Жазғы демалыс – пайдалы еңбек пен тәрбиенің мектебі
Мектеп шәкірттердің жаз айларындағы үш айға созылатын ұзақ мерзімді демалысы соңғы жылдары жаңа тәжірибе мен алғашқы еңбекке қадам басатын ерекше кезеңге айналуда. Себебі бұл ұтымды уақыт мемлекет тарапынан балалардың тапсырылған арнайы жұмысқа жауапкершілігін арттырып, белгілі бір мамандықтың адал кәсіп иесіне құрметін қалыптастыратындығы нақтыланған. Және олардың бос уақыттарын тиімді өткізуі де басты назарда болады. Сондықтан еліміздің әрбір аймағындағы атқарушы биліктің салалық құрылымдарына жергілікті жеткіншектердің алдыңғы сапындағы бұғанасы бекіген бозбалалар мен бойжеткендерді алғашқы кәсіби тәжірибе жинақтап, еңбегімен қаржы табуға мүмкіндік беретін қарекеттер қарастыру қажеттілігі тапсырылған.
– Шарбақты ауданындағы Орлов жалпы орта білім беру мектебінің отыз бес оқушысы жазғы демалысты тиімді ұйымдастыруы үшін «Победа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің түрлі нысандарындағы қызу еңбекке кіріскен. 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдер аумақты абаттандыру, көгалдандыру, гүлзарлар мен жасыл желектерге күтім жасау, ауыл шаруашылығы дақылдарын арамшөптен тазарту, шөп шабу және басқа да маусымдық жұмыстарға белсенді қатысып жүр. Жұмыс барысында барлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталып, ұл-қыздар алдын ала еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқамамен танысады, – деп хабарлайды Павлодар облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Өткен маусым айының қорытындысы бойынша шәкірттердің жалақысы 80-110 мың теңге аралығын құрады. Көп жылдан бері осы жеке кәсіпкер мектеп оқушыларының жазғы жұмыспен қамтылуына қолдау көрсетіп, олардың қауіпсіз жағдайда еңбек тәжірибесін жинақтауына жағдай жасап келеді. Қалталы азаматтың бұл игі бастамасы жас ұрпақтың еңбекке бейімделуіне және болашақ мамандығын саналы таңдауға оң ықпал етумен қатар басқа да орта және шағын бизнес өкілдеріне үлгі ретінде ұсынылуда.
Екібастұз қаласында жазғы кезеңде оқушыларды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Биыл жазғы еңбек жасағына аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 600 оқушы тартылып, олар үш маусым бойынша тынымсыз еңбекке жұмылдырылған. Жасөспірімдер мектеп аумақтары мен оған іргелес жерлерді абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізуге қатысады. Әр маусымда екі жүз балғын қамтылып, шағын шаһардың көркем келбетін қалыптастыруға қолтаңбаларын қалдыруда.
Жұмыс үш кезең бойынша ұйымдастырылған: бірінші маусым өткен айдың 15-26 күндері аралығында, екіншісі – шілденің 6-17 күндері аралығында, ал үшінші маусым шілде айының 27-сі мен тамыздың алтысы аралығы. Бір маусымның ұзақтығы – 10 жұмыс күні. Жазғы еңбек жасағына қатысушы әр оқушыға еңбекақы төленеді. Бұл жастар үшін еңбек тәжірибесін жинақтауға, жауапкершілік пен дербестікті қалыптастыруға, сондай-ақ отбасына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген.
Күн сайын еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқама өткізіліп, арнайы журналға тіркеледі. Жұмыс уақыты сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін жалғасады. Қатысушылар арнайы қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіліп, қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып еңбек етеді. Жазғы еңбек жасағы – жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, еңбекке құрметпен қарауға, қоғамдық жауапкершілікті сезінуге және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға ықпал ететін маңызды жоба. Жазғы демалыс – мектеп оқушылары үшін тынығатын ғана емес, өз қабілетін шыңдап, еңбекке араласып, алғашқы табысын табатын мүмкіндік.
