Еліміздің цифрлық болашағы үшін заманауи мамандарды даярлаудың жаңа үлгісі
AI-Sana – цифрлық экономика үшін кадрлар даярлау және жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы негізгі ұлттық бастамалардың бірі. Бүгінде жасанды интеллект технологиялық және экономикалық дамудың маңызды факторларының біріне айналды. Оның қолданылу аясы білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік басқару салаларын қамтиды. Осыған байланысты жасанды интеллект технологияларын әзірлеп, оларды тиімді қолдана алатын білікті мамандар даярлау мемлекет үшін стратегиялық міндеттердің бірі болып отыр, – деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биылғы жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды. Жасанды интеллектіні дамыту ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және елдің кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Мемлекет басшысы алдыңғы жылы Үкіметке жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлауға және білім беру, ғылыми зерттеулер мен технологиялық кәсіпкерлікті біріктіретін ұлттық AI-экожүйені қалыптастыруға бағытталған AI-Sana бағдарламасын кезең-кезеңімен іске асыруды тапсырған еді.
– ЖИ технологиялары саласындағы отандық және халықаралық білім беру бағдарламалары еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға үлес қоса алады. Үкіметке жасанды интеллект бағытында маман даярлауға арналған AI-Sana бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру мәселесін қарастыруды тапсырамын. Аталған бағдарлама оқу, зерттеу және стартаптарды әзірлеу үдерістері тоғысатын динамикалық экожүйені қалыптастыруға ықпал етуі тиіс. Әлемнің жетекші университеттерінің акселерация тәжірибесін қолданған дұрыс. Жасанды интеллекттің пайдасын Қазақстанның әрбір тұрғыны білуі керек. Оның не үшін қажет екенін, қалай дұрыс қолданылатынын ыждаһаттықпен түсіндірген жөн, – деген еді сол кездегі сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары білім беру жүйесін жаңғырту және AI-құзыреттерді дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект элементтері енгізіліп, оны оқу процесінде қолдану тәсілдері жетілдіріліп жатыр. Сонымен қатар оқытушылардың біліктілігін арттыру мүмкіндіктері кеңейтіліп, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы дамып, халықаралық ынтымақтастық нығайтылуда. Ғылым, технология және кәсіпкерлік тоғысындағы құзыреттерге ие жаңа буын мамандарын даярлауға ерекше назар аударылады.
Айсана – әлемдегі танымал дауыстық көмекшілер – Google Assistant (Google), Siri (Apple), Amazon Echo не Alexa (Amazon), Cortana (Microsoft) және Алиса (Yandex) виртуалды роботтарының қазақша баламасы. Қазақстанда қазақ тілінде сөйлеп, автоматты түрде жауап беретін виртуалды робот әзірлеу жұмысы қолға алынып, оған «Айсана» деген ат берілді. AI-Sana бағдарламасы дәл осы мақсатқа қол жеткізу үшін жүзеге асырылып келеді. AI-Sana – инженерлерді, зерттеушілерді және технологиялық кәсіпкерлерді даярлауға бағытталған ұлттық бастама. Бағдарлама білім беру, ғылым және инновацияны ұштастыра отырып, студенттерге жасанды интеллект технологияларын меңгеріп қана қоймай, оларды практикалық шешімдер әзірлеуге және өз жобаларын іске асыруға қолдануға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның алғашқы кезеңінде базалық AI-құзыреттер бойынша оқудан өткен және жетекші халықаралық білім беру платформаларына қол жеткізген студенттерге 697 мыңнан астам сертификат берілді. Келесі кезең тәжірибелік дағдылар мен кәсіпкерлік құзыреттерді дамытуға бағытталған. Биылғы сәуір айынан бастап «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен AI-Sana бағдарламасының екінші кезеңі іске асырыла бастады. Оның аясында Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Пол Ким әзірлеген бағдарлама бойынша 100 мың студент AI-кәсіпкерліктің негіздерін меңгеруде. Алдағы уақытта қатысушылар жобалық командаларға бірігіп, өздерінің технологиялық шешімдерін әзірлейді.
