Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы
– Жаңа Қазақстанның өзегін жаңа қоғам құрайтыны анық. Бұл ретте, ең алдымен, ұлтымыздың қадір-қасиетін арттырып, халқымыздың бәсекеге қабілеттілігін жетілдіруге баса мән беруіміз керек. Сондай-ақ қоғамның дамуына кедергі келтіретін, береке-бірлігімізге іріткі салатын жағымсыз қасиеттерден арылу қажет. Бүгінде дүние жүзінің бірқатар интеллектуалдары классикалық капитализм дағдарысқа тап болғанын ескертіп, оның болашағына күмәнмен қарайды, – дейді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» тақырыбындағы тұжырымдамалық мақаласында (08.01.2020 ж.).
– Себебі әлемде бай мен кедейдің, білімді мен білімсіздің, қала мен ауылдың арасы алшақтап кетті. Бұл үдерістің қарқыны барған сайын күшейіп келеді. Бизнес тек пайда көздесе, білімділер бөлек орта қалыптастырды, әрқайсысы өздері үшін ғана жауапкершілік арқалайтын болды. Қалалар тез өсіп-өркендеп, шағын елді мекендердің дамуы тұралады. Ғалымдар мұның барлығы әлеуметтік жауапкершіліктің әлсірегенінен деп есептейді. Әлеуметтік жауапкершілік қайткенде орнына келеді? Әрине, бұл – оңай шаруа емес. Осы күрделі мәселенің шешімін Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеген жөн. «Толық адам» деген сөз ағылшын тіліндегі «A man of integrity» түсінігіне сай келеді.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, бұл – тек өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тән сипаттама. Қазір тарап жатқан осы ұғымды Абай сонау он тоғызыншы ғасырдың өзінде-ақ түсіндіріп айтты. Адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қатынастардан құралады. Онсыз адам қоғамнан бөлініп қалмақ. Ал қарым-қатынас міндетті түрде өзара жауапкершілікті туғызады. Бұл жауапкершілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек жылы жүрек керек екенін айтады. Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы.
– Осындай таным-түсінікпен өмір сүрген халқымыз өзі қиын жағдайда отырып, өзге ұлттарды бауырына басқан. Өзі асқа жарымай қиналса да, бір тілім нанын бөлісіп жеуді парыз санаған. Үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу бола білген. Осы құндылықтарды дәріптеп, бүгінге жеткізу арқылы халқымыз өзінің ұлт ретінде сақталуы үшін барын салған. Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» тұжырымдамасы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президентіміздің бастамасы бойынша Абай философиясына негізделген қазақстандық білім беру моделі Азияда үздік деп танылғаны туралы жағымды да жақсы жаңалықты журналистер жарыса жариялады. Нәтижесінде, араға бес жыл уақыт салып, ғұлама хәкімнің философиясына негізделген білім беру жүйесі халықаралық мойындауға ие болды: Almaty Management University (AlmaU) әзірлеген Tolyq Adam бағдарламасы беделді Times Higher Education Awards Asia 2026 сыйлығының Teaching and Learning Strategy of the Year аталымына сәйкес жеңімпазы атанды. Гонконгтағы THE Asia Universities Summit аясында биылғы сәуір айының жиырма екісі күні арнайы марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Биыл бұл бірегей байқаудың финалистер тізіміне он жеті елден сексен жоба енген екен.
– THE Awards Asia марапаты университеттік ортаның шынайы алуан түрлілігі мен тереңдігін тануға арналған алаң ретінде құрылған. Бұл – ресми көрсеткіштермен әрдайым толық қамтыла бермейтін жетістіктерді бағалау кеңістігі. Биылғы лауреаттар бұл идеяны толықтай жүзеге асырды: алғаш рет жеңімпаздар 10 түрлі ел мен аумақтан анықталып, олардың бастамалары білім берудің трансформациялық күшін айқын көрсетті. Олардың тәжірибесі Азиядағы жоғары білім беру жүйесінің тұрақты дамып келе жатқанын және алдағы уақытта одан да жоғары деңгейге шығатынын дәлелдейді, – деді Крис Хевергел, Times Higher Education редакторы.
Tolyq Adam бағдарламасының Teaching and Learning Strategy of the Year номинациясындағы жеңісі қазақстандық білім беру моделінің халықаралық деңгейде жоғары бағаланғанын растайды. Сарапшылар құрамына Роберта Мали Бассетт – World Bank ұйымының жоғары білім беру бағытының жетекшісі, сондай-ақ әлемнің жетекші университеттерінің өкілдері кірді: Massachusetts Institute of Technology, Harvard Graduate School of Education, University of Warwick, Tohoku University, The Chinese University of Hong Kong, SOAS University of London, University Canada West, University of Wollongong және Tecnológico de Monterrey.