– Әулиекөл ауданында жастар еңбек жасақтарының жұмысқа белсене кірісіп кеткеніне екі айға жуықтады. Жазғы демалысты тек демалыс қана емес, өскен өлкесін көркейтуге және алғашқы табысын табуға арнаған аудан жастары бүгінде үлкен істің басында жүр. Ауданда бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жастар еңбек жасақтары биыл да сәтімен жалғасын тапты. Биыл жүзге жуық жергілікті жастар туған жерінің дамуына жеке үлесін қосып, еңбек арқылы өмірлік тәжірибе жинақтауда. Әр күн сайын таңғы салқынмен жұмысқа кіріскен жасақ мүшелері саябақтар мен гүлзарларды тазалап, көшеттерді күтіп-баптап, қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға атсалысады, – деп хабарлайды Қостанай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Бір қарағанда қарапайым көрінетін бұл жұмыстар жастардың бойында жауапкершілік, тәртіп пен еңбекқорлық қасиеттерін қалыптастырады. Жастар ресурстық орталығының жастармен жұмыс жөніндегі маманы Нұргүл Сағынаеваның айтуынша, жастар еңбек жасақтары 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтарға арналған. Дегенмен қазіргі құрамның басым бөлігін 14-17 жас аралығындағы мектеп оқушылары құрайды. – Былтыр аудан бойынша алпыс бес ұл мен қыз еңбек жасақтарына қатысса, биыл олардың саны тоқсанға жетті. Аманқарағай мен Құсмұрын ауылдарында да он бес баладан еңбек етіп жатыр. Жоба жаз мезгілінің үш айын қамтиды. Қатысқысы келетін үміткерлер өте көп. Хабарландыру жарияланған сәттен-ақ бос орындар тез толып қалады. Сондықтан тіркелуге үлгергендер ғана қатысады, – дейді ол.
Облыстық газеттегі әріптестеріміздің жазуынша, жасақ мүшелері аудан аумағын абаттандырады. Көктемде егілген көшеттерді суарып, гүлдердің түбін қопсытады, арамшөптерін жұлады, саябақтар мен демалыс орындарын қоқыстан тазартады. Балалардың жас ерекшеліктері ескеріліп, ауыр дене күшін қажет ететін жұмыстарға тартылмайды. – Он бес жасқа дейінгі балалар жарты күн ғана еңбек етеді. Апталық жұмыс уақыты толық болуы үшін жұма күні толық жұмыс күні ұйымдастырылады. Ал ауа райы қолайсыз болса, жастар коворкинг орталығында түрлі тренингтерге, танымдық және тәрбиелік іс-шараларға қатысады. Яғни олар тек еңбек етіп қана қоймай, өздерін жан-жақты дамытуға мүмкіндік алады, – дейді маман.
Әр еңбек жасағының өз бригадирі бар. Олар жұмыс барысын үйлестіріп, қатысушылардың уақытын арнайы табельге белгілеп отырады. Еңбек тәртібін сақтап, жұмысты толық атқарған жастар ай сайын жалақы алады. 14-15 жастағы жасақшылар аптасына жиырма төрт сағат, 16-17 жастағылар отыз алты сағат, ал қалған он сегізден жастан жоғарылар қырық сағат еңбек етеді. Соған қарай жалақы да шығады. Жобаға қатысу үшін ата-анасының жазбаша келісімі қажет. Сонымен қатар әр бала бір ғана маусым еңбек етеді.
– Кейбір балалар бізге екінші, тіпті үшінші рет келгісі келеді. Бірақ жобаға қызығушылық өте жоғары болғандықтан, барынша жаңа қатысушыларды қамтуға тырысамыз. Маусым соңында еңбек жасақтарының жұмысы салтанатты түрде қорытындыланып, белсенді жастар аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және сыйлықтармен марапатталады, – дейді Нұргүл Сағынаева. Жобаға қатысушылардың өзі де еңбек жасағының өміріне ерекше ықыласпен қарайды. Мысалы, мектеп оқушысы Бекзат Әлқожин екінші жыл еңбек етіп жүр. – Таңертең келіп, түске дейін жұмыс істейміз. Жұмыс аса қиын емес. Достарыммен бірге еңбек етіп, жақсы көңіл-күйде уақыт өткіземіз. Өз еңбегіммен тапқан ақшаға мектепке қажетті заттарымды аламын. Бұл адамды жауапкершілікке үйретеді, – дейді ол.
Тоғызыншы сынып оқушысы Дилнұр да еңбек жасағының белсенді мүшелерінің бірі. – Өзім білімге құштар балаларға арналған Назарбаев Зияткерлік мектебінде (НИШ) оқимын. Бірақ отбасым осы Әулиекөлде тұрады. Жазғы демалыста үйде бос отырғым келмеді. Сондықтан екінші жыл қатарынан осы жасақтың құрамына қосылдым. Мұнда бәрі ұнайды. Ұжымымыз өте ұйымшыл. Әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Жазды бос өткізбей, пайдалы еңбекпен айналысқан дұрыс деп ойлаймын, – дейді ол. Биыл алғаш рет еңбек жасағына қосылған С.Баймағамбетов атындағы мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Әли Нұрәлі де алған әсерімен бөлісті.
