Шарбақты ауданының мектеп жанындағы лагерь тәрбиеленушілері «Ертіс орманының» ғажайып әлемін тамашалады
Павлодар облысы, Шарбақты ауданының мектеп жанындағы лагерь тәрбиеленушілері Павлодар облысының көрікті мекендерінің бірі – мемлекеттік табиғи орман резерваты «Ертіс орманына» саяхат жасап, ерекше әсерге бөленді.
Балалар сапар барысында ең алдымен Ғабдул-Уахит хазірет кесенесіне барып, туған өлкенің тарихы мен рухани мұрасымен танысты. Одан әрі резерват мамандары оқушыларға «Ертіс орманының» табиғи байлығы, орманды қорғау жұмыстары және қауіпсіздік ережелері туралы қызықты мәліметтер берді. Экскурсия Ботабас орманшылығында жалғасып, балалар қарағайлы ормандарды сақтау және қалпына келтіру бағытындағы жұмыстармен танысты. Сондай-ақ «Қарағай алаңы» қонақ үйіне барып, табиғат аясындағы демалыстың ерекше сәттерін сезінді.
Таза ауадағы көңілді пикниктен кейін оқушылар «Алёшкина соқпағы» туристік бағытымен жүріп өтті. Экологиялық жол бойындағы биік қарағайлар, әсем табиғат көріністері мен орман тынысы балаларға ұмытылмас әсер сыйлады. Бұл саяхат – жай ғана экскурсия емес, туған жердің табиғатын тануға, оны аялауға және тарихи мұраны құрметтеуге бағытталған тағылымды сабақ болды. «Ертіс орманы» – табиғаттың ғажайып әлемі мен туған өлке тарихын тоғыстырған ерекше мекен!
Загрузка...
