арқылы мектеп ұжымдары мол өнім алуға бағытталған жұмыстарды жүйелі жүргізуде.
Мектеп ауласындағы арнайы бөлінген жер телімдерінде картоп, сәбіз, қызылша, қырыққабат, пияз, қияр, қызанақ және түрлі көкөніс дақылдары өсірілуде. Педагогтер, мектеп қызметкерлері мен оқушылар бірлесе отырып, өсімдіктерді суарып, топырағын қопсытып, арамшөптерден тазартып, бақтың берекесін арттыруда.
Мұндай еңбек – оқушыларға табиғатпен етене араласуға, ауыл шаруашылығы жұмыстарының маңызын түсінуге және еңбектің нәтижесін бағалауға мүмкіндік береді. Мектеп бақшасы – экологиялық мәдениетті қалыптастыратын, еңбекқорлық пен жауапкершілікке тәрбиелейтін ерекше орта.
Өсірілген өнімдер жаңа оқу жылында мектеп асханаларының мәзірін толықтырып, оқушыларға ұсынылатын тағамдардың сапасы мен құндылығын арттыруға бағытталады. Табиғи өнімдерді пайдалану – балалардың дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастырудың маңызды қадамдарының бірі.
Берекелі бастама білім беру ұйымдарының тиімділігін арттырып қана қоймай, жергілікті өнімді бағалау, табиғатты қорғау және ортақ іске үлес қосу құндылықтарын дәріптейді.
Еңбекпен егілген әр дән – молшылықтың бастауы. Аққулы ауданындағы мектеп бақтары жаз бойы жасыл желекке оранып, жаңа оқу жылына дейін жемісті еңбектің нәтижесін көрсетпек.
Загрузка...
