Тарихи триумф! Қазақстанның физиктері әлемді таңғалдырды
Колумбияның Букараманга қаласында осы шілде айының 4-12 күндері елу алтыншы мәрте ұйымдастырылған физикадан ең беделді халықаралық олимпиадасында (International Physics Olympiad, IPhO) егемен еліміздің ұлттық құрамасындағы бес мүшесі алтын медаль иеленіп, тәуелсіздік тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Биылғы дүбірлі додаға әлемнің сексен бес елінен озық ойлы озат атанған 381 үкілі үміткер жиналған екен. Қатысушылар күрделі теориялық және эксперименттік тапсырмаларды орындап, білімдері мен ғылыми даярлықтарын сынға салды.
Жүйрік жеңімпаздармен таныс болыңыздар. Олар: Азатбеков Амирбек – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы; Қазымбек Илияс – елордадағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы; Егенбергенова Нұргүл – Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы; Черемнов Роман – Алматы қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы; Құрман Дамир – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, бұл биік белесті бағындыру үшін отандық көшбасшылар үш жыл бойы жүйелі түрде жұмыс жүргізіпті. Құрама команданы мектеп мұғалімдері, тәлімгерлері және ұлттық құраманың жаттықтырушылары дайындаған. Жан-жақты әзірлік шараларына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Гүлия Нұрбақова жетекшілік жасаған. Халықаралық физика олимпиадасында ұлттық құраманың қатысуын SDU университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Самат Мақсұтов пен физикадан халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев үйлестірген көрінеді.
Айта кетейік, отандық құраманың мүшелері бұл білім додасына соңғы отыз жылға жуық уақыттан бері тұрақты түрде әрі белсенді қатысып келеді. Былтыр ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль жеңіп алған еді. Қазақстанның мәртебелі мерейін үстем еткен жас физиктерімізді, олардың ұстаздарын, ата-аналарын және барша жұртшылықты жоғары жетістікпен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл – жасампаз жастарымыздың кезекті олжасы емес.
Бұл – ұлтымыздың физикадан әлемдік деңгейдегі әлеуетін дәлелдеген, отандық құраманың кәсібилігі мен үздіксіз қажырлы қызметіне қоса тынымсыз ізденісінің нақты нәтижесі! Халықаралық қауымдастықты таңғалдырған тарихи триумф еліміздің жас дарындарына сәтті серпін сыйлап, химия, математика, экономика, биология, география, лингвистика және информатика пәндерінен халықаралық олимпиадаларда бақ сынайтын озық ойлы озат оқушыларымызды биік белестерге бастасын. Көк туымызды жаһандық жарыстарда жоғары желбірететін жемісті күндеріміз көп болсын!
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...