Қазылар алқасы AlmaU-дың білім беру ортасын гуманистік құндылықтарға, Абай Құнанбайұлының философиясына және заманауи педагогикалық тәсілдерге негіздеп қалыптастырудағы инновациялық бағытын ерекше атап айтты. – Бұл жеңіс – тек университеттің мойындалуы ғана емес, сонымен қатар Абай негізін қалаған гуманистік білім беру дәстүрінің қазіргі заманның әмбебап тіліне айнала алатынын дәлелдейді. Tolyq Adam бағдарламасы – уақыт талабына берген жауабымыз: біз тек кәсіби мамандарды емес, ойлай алатын, сезіне алатын және жауапкершілікпен әрекет ететін тұтас тұлғаларды қалыптастыруды мақсат етеміз. AlmaU үшін бұл – жаһандық білім беру кеңістігіне терең интеграциялану және Қазақстан мен өңірдегі білім беру дамуына үлес қосу жолындағы маңызды қадам, – деді Almaty Management University ректоры Тимур Булдыбаев.
Бағдарламаның идеологиялық негізі – Абай Құнанбайұлының «Толық адам» тұжырымдамасы, ол LEADER заманауи білім беру моделі арқылы қайта пайымдалған. Бұл модель сыни ойлауды, эмпатияны, этикалық және экологиялық сананы дамыту мен тұрақты көшбасшылық дағдыларын біріктіреді. Оның өзегінде – ақыл, жүрек және қайрат бірлігі арқылы тұлғаның үйлесімді дамуы жатыр. Бүгінде бағдарлама жыл сайын бір мыңнан астам студентті қамтып, тұтас дүниетанымды және практикалық құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған сегіз трансформациялық курсты біріктіреді.
Жобалық қызмет ерекше орын алады: бағдарлама жүзеге асырылған уақыт ішінде студенттер үкіметтік емес ұйымдармен, білім беру мекемелерімен және бизнеспен әріптестікте бір жүзден астам әлеуметтік, экологиялық және кәсіпкерлік жобаларды іске қосты. Университеттің 2024-2025 жылдарға арналған ішкі зерттеулеріне сәйкес, бағдарлама қатысушылары академиялық көрсеткіштер мен тұлғалық даму тұрғысынан тұрақты өсім көрсетуде. Студенттер сыни және креативті ойлаудың дамуын, эмпатия мен саналы көзқарастың артуын, сондай-ақ өмірлік мақсаттарын айқынырақ түсінудің маңыздылығына мән беріпті.
AlmaU-дың Times Higher Education Awards Asia 2026 сыйлығындағы жеңісі Қазақстанның жаһандық білім беру бағытын қалыптастырудағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетіп, гуманитарлық бағыттағы білім беру модельдерінің әлеуетін айқындайды. Бағдарлама Орталық Азия елдерінің университеттері мен білім беру саясатын қалыптастырушылар тарапынан масштабтауға және бейімдеуге болатын тиімді тәжірибе ретінде қызығушылық тудыруда. AlmaU Tolyq Adam бастамасын одан әрі дамытуды жалғастырып, жаңа буын көшбасшыларын даярлау және білімді саналы өзгерістердің құралына айналдыратын білім беру ортасын қалыптастыру миссиясын нығайтуды жалғастырмақ.
AlmaU президенті Асылбек Қожахметов салтанатты жиындағы сөйлеген сөзінде университеттің шағын менеджерлер мектебінен халықаралық деңгейде танылған білім беру ұйымына дейінгі даму жолына тоқталған. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Акерке Абылайхан бүгінде мемлекеттік саясат қазақстандық жоғары оқу орындарының жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын айрықша атап айтыпты. AlmaU қамқоршылар кеңесінің мүшесі және БҰҰ-ның жаһандық шарты Орталық Азия бойынша атқарушы директоры Динара Сейтжапарова білім беруді дамытудағы мәдени бірегейліктің маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара барысында Абай Құнанбайұлының «Толық адам» тұжырымдамасына негізделген және трансформациялық оқыту моделін қамтитын бағдарламаның негізгі нәтижелері таныстырылды. Бірегей бағдарламаны талқылау аясында панельдік пікірталас ұйымдастырылып, оған қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы Зира Наурызбай қатысқан. Іс-шараның шарықтау сәтінде академиялық және кәсіби жетістіктерімен ерекшеленіп, тәуелсіз мемлекетіміздің жан-жақты ілгері дамуына үлес қосып жүрген дарынды талапкерлерге үш білім беру гранты табысталғанын білдік.
Абай Құнанбайұлы – қазақ руханиятының шамшырағы, адам тәрбиесінің терең психологы. «Толық адам» тұжырымдамасы тек қазақ әдебиеті үшін ғана емес, бүкіл адамзат тәрбиесіне арналған философиялық тұжырым. Абай мұрасындағы бұл ілім адамның жан-жақты дамуын, рухани кемелденуін, адамгершілікке жету жолын негізге алады. Қазіргі заманда жаһандану мен ақпарат тасқыны дәуірінде жастар тәрбиесі өзекті мәселеге айналып отыр. Осы орайда, Абайдың «Толық адам» идеясы – жас ұрпақты рухани бай, парасатты, жауапты етіп тәрбиелеудің темірқазығы бола алады.
Шырақ әл-ШАБАНИ
Загрузка...