Astana Hub пен QazInnovations ұйымдарының қатысуымен инкубация және акселерация бағдарламаларына ұсынады. Бұл перспективалы бастамалардың нарыққа шығуына және одан әрі дамуына мүмкіндік береді. Бағдарламаның екінші кезеңін іске асыруға Стэнфорд университеті, Массачусетс технологиялық институты, Кремний алқабының венчурлік қорлары және халықаралық бизнес-мектептердің өкілдерін қоса алғанда жетекші халықаралық сарапшылар тартылған. Оқу материалдары Пол Кимнің жетекшілігімен АҚШ-тың Zemex Inc. компаниясының қатысуымен әзірленетіндігін білдік. Сондай-ақ бағдарламаға Stanford University, Carnegie Mellon University, UC Berkeley, Johns Hopkins SAIS, Georgetown University, Boston University және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері қатыспақ екен.
Жасанды интеллектті дамыту және жоғары білікті кадрлық әлеуетті қалыптастыру – еліміздің орнықты дамуы мен оның жаһандық цифрлық кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін нығайтудың маңызды алғышарттарының бірі. AI-Sana – бұл жай ғана оқу курсы емес, толыққанды AI-кадрларын даярлау және студенттік технологиялық кәсіпкерлікті дамыту экожүйесі. Ең белсенді бағыттар – ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және смарт-технологиялар. Бұл студенттік жобалар болашақ инновациялық экономиканың іргетасын қалауда.
Шымкент қаласының басқа шаһарларға ұқсамайтын ерекшелігі бар: ол – елдің оңтүстігіндегі ең ірі мегаполис, бірнеше ірі мемлекеттік және жеке университеттердің басын қосқан ғылыми әлеуеті зор орталық ретінде танылған. Қала жастары бұрын технологиялық стартаптар мен цифрлық кәсіпкерлік мүмкіндіктерінен алшақ тұратын. AI-Sana бағдарламасы осы олқылықты толтырып, жергілікті білімгерлер үшін де жаһандық деңгейдегі білік пен тәжірибеге жол ашты. Осындағы жоғары оқу орындары педагогтерінің айтуынша, бағдарлама студенттердің технологияға деген қызығушылығын күрт арттырды, көпшілігі кәсіпкерлік жоба дайындауға белсене кіріскен. – Бұрын дипломды алып, бір жерге жұмысқа орналасу арманы болса, қазір студенттер жеке стартаптарын ашуды жоспарлайды, – дейді шым қала университетінің оқытушылары.
Мемлекет басшысының білім беру жүйесіне жаңа технологиялық шешімдер мен жасанды интеллектті енгізу туралы тапсырмасына сәйкес, «Келешек мектептері» жобасы аясындағы мектептерде «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің мазмұнына жасанды интеллект тақырыптарын енгізу жұмыстары өткен оқу жылының басында қолға алынған еді. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жасанды интеллект элементтері бар цифрлық шешімдерді білім беру процесіне тәжірибелік тұрғыда енгізу сынақтарын бекітілген кезеңге сай өткізді, – деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Сабақтар оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастырылады: бастауыш сыныптарда түсіндіру ойын және көрнекілік әдістері арқылы жүргізілсе, жоғары сыныптарда оқушылар чат-боттар құру, деректерді талдау және этикалық жағдайларды шешу сияқты жобалық тапсырмаларды орындайды. Мұндай тәсіл сыни ойлауды, цифрлық сауаттылықты және технологияларға саналы көзқарасты дамытуға бағытталған. Бұл шешімдер еліміздің бірнеше мектебінде, соның ішінде Астана қаласындағы №101 «Келешек мектебінде» пилоттық негізде қолданысқа енгізіліп, жасанды интеллектпен жұмыс істеуге арналған заманауи цифрлық құралдармен қоса басқа да әдістердің тиімділігі зерделенді.
Roqed AI, Aqyl, Google Workspace for Education және жасанды интеллект негізіндегі Kahoot сияқты шешімдер енгізілген білім беру ортасында пайдаланылған қажетті құралдар оқушылар мен мұғалімдер үшін сенімді көмекшіге айналуда. Олардың қолданылуы білім беруді көрнекі, интерактивті және әр оқушының жеке қажеттіліктеріне бейімделген етуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллект элементтері бар технологиялар цифрлық дағдыларды дамытуға, мұғалімдерді оқыту үдерісін ұйымдастыруда қолдауға және оқушылардың заманауи білім беру тәсілдеріне деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Рас, жасанды интеллект қазіргі таңда тек оқыту құралы ғана емес, соған қоса мұғалімнің көмекшісі, оқушының серіктесіне айналуда. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесінде технологиялық тұрғыда ойлау, коммуникация және жеке жауапкершілік дағдыларын дамытуға қызмет ететін білім беру кеңістіктері қалыптаса бастағаны белгілі. Павлодар облыстық білім басқармасы таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек, аймақтағы ағарту саласын цифрландыру қарқынды түрде жалғасуда. Жергілікті мектептердегі қауіпсіздікті күшейту мақсатында бейнебақылау жүйелері жаңартылып, оған жасанды интеллект технологиялары қолданысқа енгізіліпті.
