Қаладағы балабақшаларда қазақ топтары неге аз?

«Тәрбие – тал бесіктен басталады», – деген аталы сөз бар. Баланың мінез-құлқы, дүниетанымы, қарым-қатынас мәдениеті мен білімге деген қызығушылығы, ең алдымен, отбасында қалыптасады. Десе де бала тәрбиесі – отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Отбасынан кейінгі тәрбиенің маңызды ортасы – балабақша. Балабақша – баланың жан-жақты дамуына ықпал ететін алғашқы білім мен тәрбиенің мәуелі мекені.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов

Баланың болашағын ойлаған әрбір ата-ана, ең алдымен, оның ана тілінде еркін сөйлеп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне жағдай жасауы қажет. «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді», – деп қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай айтқандай, бала өз ана тілінде білім алуы тиіс. Ұл-қыздарымыз болашақта ана тілін құрметтеп, өз елінің мәдениетін,тарихын бағалай алатын саналы азамат болып қалыптасуы үшін, мемлекеттік тілде жұмыс істейтін балабақшалар мен қазақ топтарын ашуға мән беру керек.

Петропавл қаласында бүгінгі таңда елу балабақша бар. Өкінішке қарай соның бесеуінде ғана балалар таза қазақ тілінде тәрбие алуда. Мектепке дейінгі білім мен тәрбие беруге маманданған жиырма бес орталық аралас тілде жұмыс істейді. Қазағынан орысы көп теріскей өңірдің бұл тілдік ахуалды одан бетер ушықтырып тұрғандай. Жыл сайын жаңа мектептер мен балабақшалар салынып жатса да, статистика көңіл көншітпейді. «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, сонда бұл мәселеде қазақ тілді балабақшалар мен топтар жетіспей ме, әлде ата-аналар немқұрайдылық танытып отыр ма деген сауал көңілде қылаң береді.

Бұрын бөбектерін қай тілде тәрбилейтініне қарамай жақын жердегі балабақшаға беруге дағдыланған көптеген ата-ана кейінгі кездері тек қазақ тіліндегі балабақша іздейтін болған. Жұмысшы кентінде тұратын ата-аналар былтырғы күзде осы шағын ауданда қазақ тілінде тәрбиелейтін ешқандай балабақша жоқ екенін айтып дабыл көтерген еді. Жұртшылықтың орынды сауалына жауап берген ресми орындар 220 мыңнан артық тұрғыны бар, оның ішінде отыз бес пайыздайын жергілікті ұлттың байырғы өкілдері құрайтын шаһарда тек бес балабақша мемлекеттік тілде тәрбие беретіндігін мәлімдеді.

«Солнышко», «Росинка» және «Гулливер» атты балабақшалардан қыркүйек айында қазақша білім мен тәрбие үйрететін жаңа топтар ашылғаны айтылды. Бұл құптарлық қадам ұзақ уақыт бойы қордалаған түйткілдің түйінін толық тарқатуға мүмкіндік бермейтіндігін биліктегілер мен бұқара білді. Дегенмен жергілікті құрылымдар желтоқсан айында ашылған 280 орындық балабақша бұл жағдайдан шығуға тетік ықпал ететіндігін мәселені шешуге айтарлықтай ықпал ететіндігіне сенім артқаны, әрине, рас. «Жас өркен» шағын ауданында уақыт ұзаған сайын түрлі әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алып, бірнешеуі былтырғы жылдың соңында ел игілігі үшін пайдалануға берілді.

Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев

– Солардың бірі де бірегейі заманауи үлгіде бой көтерген осы балабақша. 2017-2023 жылдар аралығында түрлі себептермен бюджет қаржысына облыс орталығында мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мақсатындағы арнайы нысан салынған жоқ. Соңғы екі жылда бұл іс қайта жанданып, үш жаңа ғимарат тұрғызылды. Бұл орталықта қазақ тілінде ұлттық тәрбие алатын бүлдіршіндер үшін барлық жағдай жасалған. Мемлекеттің жан-жақты қолдауы балалардың үйлесімді дамуына толыққанды кепілдік береді, – деді сәбилер үйінің ашылу салтанатына жиналған жұртшылықты құттықтап, жылы лебізін білдірген өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.

«Бірлік» шағын ауданында қайырымдылық қаржысы есебінен тоқсан, бұдан бөлек, «Береке» шағын ауданында бюджет қаражатына 140 орындық балабақша іске қосылған еді оның алдындағы жылы. «Жас өркендегі» ғимарат Президент тапсырмасы негізінде халыққа қайтарылған активтер есебінен бой көтерді. Ғауез Торсанұлы мемлекеттік қор мен қайтарылған қаражат есебінен өңірде жалпы құны 57,8 миллиард теңге болатын отыз сегіз жобаның жүзеге асып жатқанын жеткізді. Демек жаңа әлеуметтік нысандар халықтың тұрмысын жақсартуға сеп болмақ.