– Мен үшін биылғы жыл – алғашқы тәжірибе. Жасақ құрамына бірінші рет кіріп отырмын. Ұйымдастырушылар тарапынан барлық жағдай жасалған. Мұнда көптеген жаңа достар таптым. Ең бастысы, ауылымыздың көркейюіне өз пайдамызды тигізіп жатырмыз. Жазғы демалысты смартфонға үңіліп өткізгенше, осылай пайдамен өткізген әлдеқайда жақсы. Мұнда келгеніме еш өкінбеймін. Барлық жағдай жасалған. Жаңа достар таптым. Өз ауылымыздың тазалығына үлес қосып жүргеніміз қуантады. Еңбек етіп, алғашқы табысымды тауып жатқаным ерекше сезім сыйлайды, – дейді жас еңбеккер.
Жастар еңбек жасақтары – жай ғана маусымдық жұмыс емес. Ол жасөспірімдердің еңбекке көзқарасын қалыптастыратын, туған жерге жанашырлық сезімін арттыратын, алғашқы еңбек мектебіне айналған жоба. Мұнда олар тек ақша табуды емес, уақытты бағалауды, ұжыммен жұмыс істеуді, жауапкершілікті сезінуді үйренеді. Ең бастысы, жастар туған өлкесінің тазалығы мен көркеюіне өз қолымен үлес қосып жүргенін мақтан тұтады. Осындай игі бастамалар арқылы еңбек адамын құрметтеу мәдениеті қалыптасып, қоғамға пайдалы болудың мәні жас буынның санасына сіңе түсуде.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқан «Таза Қазақстан» бастамасы да осыны көздейді. Әулиекөлдік жастардың бұл қадамы – өскелең ұрпақтың еңбекқорлығы мен туған жерге деген жанашырлығының айқын көрінісі. Жастар ресурстық орталығының мамандары атап өткендей, жасаққа қабылданған балалар өте жауапты, тәртіпті және кешігу немесе жұмысқа келмей қалу деген жағдайлар мүлдем дерлік кездеспейді. Демек, Әулиекөлдің ертеңі еңбекпен шыңдалған, жауапкершілігі жоғары, сенімді қолда!, – деп қорытындылаған қостанайлық журналист жазбасын.
– «Жасыл ел» еңбек жасағы қала аумағын көркейту және абаттандыру жұмыстарына белсенді түрде қатысуда. Жасақ мүшелері саябақтар мен гүлзарларды тазалап, көшелердегі қоқыстарды жинау, ағаштарды күтіп-баптау және көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар жастар қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға атсалысып, қала тұрғындарына қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын насихаттауда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала келбеті жақсарып, тұрғындар үшін қолайлы әрі таза орта қалыптасуда. Жаз мезгілі – балалар мен жастар үшін демалыс қана емес, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, еңбекке баулудың маңызды кезеңі, – дейді Ұлытау облысының Қаражал қаласындағы жастар ресурстық орталығының директоры Шыңғыс Сағындық.
«Nurly jurek ordasy» мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен бұл орталық мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Жасыл ел» бағдарламасын жергілікті өңірде жүзеге асыруда. Қаражал қаласы, Жәйрем және Ақтай кенттері бойынша барлығы 165 жас осы бағдарлама арқылы жұмыспен қамтылған. Негізгі мақсат – жастардың жазғы демалысын тиімді өткізуіне жағдай жасап, оларды еңбекке баулу және қоғамға пайдалы іске тарту. Жастар көгалдандыру, тазалық жұмыстары, қоғамдық орындарды абаттандыру бағыттарында еңбек етуде. Сонымен қатар мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларға белсенді қатысып келеді.
Жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы жастар ата-анасының рұқсаты бойынша әрі ерікті түрде қабылданатындықтан көбіне аз қамтылған, көпбалалы, толық емес және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан жастарға басымдық берілетіндігін білдік. Бұл бағыттағы бос жұмыс орындары бойынша өтінімдер «Enbek.kz» порталы арқылы жолданды. Жұмыс уақыты еліміздегі еңбек заңнамасына сәйкес белгіленген. 14-16 жас аралығындағы сарбаздар күніне төрт сағат, 16-18 жас аралығындағы жастар алты сағат, ал 18-35 жас аралығындағы қатысушылар сегіз сағат еңбек етеді. Еңбекақы мөлшері де жас ерекшелігіне қарай төленетіндігі нақтыланған.
– Кіші топтағы жастарға 85 мың теңге, жоғары топтағы жастарға 127 мың теңге қарастырылып, оған міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдер енгізілген. Жоба жастарды еңбекке тәрбиелеумен қатар туған жерді көркейтуге, қоғамдық белсенділікті арттыруға және қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жастардың еңбек ету барысында қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл маңызды мәселе тиісті орындардың басты назарында. Жасақ қатысушылары зиянды немесе қауіпті жұмыстарға тартылмайды. Барлық жұмыс құқықтық құжаттардың негізінде үйлесімді ұйымдастырылады, – дейді жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Шыңғыс Әбілқасымұлы. – Қатысушылар арнайы киіммен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар қадағалаушы топ құрылып, жұмыс барысы тұрақты бақылауда ұсталады. Жастардың денсаулығы мен қауіпсіздігі бірінші орында болғандықтан, еңбек етуге қолайлы жағдай жасау жолға қойылған. «Жасыл ел» бағдарламасының тағылымдық мәніне тоқталсақ, бұл жоба тек еңбек маусымын қамтымайды, ең бастысы, үлкен тәрбие мектебі деуге толық негіз бар. Жастар еңбек арқылы жауапкершілікке, тәртіпке, ұйымшылдыққа үйренеді. Сонымен қатар үлкендерді құрметтеу, қоғаммен араласу, туған жерге жанашырлық таныту секілді құндылықтарды бойына сіңіреді.
«Ардагерлерді ардақтайық» атымен айына екі рет өткізілетін акциясы аясында сарбаздар қарттарға көмектесіп, тұрмыстық қолдау көрсетеді. Бұдан бөлек ынталандыру мақсатындағы түрлі тақырыптық семинарлар, спорттық жарыстар, мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылатын көрінеді. Жазғы маусым соңындағы жабылу салтанатында белсенді жастарды бағалы сыйлықтармен марапаттап, қосымша қаржылай қолдау көрсету жоспарланған. Рас, кез келген мемлекеттің басты байлығы да, қозғаушы күші де – оның халқы, ал сол халықтың болашағын айқындайтын – жастар.
Қазақстандық жеткіншектер – тек үміт артар ертеңі ғана емес, бүгінгі күннің де басты қозғаушы күшіне айналып үлгерді. Кейінгі буын өкілдері ақпараттық технологиялар заманында туып-өскендіктен көзқарасы кең, өзгеше ойлауға бейім, еркін пікірдің иелері. Олар әлемдік үрдістерді жылдам меңгеріп, жаңалықтарды өмірге енгізуге құштар. Жастар күші тек біліммен ғана шектелмейді, ол – үлкен әлеуметтік жауапкершілік. Мемлекетіміздің тұғырының биік, керегесінің кең болуы – тікелей жастардың еңбегі мен ізденісіне байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын».
Ендеше, жастарға сенім арту, олардың бойындағы күш-жігерді дұрыс арнаға бағыттау – мемлекеттің де, қоғамның да басты міндеті. Ел ертеңінің кілтін ұстаған бүгінгі жас буын міндеті мен жауапкершілігін терең сезініп, білімі мен қайратын тәуелсіз мемлекетіміздің игілігіне жұмсай бермек. Өйткені, жастардың күші – жарқын болашағымыздың кепілі. «Жасыл ел» жалпыұлттық жобасы соңғы жиырма бір жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл жастар арасындағы ең танымал бағдарламалардың бірі десем, қате емес. Бағдарлама аясында жас қазақстандықтар қалаларды көгалдандыруға қатысып, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға мол үлесін қосып келеді.
Сонымен қатар жоба еңбекке баулып қана қоймай, жастарды ортақ идеялар төңірегінде топтастырады. Жастардың еңбек жасақтары – экологиялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыруға, абаттандыруға, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған жалпыұлттық қозғалыс. Бұл еңбек маусымының ашылуы – жасампаз жастардың жыл сайын асыға күтетін ең маңызды оқиғалардың бірі. Олар белгілі бір мерзім аралығында табыс тауып қана қоймай, тәжірибе де жинайды, өз қабілеттерін ұштайды, жаңа мүмкіндіктерді ашады. Жасақтарды іріктеу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға өздерін көрсетуге, демалыс кезеңінде ақша табуына барынша көңіл бөленеді.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...