Сонымен қатар алдағы жаңа оқу жылынан бастап керекулік ұл-қыздар елімізде алғашқылардың бірі болып жасанды интеллект негіздерін пән ретінде оқи бастайды. Облыстық білім беру басқармасының ақпараттық технологиялар орталығының басшысы Елнар Өтебаевтың айтуынша, бүгінде өңірдегі білім беру ұйымдарында қауіпсіздік жүйелерін жаңғырту жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Соның аясында ескі аналогтық бейнекамералар заманауи цифрлық құрылғылармен алмастырылып жатыр. Жаңа үлгідегі камералар бейнені жоғары сапада түсіріп, ақпаратты ұзақ мерзім сақтауға мүмкіндік береді. – Цифрлық камералар жоғары сапалы бейнежазба жасап қана қоймай, деректерді сақтау үшін аз көлемдегі жадты қажет етеді. Соның нәтижесінде бейнематериалдарды ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік бар, – дейді ол.
Павлодар қаласындағы №48 мектепте қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бағытындағы тың жобалардың бірі жүзеге асырылуда. «Қазақтелеком» компаниясымен бірлескен жоба аясында жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған бейнекамералар пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – адамның тұрақты бақылауынсыз жұмыс істей алуында. – Жасанды интеллект жүйесі адамның тұрақты бақылауынсыз жұмыс істейді. Камералар буллинг, төбелес, адамдардың жаппай жиналуы немесе қару алып кіру секілді қауіп-қатер белгілерін автоматты түрде анықтап, мектеп әкімшілігіне және білім беру органдарына жедел хабарлама жібереді. Егер жоба тиімділігін дәлелдесе, оны алдымен Павлодар қаласының мектептеріне, кейін облыс көлемінде енгізу жоспарланып отыр, – деді жергілікті журналистермен жүздесуінде осы орталықтың басшысы.
Жобаның тиімділігі іс жүзінде де тексерілген. Биыл жүйенің жұмысы бірнеше рет арнайы сынақтан өткізілген. Мамандар ойыншық қарумен мектепке кіру әрекетін және оқушылар арасындағы төбелес жағдайларын әдейі ұйымдастырып, жүйенің әрекетін бақылаған. Сынақ нәтижесінде жасанды интеллект барлық жағдайды дұрыс анықтап, белгіленген тәртіп бойынша дер кезінде дабыл берген. Дегенмен, пилоттық жоба іске қосылғалы бері №48 мектепте нақты қауіп-қатерге байланысты оқиғалар тіркелмеген. Қазіргі уақытта бейнекамералар мектептердің дәліздерінде, рекреациялық аймақтарында, баспалдақ алаңдарында және кіреберіс топтарында орнатылған. Қанатқақты жобаға Павлодар және Қызылорда облыстарының мектептері енгізілген.
Кереку өңірінде жасанды интеллектті зерделеу үшін бес шағын жинақты мектептің 4-сынып оқушылары таңдалып отыр. Павлодар, Ақтоғай, Ертіс, Железин және Аққулы аудандарының білім беру мекемелері жобаға қатысады. Барлық оқушы жасанды интеллект негіздерін үйренетін болады. Бірақ бұл барлық мәселені жасанды интеллект толық шешіп, реттейді деген сөз емес. Бұл – мұғалім мен оқушы үшін материалды тереңірек түсінуге, бір жерде оқу процесін жеңілдетуге және жеделдетуге көмектесетін құрал. Ол түбегейлі адамды алмастырмайды, тек оған көмектеседі. Аймақ педагогтері жасанды интеллект құралдарын күнделікті жұмыс барысында кеңінен пайдаланып келеді. Осы бағыттағы қолдау шараларының бірі ретінде бейіндік ведомство OpenAI компаниясымен бірлесіп, павлодарлық мұғалімдерге төрт мың ChatGPT лицензиясын тегін ұсынған.
Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ
Загрузка...