Сол кезде мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалардың үлесі 97,8 пайызды құрап, бұл көрсеткішті толық жүзге жеткізу міндеті тұрды. «Қазақстан халқына» қоры қаладағы тағы бір балабақшаның құрылысын қаржыландыруды қолға алып, Шоқан Уәлиханов көшесі бойындағы 280 балаға арналған ғимараттың іске қосылуын қалың қауым асыға күтті. «Жас өркендегі» жаңа балабақша құрылысын «Основание» серіктестігі жүргізді. Ғимараттың жалпы ауданы үш мың шаршы метрден асады. Мердігер жобаны бір жылдан аз мерзімде аяқтап, алдағы үш жылға кепілдік қызмет көрсету міндетін мойнына алғанын білдік.

– Қаладағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында бір жүз он үш қазақ, 268 орыс топтары жұмыс істейді. Чкалов-Уәлиханов көшелерінің қиылысындағы жаңа балабақшаны биыл ашу жоспарланған. Бұл мемлекеттік тілде оқытатын қосымша 12 топ ашуға мүмкіндік береді, – деді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева. Бірақ мектепке дейінгі білім мен тәрбие беретін мекемелерде қазақ топтарының елу пайызға да жетпегені көңілге қаяу түсіреді. Жақында қала тұрғыны Жұлдыз Ғазезова әлеуметтік желіде өткен жылы пайдалануға берілген «Береке» бөбекжай-бақшасында қазақ тобын ашу мәселесін көтерген болатын. Ана тілі мен ұрпақ болашағына алаңдаған 21 ата-ана қазақша топ ашу үшін облыс әкіміне хат жазып, қолдау сұраған.

– Біз балаларымыздың қазақша тәрбиеленгенін, білім алғанын қалаймыз. Сондықтан перзенттеріміздің ертеңгі күнін ойлап, аймақ басшысына өтініш білдірдік. Ата-аналардың өтініші ескеріліп, қазақ тобы ашылатын болды. Сөзіміздің далада қалмағанына қуандық. Бірақ қалада қазақ тілді балабақшалар аз. Кейбір ата-аналар амалсыз балаларын орыс топтарына бере салады. Тіл тағдырын ойласақ, мұндай қадамға бармау керек. Әр ұлт өз ана тілінде білім алуға, тәрбиеленуге, ойлауға құқылы, – дейді жоғарыдағы жазбаның авторы.

Қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту секторының әдіскері Сая Рахметованың сөзіне сүйенсек, Жұмысшы кентіндегі «Алақай», «Малыш» бала бақшаларындағы қазақ топтарына санаулы ата-ана ғана өтініш жазған. – Бір-екі баламен бір топты ұстау мүмкін емес. Негізі, қазақша топтар ақырындап көбейіп келеді. Алайда кейде қазақ тобын ашқанымызбен, бала жиналмайды, – дейді ол. Шаһар тұрғындары жыл сайын қазақ балабақша тапшы екеніне наразылықтарын білдіріп, басшыларға ұсыныстарын жолдаудан жалығар емес. Себебі олар қазақ балабақша болмағандықтан, баланы орыс тіліндегі оқыту мен тәрбиені еріксіз таңдауға мәжбүр.

– Балабақшадағы қазақ топтарында орын жоқ. Бәрі орысша. Баламды мемлекеттік тілдегі мектепке дейінгі білім мен тәрбие орталығына қуана апару арманым. Перзентіміз қазақ болып туғаннан кейін ана тілінде сауатын ашып, ұлттық салт-дәстүрлерді бойына сіңіруі қажет емес пе?, – деді шағымын айтқан ата-аналардың бірі. Петропавл балабақшаларында қазақ тіліндегі топтар жеткіліксіз екендігі рас. Былтыр қырық тоғыз балабақшаның тек төртеуі ғана толық мемлекеттік тілде қызмет көрсететіндігіне байланысты туындаған орынды дабыл беделді ақпарат құралдары арқылы кеңінен тараған еді.

Серік Мұхамедиев, шаһар басшысы ретінде, жергілікті тілшілермен арнайы кездесу ұйымдастырып, ресми форматта болмаса да көптің көкейіндегі сан сауалдарға жауап бергені бар. Журналистер әсіресе облыстан әрі асып, республикалық деңгейде жиі айтылып жүрген – қазақ тіліндегі балабақшалардың тапшылығын  қозғады. – Уәлиханов көшесінде құрылысы жаңадан басталған балабақшаның аралас болатындығы нақтыланған. Жас өркен ауданындағы сәбилер үйін толық жүз пайыз қазақшаға бейімдейміз. Мәселені шешу үшін облыстық білім басқармасымен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тілді меңгеру балабақшадан басталады. Әр балабақшада қазақ тобы болуы керек, – деді ол.

Тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен ғалымдар да аянып қалмады. Олар мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылуына, жастардың ана тіліне деген құрметінің артуына үлес қосты. Мәселен, кезінде жазушы Төлен Әбдік баласын қазақша мектепте оқыту үшін Алматының бір шетінен екінші қиырына тасыған екен. Қазақ тілі үшін күрескен қайраткерлердің жанкешті еңбегін ешнәрсемен салыстыруға келмейді. Әр қазақ отбасында ана тілге осындай жанашырлық пен құрмет болса ғанибет. Тілге деген махаббат бәрінен жоғары тұруы керек емес пе? Бір кездері тіл үшін күрескен ұлт қайраткерлерінің жанкешті еңбегін кейінгі буын өкілдерінің әсте ұмытып кетпегенін қалаймыз.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий